Қарым-қабілеттерін аша түсті
Былтырдан бастап өңірдегі кәсіби-техникалық оқу орындары арасында «Жас көшбасшы жазғы мектебі» жобасы жүзеге асуда. Іс-шараны биыл Абай атындағы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжі өткізіп отыр.
Патриоттық, тарихи, экологиялық және спорттық-сауықтыру бағыттардан тұратын мектеп бағдарламасы көшбасшыларды даярлауды көздейді. Қатысушылар жоспарлауды және талдауды үйренеді, әлеуметтік дағдыларды игереді.
Биыл жазғы мектепке Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының 90 студенті қатысты. Іс-шара Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің Катонқарағай ауданы Свинчатка ауылындағы оқу-өндірістік базасында өтті.
Жазғы мектепте түрлі тренингтер, іскерлік және шығармашылық ойындар, практикалық сабақтар, пікірталас, спорттық жарыстар, туристік эстафеталар, экскурсиялар, алау жанындағы отырыстар мен концерттер ұйымдастырылды.
– Алғашқы күндері жастар бейімделуден өтті, – дейді колледж директоры Фархад Құрманов. – Бірнеше сабақтан кейін олар ашылып, өздерін сенімді сезіне бастады, көпшілік алдында сөйлеу қорқынышын жеңіп, жобаларын дәлелді қорғауды үйренді. Жаңа достар тапты.
Қатысушылардың айтуынша, мектеп оларға өз қабілеттерін ашуға мүмкіндік берді.
– Үйреншікті шеңберден шығуды, тәжірибе жасап, аналитикалық ойлауды меңгердік, – дейді Ақмарал Әбілмәжінова. – Өзімнің басым қасиеттерімді анықтап, сенімді бола түстім.
Ержан Кеңесұлы