Қоғам

Қарт Каспийден Мұзтауға дейін…

Сонау Қарт Каспийдің жағасы, киелі Маңғыстау жері мен Төр Алтайдың арасын жалғап жатқан 5 мың шақырымдық жолды басып өтіп,  шырайлы шығыс жері – Катонқарағайға батысқазақстандық веломарафоншы Раббим Борашов жетті.

62 жастағы марафоншының саяхаттың бұл түрімен  айналысып, оны өзіне ермек еткеніне азды-көпті жеті жыл болыпты. Алғашында алыс-жақын сапарларға джип-турлар арқылы қатысып келгендігін, ал соңғы екі-үш жылдың ішінде шайтан арбаны тізгіндеп, велосаяхатқа көшіп, ұлан-байтақ еліміздің, қалаберді Памирді, Өзбекстан мен Қырғызстанның небір көрікті мекендерін аралап қайтқандығын айтады ол.

Осы жолғы саяхатында марафоншы Маңғыстаудан шығып, Торғай даласы мен Сарыарқаның атырабын басып өтіп, шығысқа жетіп, Катонқарағайда  Төр Алтайдың алтын тәжі – қасиетті Мұзтаудың етегіне   дейін жетуді мақсат етіп отыр. Сапарға шыққанына  бір айдың жүзі болыпты.

– Былтыр Маңғыстау мұнайының игерілгеніне 60 жыл толуының   құрметіне Маңғыстау өңірін аралап, 950 шақырымдай жол жүріп өттім.  Ол сапарым бір айға жуық уақытқа созылды.  Бүгін

де барлық жүріп өткен жолымды санасам,  алты мың шақырым  болып қалыпты.  Жүріп өткен жолымды  «Релайф»  деген арнайы  бағдарлама арқылы есептеп шығаруға болады.

Катонқарағай   ауданындағы соңғы нүктем   – Берел, ары қарай Қаракөлге жетіп, одан ары  Мұзтаудың бауырына дейін жету.  Оған велосипедпен баруға мүмкіндік жоқ, Қаракөлден ары  атпен шығамын деп отырмын.

Күніне  шамамен 100 шақырым жүріп келемін.  Негізі тегіс жерлерде,  желдің бағыты дұрыс болса,  күніне 100 шақырымнан да  асыруға болады. Ал осындай таулы аймақтарда жылдам жүре алмайсың. Шамамен  80 шақырым  жүріп отырасың.

Әдетте, мен жолға   таңғы салқынмен  шығамын. Түс  әлетінде бір  демалып, кешкісін  салқын түскенде, сапарымды қайта жалғастырамын. Жанымда жұбайым Айзада мен кенже ұлым Данышпан еріп келеді. Олар менің артымнан көлікпен жүріп отыр.  Астымдағы   велосипед осындай алыс жолдарға арналған, өзі ыңғайлы, сапасы да жақсы. Осы сапарға, көріп тұрғандарыңыздай,  арнайы футболка жасаттым. Бұнда менің  сапарымның картасы  бейнеленген.  Алтай –  бұл қазақтың төрі ғой бұл. Бұндағы  жерасты мен үстіндегі қазынасы қазақтың байлығы.   Сол арқылы  қазақты әлемге паш етіп отыр.

Сапарымыз ойдағыдай,  сәтімен өтуде. Тоқтаған жердің бәрінде ағайын бар ықылас-ынтасымен қонақжайлығын көрсетіп, құрметін  танытуда. Оларға алғыстан басқа айтар сөз жоқ, – дейді марафоншы.

Төр Алтайдағы сапарын аяқтаған соң Раббим Борашев  біраз демалыс алуды, кейіннен  Жаңа Қазақстанның жаңадан ашылған облыстарына саяхат жасауды  жоспарлап отырғандығын айтады. Сол сияқты Түркістан өңірі, Алматы облысына қарасты бұрынғы Қапшағай, қазіргі Қонаев қаласына баруды марафоншы мақсат етуде.

– Түбінде Қазақстанның барлық жерін аралап қайтқым келеді. Маңғыстауда да әлі аяғым баспаған  жерлер бар. Соған барамын.   Халқымызға бірлік тілеймін. Көптеген қиындықтан өттік қой, ең керегі татулық пен бірлік екен.  Президент саясаты оңынан туып, көптеген өзгерістер болып жатыр. Солар халыққа жақсылық әкеледі деген үмітіміз бар.   Катонқарағайдың  туризмнің үлкен бір кластері болуға  мүмкіндігі бар. Өзгерістерді әлден көріп жатырмыз. Осы жолда аудандарыңызға бар жақсылықты, толайым табыс тілеймін, – дейді велосаяхатшы Раббим Борашев.

Раббим Борашев Маңғыстаудың тумасы болғанымен, шығыс өңірімен етен байланысы бар. Әуелі ол Өскемендегі бұрынғы құрылыс-жол институның түлегі, екіншіден, оның жұбайы Айзада ауданымыздың тумасы, атап айтқанда, Катонқарағай ауылында дүниеге келген. Марафоншы зейнетке дейін ұзақ жылдар құрылыс саласында еңбек еткен, «Қазақстанның құрметті құрылысшысы» атағы да бар. Бүгінде жеке кәсіпкерлікпен айналысады екен. Өзінің туған өңірінде бес мектеп, бір бассейн салып, елдің құрметіне  бөленген жан.

Тимур Смағұлов, Катонқарағай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button