Қоғам

Қарын күреп, көмірін кіргізіп берді

Волонтер

Облыстық жастар ресурстық орталығы және волонтерлердің көмегімен 309 көмекке мұқтаж тұрғынның ауласының қары күреледі.
– «Қамқорлық бізден» акциясын жылда өткіземіз. Басты мақсат – ардагерлер мен жалғызбасты қарттарға қолғабыс көрсетіп, қар тазалауға көмектесу. Қардың қалың түсуі салдарынан жолдар қар құрсауында қалып қана қоймай, аула ішінде жүру қозғалысына да кедергі болатыны белгілі. Осы ретте, әр өңірде қар тазалау жұмыстарының маңызы зор. Жалпы біздің облыста жыл сайынғы қардың орташа түсу мөлшері 25 сантиметр, – дейді орталықтың маманы Еркежан Досмұхамбетова.
Шығыс Қазақстан облысы волонтерлерінің фронт-офисі бұл іс-шараны барлық қалалары мен аудандарында ұйымдастырған. Мәселен, Абай ауданындағы Абай колледжінің «Абай ұрпақтары» атты еріктілер тобы қолдарына күрек ұстап, қарттардың қарын күреп, көмірін тасып берді.
– Қазақ – қашанда үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсеткен халық. Ата-бабаларымыздың сара жолын жалғастырып, бүгінгі күні өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге көрсетіп, өмірден білген-түйгендерін жастарға үйретіп отырған осы ақ сақалды аталарымыз бен ақ жаулықты әжелеріміз. Сәйкесінше бүгінгі жас буын өкілдері де қолдан келген көмектерін аямауы керек, – дейді абайлық жастар.

Тасқын Болатұлы

Осы айдарда

Back to top button