ҚоғамТОП

Қарғын су қайта-қайта мазалап тұр

Қазгидрометтің өңірлік филиалындағы мамандардың айтуынша, 26-29 наурыз аралығында күн күрт жылынып, кейбір аудандарда жаңбыр жауады. Қар лезде еріп жатыр, сондықтан өзендер арнасынан асуы ықтимал. Дегенмен дәл қазір құтқарушылар да қол қусырып отырған жоқ. Қарғын су сәл «қарқын» алса болды іске көшіп, қауіптің алдын алып жатыр.

Жалпы, аймақтағы су тасқынына байланысты жағдай жергілікті билік пен құтқарушылардың жіті бақылауында екенін айта кеткен жөн. Қауіптің алдын алуға бағытталған шаралар жер-жерде жүргізіліп жатыр.

Айталық, Алтай ауданына жіберілген әскери қызметшілер үш ауылда профилактикалық жұмыс жүргізді. Бұл жөнінде Төтенше жағдайлар министрлігі де мәлімдеме жасады.

«Сағат 09.00-ден 17.00-ге дейін Алтай қаласында, Зубовск, Малеевск кенттерінде №68303 әскери бөлім қызметкерлерінің күшімен су тасқынының алдын алу шаралары жүргізілді. 12 су өткізгіш құбыр мен 60 метр арық жүйесі тазартылды», – деп хабарлады Төтенше жағдай министрлігі.

Бұл күні әскери қызметшілер өзендерді барлап, су деңгейіне де мониторинг жүргізген.

Ал Үлбі өзені бойында орналасқан елді мекендерге су жайылып кетпес үшін жергілікті атқарушы орган өкілдері жағалауды тас топырақпен бекітті. Оған қоса Бұқтырма және Уба өзендерінде жалпы ауданы 29376 шаршы метр мұз ұсақталды.

– Мұзды босатып, сеңді қозғау үшін жарылыс жұмыстарын жүргіземіз. Қауіптің алдын алудың бір жолы осы, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қуатбек Кенжебекұлы.

Сондай-ақ Күршім ауданының Маралды ауылында суағарлар тазаланды. Бұл жұмысқа сарбаздар қолғабыс етті.

«Маралды ауылындағы арықтарды қардан тазартып, арнасын кеңейтуге №68303 әскери бөлімінің 25 сарбазы жұмылдырылды», – деп хабарлады аудан әкімдігі.

Дәл қазір қарғын су Шемонаиха ауданын «мазалай» бастады. Ішкі саясат бөлімінің ақпаратына сүйенсек, Убинка ауылының Абай көшесіне су жүгіріп, жолдағы құбырды шайып кеткен. Дегенмен тұрғын үйлерге төніп тұрған қауіп жоқ, жайдақ су Уба өзеніне қарай жылыстап ағып жатыр.

– Еріген қар суы өзенге құяр кезде елді мекен арқылы да өтеді. Мәселен, Убинка ауылында қарғын су арықтардан өтіп, Уба өзенінің арнасына қосылып жатыр. Бұл ауыл жағалау бойында орналасқанын ұмытпаған жөн, – деп мәлімдеді Шемонаиха ауданының ішкі саясат бөлімінің мамандары.

Мамандар су азайғаннан кейін жол учаскесі мен су өткізгіш құбыр қайта қалыпқа келеді деп сеніммен айтты.

Риддер әкімдігі де су тасқынына байланысты жағдайды бақылауда ұстап отыр. Қаладағы арықтардың жалпы ұзындығы 9,5 шақырым болса, бүгінде 8,5 шақырым арық тазартылды. 70 су өткізгіш құбырдың 53-і кез келген жағдайға дайын.

«Профилактикалық жұмыстарға мердігерлік коммуналдық ұйымның және «Риддер Водоканал» мекемесінің техникалары жұмылдырылған. Қала басшысы аумақты күн сайын аралайды. Су тасқынына байланысты жағдай жіті бақылауда, жұмыс жалғасады», – деп түсіндірді Риддер әкімдігінен.

Тарбағатайда облыстық маңызы бар көлік жолына су жүгірді. Қарғын су Ақсуат – Бәкей – Қарасу – Ақжар жолының учаскесі арқылы (101-102 км) республикалық маңызы бар Омбы – Майқапшағай жолына жайылып жатыр.

«ОблШығысЖол» ЖШС-нің ақпаратына сүйенсек, көлік қозғалысы тоқтаған жоқ.

«Елді мекендерге де қауіп төніп тұрған жоқ. Профилактикалық жұмыстар жүргізіліп жатыр», – делінген хабарламада.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мен жергілікті атқарушы орган өкілдері де арнайы техникамен іске кірісті.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті ұсынған соңғы ақпараттарға сүйенсек, жергілікті атқарушы органдар мен құтқарушылар су тасқынына қарсы дайындықты күшейтті. Жалпы ұзындығы 365,8 шақырым болатын  427 арық, 133,4 шақырымдық 71 канал, көлік жолының өзегіндегі 3 552 су өткізгіш құбыр және теміржолдағы 90 су өткізгіш құбыр және 447 көпір тазартылды. Өңір көлемінде 365 мың текше метр қар шығарылған.

«Өзендерде 201 796 шаршы метр аумақта 15 рет мұз жару жұмыстары жүргізілді. Халықты су тасқыны кезеңіне дайындау мақсатында 149 елді мекенде 270-тен астам рейд жасалып, 20 мыңнан астам адам қамтылды. Жергілікті атқарушы органдар жалпы сыйымдылығы 17 мың адамды қамтитын 153 уақытша орналастыру пунктін әзірледі», – деп хабарлады облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Осы айдарда

Back to top button