Қоғам

Қарауыз

Байға жалданып мал бағып, бала-шағасының ризығын тауып жүрген Қадыр шопанның бүгін түнде тағы бір қойы ұшты-күйлі жоғалды. Ұры түскен болуы керек. Өткен жолы да сөйткен. Арамтамақ екі иттен қайыр жоқ, ас ішіп, аяқ босатқанды ғана біледі…

Табыс әкеледі деп күтіп отырған әйел-баласын ойласа жүрегі сыздап кетеді. Қайтсін, сараң бай ұрланған бірнеше малдың құнын мойнына қоятынын біледі. Қалың ойға қамалған малшы қойды жақын маңға иіріп, ас ішуге үйне кірді. Алдынан баласы жүгіріп шықты. Жүзі бал-бұл жанып, қуанып тұр.

– Әке, жүріңіз, сізге көрсетер сыйым бар, – деп сыртқа ерте жөнелді.

Толық салынып бітпеген көмір қораға кіріп келген әкесі өз көзіне өзі сенбей таңырқап қалды. Аяғы тарбиған, басы қазандай қазақы төбеттің күшігін жеті жасар баласының қыңыр аңшы Серіктен қалай сұрап алғанына таң. Десе де іштей қуанып тұр…

Уақыт сырғып өтіп жатты. Кешегі томпаңдаған күшік тайыншадай төбетке айналды. Ұры-қарыдан зәтте болған шопанның да ұйқысы тыныш, Қарауызға әбден сеніп алған. Итқұстың да аяғы сиреді. Иесі қасында жүрмесе де малдың соңынан қалмай, өріске бірге барып, бірге келеді.

Бір қызығы неге екені белгісіз сараң байды көрсе Қарауыздың қаны қарайып, сайтаны ұстайды. Бір жолы байға тарпа бас салғанда біраз адам жиылып әрең ажыратып алғаны бар еді. Итекеш ит те адамның жақсы, жаманын білетіндей.

Кешқұрым кез еді. Малды үйге қарай беттетіп келе жатқан Қадыр шопанның құлағына дүңк еткен мылтықтың дауысы естілді. Үріккен қой жан-жаққа дүркірей қашты. Осындай кезде бір жағына шығысатын Қарауыз да көрінбейді.

– Қарауыз! Қарауыз! Дәл керек кезде қайда жоғалып кетті-ей… деп бытырай қашқан қойды жинаумен әуреленген қойшы бір сәт атының басын кілт тартып, тоқтай қалды. Жүрегі бір жамандықты сезгендей. Астындағы Көкқасқасын тебініп жіберіп төбенің басына көтерілгені сол еді сонадай жердегі қарағайлы сайдың түбінде қарайғанға көзі түсті. Желе-шауып жетіп келсе, баласы сыйлаған жан серігі, адал досы оқ тескен өкпесі сырылдап жатыр. Жәудіреген жанарында қимастық бар. Қадыр шопан итінің басын құшақтап отыра кетті. Енді оның ертеңгі күні не болмақ….

Дидар Ерболатқызы, студент

Осы айдарда

Back to top button