Қоғам

Қарияларға қолғабыс етті

Азамат Темірбеков

«Қайырымдылық істер марафоны» аясында абайлық оқушылар мен студенттер қариялардың аулаларын тазартып, отын-суларын дайындап берді.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асқан жалпыұлттық жоба аясында Абай ауданының орта білім беретін мектептері мен аграрлық колледждерінің студенттері жерлестеріне қолұшын созды. Осындай игі істердің бірін Қарауыл гимназиясының ұстазы Айзат Түңлікбаева ұйымдастырып, оқушыларымен бірге қарт адамдардың үйлеріне барып, бақшасына, ауласына тазалық жұмыстарын жүргізді.

Бұдан бөлек, аталмыш жұмыстарға «Абай колледжінің» еріктілері де араласты.  Сондай-ақ акцияға Тоқтамыс ауылдық округіндегі Жұбан Молдағалиев атындағы орта мектебінің, Архат, Қасқабұлақ ауылдарындағы орта білім ордаларының оқушылары атсалысып, қариялар мен жалғызбасты адамдардың қысқы мал азығын дайындауына, аулаларын тазартуына, отын-суын дайындауына қолғабыс етті.

Ал «Ұлттық қайырымдылық күні» қарсаңында аудан орталығындағы жалпы орта білім беретін мектептің ұжымы Жидебайға барып, ұлылар жатқан киелі топырақтың тазалығын сақтау мақсатында сенбілік жасап қайтты.

Осы айдарда

Back to top button