Қоғам

ҚАРИЯЛАРЫМЫЗ ҮЛГІ КӨРСЕТІП ЖҮР

«Қарты бар үйдің – қазынасы бар» – деген сөз қазақ халқының аузында бекер айтылмаған. Осылайша, еліміз ежелден бері қарт адамдарды пір тұтып, асыл қазынаға теңеп, қадірлеген. Бүгінгі күні де бұл дәстүр жалғасын тауып, әр отбасы үйдің үлкен адамын  құрметтеп отыр.

Осы қарттарымыз егемен ел атануымызға қаншама еңбек етіп, тер төгіп өз үлестерін қосты. Бүгінде тәуелсіз мемлекетте өмір сүріп, кеңінен аяқ басып жүргеніміз үшін алғысым шексіз!

Көп жасаған қария,

 Ақылы теңіз-дария.

Көп өнеге сөзі бар,

  Сөзі-соқпақ, өзі нәр.

 Ата салты-ардақты,

 Әрбір сөзі-салмақты.

Сол сөздерді ұқпасаң

Тістерсің бір күн бармақты, – демекші қарияларымызды барында бағалап, қадірлей білейік.

Қазіргі кезде Президентіміздің қолдауымен жасы келген адамдарға көңіл аударып, мемлекет тарапынан жан-жақты бағытта біршама қамқорлық жасап, көмек көрсетілуде.

Солардың бірі – «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің жұмысын атауға болады. Бұл ұйым мүшелігіне барлық зейнет жасындағы қарияларымыз жатады. Ұйымның негізгі міндеті – ардагерлердің материалдық, әлеуметтік жағдайларын жақсарту үшін жан-жақты қолдау жасап, қолғабыс ету. Тек мұнымен ғана шектелмей, зейнеткерлердің өнер, қолөнер бағытында, әртүрлі спорттық іс-шараларда да өздерінің шеберліктері мен өнерлерін көрсету мүмкіндігі де бар.

Біздің Жарма аудандық ардагерлер ұйымының да алған белестері көптен-көп. Ұйым мүшелері күміс көмей әнші Галиева Үмітжан апайдан, ардагер ұстаз, әрі ауданымыздың беткеұстар ақыны Жұмабақыт Толышқызынан, спорт шеберлері Касенов Даулет пен Мусин Бекқазыдан, медицина, білім, мемлекеттік қызметте істеген зейнеткерлерден тұрады. Ал осы ұйымның төрағасы –  ардагер ұстаз, ауданымыздың дамуына өзіндік еңбегін сіңірген құрметті азамат Нұрлыбек Есполов. Ол өңіріміздің әр зейнеткері кәрілік кезеңінің бір ырғақта болуын қаламайды. Сондықтан да әрдайым олардың көңілі көтеріліп, белсенділігін арттыру үшін, денсаулықтарын нығайту мақсатында әртүрлі сайыстар мен спорттық іс-шаралар ұйымдастыруда белсенділік танытады.  Ардагерлеріміздің ауыл мен аудандық қана емес, облыс, республика көлемінде алған белестері баршылық. Сөйтіп, олар жастарымызға үлгі-өнеге көрсетіп жүр.

Ақмарал Серікболқызы, жас маман

Осы айдарда

Back to top button