Қоғам

Қарындасты қасқырға жем қылған қанды ғасыр

Тарихтың ақтаңдағы

Ашаршылық тақырыбы аз айтылып жатқан жоқ, алайда әлі де толық жауап ала алмай келеміз. Бір ғасыр бұрын бастан кешкен нәубетте аш-жалаңаш, үй-күйсіз қырылған қазақтың жартысы жер ауды, біреу баласынан айырылса, біреуі анасынан айырылды. Иә, қанша миллион халықты қырған, қанша халықты жер аударып, бостырған бұл алапат жылдар бәріміздің жадымызда.

Неге қазақтар бұл ашаршылықты өз тарихының басты тақырыбына айналдырмады? Зерттелмеген тың дүние баршылық емес пе? Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы 5 қаңтарда шыққан «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында бұл зұлмат кезең әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келеді деп көрсеткен. «Миллиондаған адамды қазаға ұшыратып, тірі қалғанын жан сауғалап босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі – 1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтті. Сол зұлматтың кесірінен қырылып қалмағанда, халқымыздың саны қазіргіден әлденеше есе көп болар еді. Тарихымыздың осы ақтаңдақ беттері әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келеді. Тіпті ғалымдардың арасында ашаршылық құрбандарының нақты саны туралы ортақ пайым жоқ. Ала-құла деректер және оның себеп-салдары жайлы әртүрлі көзқарастар қоғамды адастырады. Тиісті тарихи құжаттарды, жиналған мәліметтерді аса мұқият зерделеу керек», деді Мемлекет басшысы өз мақаласында.

Зобалаң жылдардағы аштық жайында жазылған шығармаларды оқып көрсеңіз, жан түршігеді. Мәселен, көрнекті ғалым Мекемтас Мырзахметовтің балалық шағы аштық жылдарымен тұспа-тұс келіпті. Анасы туралы жазылған естелігінде Мекемтас аға: «…Ашаршылық жылы сен үш жаста едің. Емшекте нәресте қызым бар. Аштықтан өлетін болған соң түс кезінде Кемербаcтаудағы жездем Құрманбектің үйіне қарай жолға шықтық. Сені қолыңнан жетелеп, қызымды бауырыма алып, аштықтан бұралып, әрең жүріп келемін. Жол өнбей, ауылға жақындаған шақта қас қарайып кетті. Сарттар еккен қауындыққа жеткенде ұялы қасқыр қамап, топырақ шашып, қаумалай бастады. Таяғымды көтеріп, айбат шеге айғайласам да, қаймығар емес. Есім шыға, не істерімді білмей ораулы қызымды жерге қойып, сені арқалап сытылып шықтым. Сол-ақ екен, топ қасқыр қызға қарай бас салды. Шар еткен нәрестенің даусын естідім… Тура осылай болғандығын шешемнің аузынан естігем. Біз атадан 17 едік. Кейін ашаршылық басталып, бірі cоғыста өліп, бірі «халық жауы» боп айдалып, ақырында үшеу-ақ қалдық. Егер соның он жетісі де тірі болғанда, бүгін санымыздың қанша болатынын Құдай білсін. Кейін бала боп үйдің бетін көрмей, ұзап кеткенімде анам қатты қиналса керек. Бір сөзінде «сол кезде қасқырға қызымды тастағанша, сені бермеппін…» дегені бар» дейді. («Ана тілі» газеті…) Ойлаңызшы, өз баласын өз қолымен қасқырдың жемі қылрған ананың одан кейінгі хәлі қандай болды екен… Бұл деректерді оқи отыра жаның қан жылап қала береді.

Гүлім Нұрланқызы

Осы айдарда

Back to top button