Тылсым дүние

ҚАРТ ЕМЕННІҢ ҚАСИЕТІ

Алты жыл бұрын жол апатына ұшыраған Алданыш –  о дүниенің босағасынан сығалап қайтқан. Күлдей боп күлдірей сынған аяқ-қол мен жамбасты айтпағанда, мойын омыртқасы үзіліп кете жаздап,  қайта құдай сақтады. Облыстық аурухананың жансақтау бөлімінде 12 күн ес-түссіз жатып, ел үмітін үзе бастағанда ғана кірпігі қимылдаған. Кейін Алматының білікті  дәрігерлері: «Бел омыртқаға тиген соққыдан жүйке тамырлар жаншылған. Енді өз аяғыңызбен жүріп-тұруыңыз, әй, неғайбіл-ау!» – деп, қорытынды шығарған.

Иә, ол бір өң мен түстің, өлім мен өмірдің арасында өткен арпалысқа толы күндер еді-ау. Таң атса күн батпай, күн батса таң атпай, қаншама таңды көзімен атырғаны да жадында. Бір ғажабы – бұл жансақтау бөлімінде ес-түссіз жатқан уақытта түс көреді. Түсінде әлдебір саз батпаққа батып бара жатқан жерінен бір жылан құтқарып қалады. Жылан болғанда, бұрын-соңды есітіп-көрмеген, ұзындығы төрт-бес құлаштай, кішігірім айдаһарға парапар аппақ жылан.

– Е-е, тәйірі, «түс дегенің түлкінің боғы емес пе?» – деген де, қойған.

Төсек тартып жатқанына бес жыл өткенде бала күнгі досы іздеп келіп, Жетісу өңіріндегі әлдебір бақсыға алып барған. Кескен теректей болған мұны көлденеңінен жатқызып қойып әрі-бері үшкіріп, отпен аластап, әлдебір жындарымен тілдесіп, өз-өзімен арпалысқан бақсы бір кезде тұрған орнына сылқ етіп құлап түсті.

Есін жиғанында айтқаны: – Алданыштың арғы аталарының бірінде ерекше қасиет болған көрінеді. Оның көзі тірісіндегі қолдаушысы да, сыйынған пірі де пәленше дейтін жердегі, түгленше деген қасиетті бастаудың басында өсіп тұрған, жуандығы алты құлаш қарт еменді мекендейтін ақ жылан екен. Бұл енді, сол  еменнің түбіне барып түнеуі керек. Түнегенде, ол жылан «Кім көрінген түнеді екен» деп, жоғарыдағы інінен төмен түспейтін көрінеді.  Ал, ғайыптан тайып түсе қалса, барған адам қандай дертінен болмасын құлантаза айығып кетеді-мыс…

– Нансаң да, нанбасаң да осы – дегендей, бақсы бұған ежірейіп бір қарайды. Көңіл түкпірінде бір үміттің сәулесі жылт ете қалған жолушылар көп ойланбастан, келесі күні көз байлана иен таудың қойнауындағы бастауға жетіп жығылған. Бастаудың маңы құлаққа ұрған танадай, өлі тыныштық. Не жүгірген тышқан болмаса шиқ еткен бір торғай түссеші көздеріне. Кәрі еменнің бұтағына байланған ақтықтың көптігінде де есеп жоқ… Бастау басындағы қимыл-қарекеттерінің барлығы дерлік бақсының айтқанынан шыққан жоқ.

…Үшінші түні таң алдында көзі ілініп кеткен екен, аяғының мұздап  бара жатқанынан оянды. Досы бұлақтан әрменірек, көлікте жатқан-ды.

Не де болса, шыдау керек. Аяғынан бастап жоғары қарай оралып келе жатқан, жуандығы білектей аппақ жыланды бұрын түсінде көргендіктен бе болмаса бақсының жетесіне жеткізіп айтқан кеңесі ме, әйтеуір бұл тырп еткен жоқ, тіпті қорықпады да. Ақ жыланның жайлап келіп алқымына оралғаны есінде…

  …Оянса, таң атыпты. Әуелі, неше жылдан бері сал боп қалған аяқтарын қозғап көрген.

О, тоба! Жан бар секілді… Бір ғажабы, мұның санасындағы «мүгедек едім-ау» деген ұғым, ұшты-күйлі жоқ. Екі қолымен жерге таянып, ептеп бойын тіктеп отырды. Осы кезде көк желкесінен бастап, табанына дейін бүкіл жұлын-жүйе, омыртқаларынан ток жүріп өткендей, солқ ете қалды…

…Өз көзіне өзі сенбей, жығыла-сүріне жеткен досы, тұруға талпынып жатқан Алданышты сүйей берді…

            Серік ҚҰСАНБАЕВ

Осы айдарда

Back to top button