Қаржы вице-министрінің қатысуымен салық реформасы талқыланды

ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов еліміздің салық жүйесін реформалауға қатысты сұрақтарды талқылап, қосымша ұсыныс-пікірлерін тыңдау мақсатында облыс кәсіпкерлерімен кездесті.
Жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов өңірдегі білікті сарапшылар мен бизнес өкілдерінің қатысуымен өткен басқосу кәсіпкерлікке тосқауыл болмайтын және бюджеттің тұрақты түсімін қамтамасыз ететін оңтайлы шешім қабылдауға бағытталғанын айтты.
Айта кетейік, қосылған құн салығы (ҚҚС) — бұл тауарлар мен қызметтерді өндіру және сату кезінде қосылған құнға салынатын салық. Бұл салық түрі көптеген елдерде кеңінен қолданылады және мемлекеттік бюджеттің маңызды кіріс көздерінің бірі болып саналады. Елімізде де ҚҚС мемлекет қаржысын толықтыру үшін негізгі құралдардың бірі ретінде қызмет атқарады.
Мақсат – бюджет кірісін ұлғайту
Бүгінгі күні қосылған құн салығы бойынша Үкімет салалар бойынша саралаумен ҚҚС-ның базалық мөлшерлемесін ұлғайтуды ұсынып отырғаны белгілі. Қазір ҚҚС-ның ағымдағы мөлшері 12%. Сарапшылардың сөзінше, бұл әлемдегі ең төменгі көрсеткіштердің бірі. Енді Салық кодексіне енгізілетін өзгерістер бойынша, жалпыға бірдей белгіленген мөлшерлеме – 16%, аралық мөлшерлеме – 10% болса, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер бұл салықтан босатылмақ.
Сарапшылардың пікірінше, ҚҚС мөлшерін арттырудың басты маңызы — мемлекеттік бюджетке түсетін кірістің ұлғаюы. Қосылған құн салығы экономиканың барлық саласында жиналатындықтан, оның өсуі арқылы мемлекет өзінің қаржылық жағдайын нығайта алады. Артық салық түсімдері әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландыруға, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға және басқа да мемлекет үшін маңызды салаларға жұмсалмақ. Бұл маңызды қадам бюджеттің мұнайдан түсетін өзгермелі кірістеріне тәуелділігін азайтуға мүмкіндік береді.
ҚҚС мөлшерін арттыру әлеуметтік теңсіздікті төмендетуге ықпал етуі мүмкін. Бұл салықтың үлкен көлемін жоғары табысы бар адамдар төлейтіні белгілі. Мемлекет ҚҚС-тың белгілі бір бөлігін әл-ауқаты төмен азаматтарға арналған әлеуметтік төлемдер мен көмек көрсету үшін пайдалана алады. Осылайша, қосылған құн салығын арттыру арқылы қоғамның әлсіз топтарын қолдау шаралары да күшейтілмек.
Вице-министрдің сөзінше, қосымша құн салығы бойынша есепке қою шегін қолданыстағы 80 млн теңгеден 15 млн теңгеге дейін төмендету ұсынылуда. Өйткені, қазір кәсіпорындардың тек 4%-ы ғана ҚҚС төлейді. Бизнес салықтан жалтару үшін бөлшектенеді.
Сонымен қатар арнайы салық режимі мен бөлшек сауда салығын өзгерту жоспарланып отырғаны айтылды.
Қазіргі уақытта қолданыстағы оңайлатылған декларация жүйесі 180 миллион теңгеге дейін жылдық кірісті, 30 адамға дейін қызметкерлер санын және 2% мөлшерлемені көздейді. Сондай-ақ, ресми түрде бөлшек сауда салығы болды, ол айналымы жылына 2,4 миллиард теңгеге дейінгі, қызметкерлер саны бойынша шектеусіз және мәслихаттардың шешімімен 4% мөлшерлемені екі есе төмендету мүмкіндігімен бизнесті қамтыды.
Енді осы екі режимді оңайлатылған декларацияның бірыңғай форматына біріктіру жоспарлануда, бұл ретте табыстың жоғарғы шегі сақталады – ол шамамен 2,4 миллиард теңгені құрайды.
Салық кірістерін ұлғайту мәселесі алдағы реформа шеңберіндегі талқылаудың негізгі тақырыптарының бірі болмақ.
— Бюджетке түсетін түсімдердің өсуі мемлекет алдында тұрған даму міндеттерін шешуге, Ұлттық қордан түсетін трансферттерге тәуелділікті азайтуға, мемлекеттік қарыздар мен оған жұмсалатын шығындарды төмендетуге мүмкіндік береді. Алайда, осы мақсаттарға жету үшін салық саясатының инвестициялық климатқа әсері, компаниялардың бәсекеге қабілеттілігі және экономикалық өсу сияқты бірнеше факторды ескеру қажет. Еліміздегі салық жүйесі жаңғыртуды қажет етеді, бірақ бұл процесс бизнестің дамуына нұқсан келтірмей және экономиканың бәсекеге қабілеттілігін сақтайтындай болуы тиіс, —деді ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов.
Оның айтуынша, ҚҚС шегін төмендету салық төлеушілер санын шамамен 200-300 мың субъектіге арттырады.
Тағы бір атап өтерлік жайт, шағын азық-түлік дүкендері, сауда орындары арнайы режимде жұмыс жасайтындықтан, олар ҚҚС төлемейді.
Мемлекет пен кәсіпкерлердің бірлескен әрекеті маңызды
Жиында кәсіпкерлер ҚҚС өсімі тек бизнеске ғана емес, тұтынушыға да салмақ түсіруі мүмкін екенін айтты. Дегенмен, вице-министр салық реформасын жетілдіру барлық мүдделі тараптың пікірлерін ескере отырып жүргізілетінін мәлімдеді.
— Жалпы қосылған құн салығының күрт көтерілуі кәсіпкерлердің қалтасына ғана емес, тұтынушыға да әсер ететіні сөзсіз. Себебі, біз елге қызмет көрсетеміз. Сондықтан, ҚҚС өсімі туралы асығыс шешім қабылдамай, ары қарай қарастырып, әлі де талқылап, кәсіпкерлердің ойларын біліп бір шешімге келу керек деп ойлаймын, — дейді «National Energy Group» ЖШС директоры Эльмира Шаймарданова.
Кәсіпкерлердің пікірінше, ҚҚС мөлшерінің өсуі олар үшін қиындық туғызуы мүмкін. Себебі, тауарлар мен қызметтерге қосымша салық төлеу бизнес шығындарын арттырады. Кәсіпкерлер тауар мен қызмет бағаларын көтеруге мәжбүр болатындықтан, бұл салықты көбінесе тұтынушы көтереді. Бұл, өз кезегінде, кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін төмендетуі мүмкін. Дегенмен, мемлекет кәсіпкерлерге жеңілдіктер мен қолдау шараларын ұсынуы арқылы осы теріс әсерді азайта алады.
— Жиында салық реформасы жан-жақты талқыланды. Қосылған құн салығын көтеру себебін бір шетінен түсінуге де болады. Өйткені, болашақты да ойлау керекпіз. Біз ауылшаруашылығы саласымен айналысушыларға үлкен қолдау көрсетіліп, жеңілдік берілген. Яғни, ауылшаруашылығы өнімін өндіруші кәсіпорындар бұл салықтан толық босатылып отыр. Өзге салаларға біршама әсерін тигізуі мүмкін. Дегенмен, бұл еліміз үшін маңызды шаралардың бірі, — деді «Бұқтырма уылдырық шашу-өсіру шаруашылығы» ЖШС директоры Сымбат Әнуарбеков.
Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмриннің пікірінше, қосылған құн салығы бойынша тіркеу шегінің жоғары болуына байланысты кәсіпкерлер бизнесін бөлшектеп, салық төлеуден жалтарады. Соның салдарынан мемлекет жыл сайын шамамен 800 млрд теңге көлемінде табыстан айырылады. Яғни, кей кәсіпкерлер қосылған құн салығынан жалтару үшін бизнесті бірнеше ұсақ құрылымға бөледі. Мысалы, ірі кәсіпорын иесі оны бірнеше жауапкершілігі шектеулі серіктестік ретінде бөліп тастайды. Салдарынан бюджетке түсетін қаражат азаяды. Әділ бәсекелестік заңдылығы бұзылады. Мұндай схема ел экономикасына үлкен шығын келтіруде.
Мемлекет пен кәсіпкерлердің бірлескен әрекеті маңызды. Егер бизнес салық әділеттілігін қолдамаса, мемлекеттік органдар көлеңкелі экономиканы жоюда толық нәтижеге жете алмайды.
Салық реформасын іске асыру кезінде ел бюджетіне түсетін салық түсімдері жыл сайын 4-5 трлн теңгеге артады деп болжанып отыр. Бұл қаражат Ұлттық қорға тәуелділікті азайтуға, мемлекеттік қарыз деңгейін төмендетуге, инвестициялық жобаларды қолдауға, даму институттарын, агроөнеркәсіп кешенін, қорғаныс саласын нығайтуға, өңдеуші саланы дамытуға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын және жылу-энергетика жүйесін жаңғыртуға бағытталмақ.
Айта кетсек, Үкіметтің салық реформасы жөніндегі бастамасын өңірлік бизнес-қауымдастықтармен талқылау үшін алты арнайы топ құрылып, қаржы және экономика саласының басшылары барлық өңірдегі кәсіпкерлермен және сарапшылармен жүздесуде. Нәтижесінде айтылған ой-пікірлер ескеріліп, түзетулер пакеті Парламенттің қарауына жіберіледі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл нақты шешім қабылдануға тиіс.
Айжанат Бақытқызы