Облыстық мәслихаттың сессиясыТОП

100-ге толған майдангерге «Құрметті азамат» атағы берілді

Ұлы Отан соғысының ардагері, биыл ғасыр белесін бағындырған семейлік қарт майдангер Әбдіғали Қаймолдинға «Шығыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы» атағы берілді. Бұл жөнінде облыстық мәслихаттың кезектен тыс алтыншы сессиясында айтылды.

Селекторлық режимде өткен сессияның жұмысына облыс әкімі Даниал Ахметов қатысты.

Әбдіғали Қаймолдин 1921 жылы 30 маусымда Семей облысы, Абыралы ауданы, Ұзынбұлақ ауылында дүниеге келген. 1942 жылдың 8 қаңтары мен жеңіс жалауы желбіреген 1945 жылдың 9 мамыры аралығында Воронеж, 1 Украина, Сталинград, Белоруссия майданындағы кескілескен ұрыстарға қатысқан. Бірнеше мәрте ауыр жараланса да, саптан шықпай, майдан даласына қайта оралып отырған. Неміс басқыншыларына қарсы ерлікке толы батыл қимылдары үшін «Бірінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы», «Қызыл жұлдыз» ордендерімен, «Кенисбергті азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін» және көптеген мерекелік медальдармен марапатталған.

Ол әскерден 1946 жылы елге оралып, 1947 жылы Семей ядролық сынақ полигонына қызметке шақырылады. Оның батальонын Мәскеудегі Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігінің ерекше бөліміне қарайтын Курчатов қаласына жібереді. Батальонның алдына қойылған міндет – ұзындығы 18 шақырымнан асатын жабық нысанның қауіпсіздігін қамтамасыз ету болды.

Бұл жерде 10 жыл қызмет еткен ол жалпы Кеңес Армиясының қатарында 15 жыл, партия-кеңес жұмысында 25 жыл қызмет етіп, 60 жасында құрметті еңбек демалысына шығады. Өмірлік зайыбы екеуі екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан бүгінде тоғыз немере, төрт шөбере сүйіп отырған бақытты қария.

Әбдіғали ақсақал ғасыр жасаса да, қоғамдық жұмыстардан қалыс қалған емес, ақсақалдар кеңесінің мүшесі. Өзінің бұрынғы ұжымымен, ҰҚК өңірлік департаментінің ардагерлер кеңесімен үнемі тығыз байланыста.

Сондай-ақ сессияның күн тәртібінде бұдан бөлек «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік наградаларымен наградтауға ұсынылатын тұлғалардың құжаттарын қарау жөніндегі комиссияның дербес құрамы туралы» облыстық мәслихаттың 2007 жылғы 10 сәуірдегі №22/363-ІІІ шешіміне өзгерістер енгізу туралы және «Шығыс Қазақстан облысы Курчатов қаласында 120 орындық «Тополек» балабақшасын қайта құру» мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобасы бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау туралы мәселелер қаралды.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button