(Шартты сурет)
– Ең басты назар аударатын нәрсе – қаржы жүйесімен айналысуға Ұлттық банктен лицензиясы бар ма? Егер сізге қандай да бір ресми құжат көрсетсе де, қайталап тексеріп алыңыз. Кейбір компания әділет басқармасында тіркелген куәлігін көрсетеді. Лицензиясы жоқ компанияларға ақша салмаған жөн, – дейді экономист Мақсат Халық.
Оның айтуынша, отандық компания болса, ақшаның біраз бөлігін қайтарып алуға және алаяқтарға жаза қолдануға мүмкіндік бар. Ал шетелдіктерден ақша қайтарып алу қиын әрі құзыретті органдар оларды жазалауға қауқарсыз.
– Компанияның құрылған уақытына мән беріңіз. Жаңа ашылған болса, бірден күмәнмен қараңыз. Алаяқ қаржы компаниялары «аз уақыт ішінде екі есе табыс табасыз және ештеңені тәуекелге тікпейсіз» деп сендіруге тырысады. Ал шынайылары қандай нәрсені жоғалтып алуыңыз мүмкін екенін, қандай тәуекелге барып тұрғаныңызды бірден ескертеді, – деді Мақсат Халық.
Тағы бір күмәнді қылық – инвестиция салу мүмкіндігіне ие болу үшін сізден алдын ала төлем беруді талап етеді. Ақша қолдарына тие салысымен алаяқтар із-түссіз жоғалып кетеді.
– Егер компания сіздің ақшаңызды жоғары табысты кәсіпорындарға инвестициялайды деп мәлімдесе, онысын дәлелдейтін құжаттарды талап етіңіз. Әдетте 100 пайыз ондай құжаты болмайды. Демек, сіздің алдыңызда нағыз алаяқ тұр, – дейді экономист.
Дайындаған – Тасқын Болатұлы