Қоғам

Қарымды қаламгерге пәтер сыйлады

Ержан Әбіш

Аймақ басшысы Даниал Ахметовқарымды қаламгер, ақын, журналист, ұстаз, облыстың Құрметті азаматы, Жазушылар одағы өңірлік филиалының директоры Әлібек Қаңтарбаевты 75 жасқа толуымен құттықтап, мерейтой иесінің әдебиет пен публицистикаға қосқан өлшеусіз үлесін атап өтті.

– Сізді Шығыс жұрты ерекше құрметтейді. Елдегі қоғамдық-саяси маңызды оқиғаларға белсене қатысып, ой-пікіріңізді ашық білдіріп жүресіз. Ол – өте маңызды мәселе. Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры қызметін абыроймен атқара отырып, әдебиет саласындағы өңірлік бастамалар мен жобаларды іске асыруға қосқан елеулі үлесіңіз үшін сізге алғысымды білдіремін. Білім беру саласының үздігі, облыстың Құрметті азаматы атақтары мен марапаттарыңыз – мемлекеттің лайықты бағасы. Құрметті Әлеке, сізге зор денсаулық, отбасыңызға амандық, шығармашылық шабыт, мағыналы ғұмыр тілейміз! – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы туған күн иесіне пәтер кілтін табыстап, иығына жағалы тон жапты. Қаламгер облыс әкімі Даниал Ахметовке алғысын білдіріп, оны да өткен туған күнімен құттықтап, жаңа кітабы мен ақ түсті шапанды сыйға ұсынды.

Әлібек Қалиұлы жас ақын-жазушылар шығармаларын бағалау жөніндегі кеңесті де басқарып отыр. Бұл – ұрпақтар сабақтастығының айқын көрінісі. Жазушылар одағы өңірлік филиалының өкілдері ақын-жазушылар Әлібек Асқаров, Дәулеткерей Кәпұлы,  Мереке Құлкеновпен кездесу барысында жас таланттарды қолдаудың барлық мүмкіндіктері талқыланды.

– Бізде жуырда ғана екінші мәрте «Төр Алтай жырлайды» фестивалі өтіп, онда қырық шақты жас ақын-жазушы өз туындыларын көпшілікке тарту етті, кейбірі Жазушылар одағының мүшесі атанды. Мұндай іс-шаралар жаңа дарындарды анықтап, көпке танымал етеді. Сондай-ақ биыл Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына орай жазушының шығармаларын қайта басып шығармақпыз, – деді облыс әкімі.

«Ағажай, Алтайдай жер қайда», «Қыран ғұмыр» атты поэтикалық, «Сол бір кез есімде», «Армандастар» атты прозалық, «Алаш азаматы» атты проза-поэтикалық еңбектердің авторы Әлібек Қалиұлы 1947 жылдың 23 желтоқсанында Катонқарағай ауданының Топқайың ауылында дүниеге келген. 1970-1996 жылдар аралығында аудан мектептерінде ұстаздық етті. 1997 жылдан 2010 жылға дейін облыстық «Didar» газетінде қызмет атқарды.

Осы айдарда

Back to top button