ҚАСИЕТТІ ИСЛАМ – ИМАНДЫЛЫҚ ҰЯСЫ

Ата-бабаларымыздың әлмисақтан бергі ұстанған қасиетті Ислам дінінің де көрмеген құқайы жоқ. Құдайсыздықты ту етіп, өздері де құдайдан безген Кеңес үкіметі, әуелі қасиетті дінімізді «апиын» деді. Одан қасиетті Құранымыз бен жайнамазымызды отқа жақты. Жамағаттың бас қосып мінәжат ететін мешіт үйлерін жұрттың көз алдында талқандады, өртеді. Елді имандылыққа шақырып, намаз оқып, ораза тұтқан діндар жандарды, жастарға ислам дінінен тәлім-тәрбие берген ишан-молдаларды атты, асты, Сібірге айдатып, тұқымдарын тұздай құртпақ болды.
Ғайыптан тайып Тәуелсіздігімізді алмағанда, ендігі кім боп кетерімізді бір Құдайым ғана біледі екен. Өзбекстан секілді мұсылмандығы мұқала қоймаған мемлекеттермен іргелес орналасқан Оңтүстік өңірлеріміз бен қазағы басымырақ Батыс аймақтардағы ахуалды, өзге ұлт өкілдері көп шоғырланған әсіресе Шығыс пен Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Көкшетау, Қостанай сынды өңірлермен салыстыруға мүлдем келмейтін.
«Заман солай, саясат солай болды» деп өзімізді-өзіміз қанша жерден жақауратсақ та, дәл тәуелсіздік алар тұстағы орыс ұлты басым өңірлердің бірі Шығыс Қазақстандағы мұсылмандықтың көрсеткішін «нөл» деп бағаласақ артық кетпеген болар едік.
«Шығыстағы наймандар орыстанып барады…»
Тәуелсіздігіміздің елең-алаң шағындағы Шығыс өңірінің діни ахуалын, сол кезеңде осы өңірге арнайы миссиямен келген дін өкілі Ибрагим қажы Қарнақбайұлына жолығып, сұрастырып көрген едік.
– Қажеке, өзіңізді Оңтүстік өңірінің тумасы деп естіген едім. Шығыс жеріне қашан, қандай жағдаймен келіп қалғансыз?
– Рас айтасыз, менің туып-өскен жерім – Оңтүстіктегі Кентау қаласы. Мектеп бітірген соң Өзбекстанның Бұхара қаласындағы «Мирараб» медресесінде жеті жыл оқып, «Имам Хатиф» деген дәрежесі бар диплом алып Алматыға келдім.
– Бұл қай жылдары еді?
– Бұл Кеңес Одағы әлі ыдырай қоймаған 1989 жыл болатын. Сол Кеңес Одағының тұсында Тәшкенде орналасқан Қазақстан және Орта Азия мұсылмандарының діни басқармасының әр Республикада қазияты, яғни филиалдары болған ғой. Қазақстандағы қазиатты дәл сол кезде Рәтбек қажы Нысанбайұлы басқарып отыр екен.
Біз Бұхарадан білім алған бірнеше жас шәкірт келген едік. Келе сала қалыптасқан жағдайға қаныққан соң, 1990 жылы Өзбекстанның ықпалынан тыс Қазақстан мұсылмандарының дербес діни басқармасын ашуға қол жеткіздік. Ол үшін Қазақстанның күллі мұсылман қауымының атынан көптеген дін және қоғам қайраткерлерінің қолы қойылған арнайы хат тікелей Кремльге жолданды. Осылайша, Қазақстан дінінің тәуелсіздігіне қол жеткізген едік.
Өз тізгіні өз қолына тиген ҚМДБ ендігі жерде барлық мүмкіндікті мүлт жібермей, қарқынды да қажырлы жұмыс істеуге кірісіп кетті. Басқарма шешімімен облыстарға имамдар тағайындалып жатты.
Бір күні «Бас мүфти шақырып жатыр» деген соң барсам, Рәтбек қажы бөлмесінде бір өзі ғана отыр екен. Мені көре сала:
– Кел, Ибрагим, кел, – деп орнынан түрегеп қарсы алды да, – Ибрагим, шырақ! Осы сенің елің найман екен ғой, ә? – деді таңданысын жасырмай.
Мен не дерімді білмей, сәл күмілжіп қалып едім, жауабымды күтпестен:
– Найман болсаң, қалың қоңырат пен дулаттың арасында қайдан жүрсің? – деді сөзін әзілге жығып.
– Иә, біз балталы-бағаналы найман боламыз. Аталарымыз ертеректегі бір дүрбелең шақта барып қалған ғой, – деп үлкендерден естігенімді түсіндірген боп жатырмын.
Сөзімді мұқият тыңдаған қажекең:
– Найманның Отаны Шығыста ғой. Өкінішке қарай, Шығыстағы сол қалың найман орыстанып барады. Солардың ары қарап кеткен бетін мұсылмандыққа бұруымыз керек. Мен сені сол өз еліңе бас имам етіп жібергелі отырмын, – деді…
– Шығысқа алғаш келгендегі діни ахуал қандай еді? Халықтың мінәжат етіп, былайғы уақытта бас қосатын орны бар ма екен? Кімдер, қалай қарсы алды?
– Ең алғаш Шығысқа келгенімде Өскемен деген қаланың қайда екенін де білмейтін едім. Рәтбек қажы әлгіндей шешім қабылдап, ұшаққа алдын ала билет алдырып қойған ғой. Қолымда екі чемоданым бар. Бірінде киім-кешек, әне-міне заттарым болса, екіншісінде аннан-мұннан жиған кітаптарым. Әуежайдан үш-төрт ақсақал қарсы алды.
– Олар неғылған ақсақалдар?
– Осы өңірдің қазақы аудандарынан көшіп келген, кезінде азды-көпті қызметте болған, сол кездегі басшыларды таниды дегендей. Солар қаншама жыл коммунистік партияның ықпалында болса да, жүректерінің түкпіріндегі иманын жоғалтпаған ағалар еді. Бұл күндері солардың барлығы да о дүниелік боп кетті.
Аштықтағы құйқаның дәмі ауыздан кетпейді
Әлі есімде, ол кісілер мына «Өскемен» қонақүйінің үшінші қабатынан 302 номерді бір айға деп ақшасын төлеп, әзірлеп қойған екен. Бөлмеде бір кереует пен үстелден басқа түк жоқ. Алла тағаланың құдіретін көрмейсіз бе, бір айға деп жалданған сол қонақүй бөлмесінде бақандай бір жыл тұрдым ғой. Тұрдым деген атым ғана. Анда-санда қонуға ғана келетінмін…
Осы бір жылда Шығыс Қазақстан облысының барлық аудандары мен қайсыбір шалғайдағы ауылдарына дейін аралап, Ислам дінінің насихатымен айналыстық. Сонда байқағаным, Кеңес үкіметінің 70 жылдан бергі «Дін – апиын», «Дін – ескіліктің қалдығы» деп тағысын-тағы сол секілді атеистік бағытта жүргізген үгіт-насихаты халқымыздың етін қойып, сүйегінен де өтіп кетіпті. Осындай не мұсылман емес, не кәпір емес, екі ортада дүбәра боп қалған қандастарымыздың көкірегіне қасиетті Ислам дінін ұялату оңайға соққан жоқ.
– Ол кезде Өскеменде мешіт үйі болып па еді?
– Ең басты мәселе де сол боп тұр ғой. Мешіт үйін қойып, бірге жүрген үш-төрт ақсақалмен намаз оқитын, не кең отырып кеңесіп, ақылдасатын жеріміз жоқ. Кейде ақсақалдардың бірінің үйінде бас қоссақ, келер жолы қонақүйдегі менің қуықтай бөлмеме келеміз.
Қазақта «Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпес» деген аталы сөз бар ғой. Біздің сол бір үйсіз-күйсіз тентіреп, ана есікті бір қағып, мына басшының алдына бір барып, қайсыбірінен сөз естіп, өзге ұлт өкілдерінің көзіне шыққан сүйелдей боп сүйкімсіз күй кешіп жүрген сол бір ұйқысыз түндеріміз бен күлкісіз күндеріміз, сірә да, естен кетпес деп ойлаймын.
– Иә, не нәрсеге болмасын шыдам мен табандылық қажет қой. Мешіт үйінің мәселесі неден, қалай басталды?
– Ол кезде ШҚО КП бірінші хатшысы Тутеволь деген кісі болатын. «Сарин деген орынбасары, Алматы жақтың азаматы» дегенді естідік. Содан Алматыдағыларға хабарласып, жағдайды мәлімдесек, сондағы бір жігіттердің әкесінің Саринмен құда-шатыс туыстығы бар боп шықты. Соны пайдаланып, басқарманың атынан қоңырау шалдырып, «Біздерді қабылдаса, болашақта ғимарат мәселесін шешіп беруге ықпал етсе» деген өтінішімізді жеткіздік…
«Бауырым деп қарсы алған бауырларға разымын…»
…Мешітке деп бөлінген төрт ғимараттың алғашқысы архивтің ғимараты болатын. Үш-төрт ақсақалымды ертіп, салып-ұрып жетіп бардық. Облыстық партия комитетінің қолы қойылған рұқсат қағазы қолымызда. «Барамыз да, аламыз!» деп жүрміз ғой баяғы.
– Содан, алдыңыздар ма?
– Қайдағы алған. Мен бұрын елден естуші едім, «Өскеменнің шовинист орыстары сұмдық болады» деп. Осы жолы соған әбден көзім жетті. Сол архивтің директоры бір орыс әйелі екен. Құдай салмасын, бізді көрген жерден көкке шапшыды. Не себеппен келгенімізді естігенде, құтырып кете жаздады. Мені қойшы, жаспын ғой, қасымдағы жасы әжептәуір ақсақалдардың өзін қарғап-сілеп, «кісімісің, итпісің» демеді.
«Жоғары жақтың қолы қойылған қағазы бар, міне» десек, тіптен өршеленіп:
– Мені тап осы жерде өлтіріп барып бір-ақ кіресіңдер бұл ғимаратқа! – деп қарадай сазарып-бозарып, жер тепкілеп тұрып алды.
– Сіздер қайттіңіздер?
– Қайтуші ек, ондай көкдолы адамға? «Обкомның бірінші хатшысының шешімі» дегенімізге пысқырып та қарамады… Қалай бардық, сол ізімізбен кері қайттық. Ғимаратты босатып бергенді қойып, табалдырығынан да аттатқан жоқ.
– Апыр-ай, шынымен де, қиын болған екен, иә?
– Айтпаңыз, тасып барған көңіліміз сап басылып, салымыз суға кетіп, Сариннің алдына қайта келдік. Сонымен архив ғимараты бізге бұйырмады. Одан кейін де үш-төрт жерде жүрдік көшіп-қонып.
– Қазіргі мешіт үйіне қалай қол жеткізіп жүрсіздер?
– Бұл да бір хикаясы толып жатқан ұзақ әңгіме. Шамам келгенше қысқартыңқырап айтып берейін. Ол кезде Ушанов, қазіргі Қазақстан көшесінің бойында қаладағы тарихи ескерткіш нысандары саналатын екі ғимарат бар болатын. Бір кездері екеуі де педучилище болған деседі. Соларды қайта-қайта облыс басшыларына айтып жүріп, №61 үйді мешітке беруге келісімдерін алдық.
Осы жерде мешіт үйіне деп сұраған ғимаратты бірауыз сөзге келместен мұсылман жамағатқа алып берген, сол кездегі облыс әкімі Қажымұрат Нағымановтай нар азаматымызға, жарықтық Төлеухан Қоғабаев бастаған, Қалибек Байсалбаев, Әубәкір Байбатшин, Мұхамед Шаяхметов, Оралбек Малдыбаев, Зәкім Өкпебаев, Шайкен Нұразханов, Фазыл Асанов, Құрмантай Байшалов сынды ел ақсақалдарына, сол мешіттің іші-сыртына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіздіріп, мешітке қажетті жиһаз, кілем, түрлі оқулықтар, тағы басқа дүние-мүліктерді алуымызға өз тараптарынан қол ұшын созған, сол тұстағы ТМК Президенті, жарықтық Бағдат Шаяхметов, Серік Тойбазаров, Болат Байшалов, Айтмұқан Құрманғалиев, Серік Ақтановтарға және тағы да басқа аттары аталмай қалған атпал азаматтарға алғысымыз шексіз екендігін айта кеткеніміз абзал.
– Бүгінгі жағдайды сонау 90-шы жылдармен салыстыруға келмейтін болар?
– Әрине, бұл жалғанда тыраштанып істеген ісіңнің, атқарған азды-көпті қызметіңнің нәтижесін көргенге не жетсін. Сол кездегі күн демей, түн демей, бірде аш, бірде тоқ, жаяу-жалпылай жүріп жүргізген үгіт-насихат жұмыстарының арқасында еліміздің Шығысына да имандылық ұя сала бастады. Қазір, Аллаға шүкір деп айтайық, кез келген ауылда үлкенді-кішілі мешіт үйлері бар. Біз жамағатты Ислам мәдениетіне тәрбиелеу жұмыстарын болашақта да үздіксіз жалғастыра береміз.
Ең алғаш осы елге екі чемоданмен келгенімде бөтенсімей, бауырым деп бауырына басқан Шығысыма дән ризамын.
Барша мұсылман қауымға ораза қабыл болсын демекпін.
Сұхбаттасқан – Серік Құсанбаев