ТОП

Қарақол су қоймасының құрылысы қашан бітеді?

Кеңес өкіметі кезінде жартылай салынып, толық аяқталмай қалған Қарақол су қоймасының қашан іске қосылатыны белгісіз. Он жыл бұрын қолға алынған жобалық-сметалық құжаты да орта жолда қалған. Қойма өңірде өсірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерін арттыруға септігін тигізер еді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында осы мәселеге ерекше көңіл бөліп: «Технологиялық тұрғыдан ескірген суару жүйесі үлкен кедергі келтіріп отыр. Судың 40 пайызы далаға кетіп жататын кездері болады. Онсыз да су тапшылығының зардабын тартып отырған еліміз бұған жол бере алмайды» деген.

Ауданда екі ірі су қоймасы, 19 өзен, 23 магистральды тоған бар. Бұлақты алқаптар көп, суландыру жүйесі жақсы дамыған.

Сыйымдылығы 31 миллион текше метр Егінсу және 55 миллион текше метр Қарақол су қоймаларының жағдайы қалай? Егін және көкөніс алқаптарын суландыру қалай жүзеге асуда?

– Егінсу су қоймасы үш жыл бұрын күрделі жөнделген. Бұл су қоймасынан қауіп жоқ. Кезінде бөлінген 1 миллиард 613 миллион теңге толық игерілген. Жұмысты Зайсан қаласының «СМУ-Шығыс» серіктестігі атқарған. Қойманың су мөлшерін өлшеу, су жіберу жабдықтары автоматтандырылған. Осы қоймадан шығатын 23 шақырымдық Қасқа магистральды каналының суы біраз елді мекеннің егістігін, көкөніс алқаптарын, бақшаларын суарады. Суаратын  аумағы – 2622 гектар. Толық қуатында іске аспай келе жатқаны – Қарақол су қоймасы. Кеңес өкіметі тұсында 60 пайызға істеліп, аяқталмай қалған. Су қоймасының тек дамбы, туннельдік суағары ғана салынған. 2012 жылы «ПТИ-Пищепром» серіктестігі жобалық-сметалық құжаттарын толық іске асырмай, тастап кеткен. Біздің жүзеге асыратын ірі жұмысымыз – осы, – дейді «ҚазСуШар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Үржар өндірістік учаскесінің басшысы Еркін Ғабдулмулинов.

Қусақ өзенінен шығатын Бұрған магистральды каналы 15 шақырымға, осы өзеннің тағы бір Тастоған каналы 25 шақырымға жетеді. Келдімұрат өзенінен шығатын Ақтоған тоғаны 16 шақырымға созылған. Бұл тоғандардың суландыратын аумағы – 5 мың гектар. Қаншама шаруашылық осы тоғандардың суын керегінше жаратуда. Өңір жұрты су тапшылығын көрген емес.

Президент «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты 2019 жылғы Жолдауында: «Біз суармалы жер көлемін кезең-кезеңмен 2030 жылға қарай 3 миллион гектарға дейін ұлғайтуымыз керек. Бұл ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 4,5 есе арттыруға мүмкіндік береді» деген болатын. Осыған орай ауданда атқарылар жұмыс баршылық.

– Алакөл жағасындағы Қарабұта және тауға жақын орналасқан Көктерек ауылдық округтерінде су қоймаларын салуды жоспарлап отырмыз, – дейді Еркін Кәкенұлы.

Ауданның суландыру жүйесінде 25 адам жұмыс істейді. Олардың көбі тәжірибесі мол, білікті мамандар.

Бейсенғазы Ұлықбек

Үржар ауданы.

 

Осы айдарда

Back to top button