ТОПҰлттық рухани жаңғыру

ҚАРА ЖОЛДЫҢ БОЙЫНАН БОЙ КӨТЕРГЕН АҚ КҮМБЕЗ

Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, қазақ қара сөзінің дарабозы атанып, есімі алты Алашқа мәшһүр ардақтылар қатарына енген, қалың оқырманның шынайы ықыласына бөленген ұлт жазушысы Қабдеш Жұмаділов өткен жылы пандемиядан бір апта ғана ауырып, өмірден өткен болатын.

Сексен бес жасына он тоғыз күн-ақ күн жетпей дүниеден өткен Қабекеңнің қазасына иісі қазақ қабырғасы қайыса қайғырды. Қазақ әдебиеті өзінің үлкен сөз зергерінен айырылды. Алаш жұрты «Алланың ісіне шара бар ма?!» деп отбасын сабырға жеңдіріп, орны толмас қайғысына көңіл айтты. Өмір барда, өлім де барын әр кез есте сақтаған қаламгер көзінің тірісінде үлкен ұлы Арманға: «Егер олай-бұлай болып кетсем, осы жерге қойыңдар», – деп өзі туып-өскен Тарбағатай тауының бір қапталы, жолаушылар күні-түні тоқтаусыз ағылып жататын Алматы – Зайсан, Үржар – Шәуешекке баратын жол айрығындағы Қоңыртөбені көрсетіп кеткен көрінеді. Аманатқа қиянат жасамайтын салтпен өсиеті орындалып, айтқан орны, көрсеткен жеріне қойылды.

Қабаң қайтқаннан кейін көп ұзамай «Қабдеш Жұмаділов атында қоғамдық қор» құрылып, ұзақ жылдан қаламгердің қадірлес-сыйласы, туған бауырындай болып кеткен Ұлықпан Сыдықов қордың төрағасы боп сайланған. Артынша жазушы, халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты Ғалым Қалибекұлы, Сиязбек Рақышұлы және Үржар ауданының әкімі Нұржан Тоқсейітов қатарлы азаматтардан жетекші топ құрылып, жазушының кесенесін көтеру мақсатында іске кіріскен. Бастамашы топтың ұйымдастыруымен Маңғыстаудың ақ мәрмәр тасынан сәулетті де еңселі күмбез тұрғызу келісілген. Құрылыстың материалдық жағын Әсет Ұлықпанұлы, Сиязбек Рақышұлы, Ерлан Шүкеев бастаған бір топ қаржыгер бастан-аяқ қадағалап, қыста тоқтап қалған құрылыс жұмыстарын күн жылыған кезде жалғастырған болатын. Кесененің ойдағыдай салынып біткені және тамыздың 22-сі күні ашылу рәсімі өтетіндігін қор жетекшісі хабарлап елге жария еткесін, Семей қаласынан бір топ өнер және қоғам қайраткері жолға шықтық. Межелі жерге таяғанда бұл жолда бұрын-соңды болмаған ақ күмбез көзімізге шалынды. Осы өңірде бала жасынан ойы мен қырына қанығып өскен Құсекең (ақын Құсмила ) «Келіп қалдық, әне Қабаңның ақ күмбезі!» – деді, жақындаған сайын биіктеп, күн нұрына шағылысып жарқырай тұтас көріне бастаған кесенені нұсқап. Алыстан менмұндалаған ақ күмбез Қабдештей тұғыры биік тұлғаға ғана көрсетілетін құрмет екендігін және оның атына сай сәулет болып шыққандығын паш еткендей екен. Келген бойда біз ақ күмбездің қабырғаларын сипап, Қабаң жатқан топыраққа қолымызды тигізіп, марқұмның аруағына бағыштап аят оқыдық. Маңғыстаудың ақ тасынан, қарақалпақстандық құрылысшы туыстардың өнерімен ою-өрнектеліп жасалған әсем архитектуралық сәулетті күмбездің биіктігі 15 метр болса, ішкі аумағы 16 қанатты қазақ киіз үйінің кеңдігінен де аумақты дөңгеленіп келген. Кесене айналасы тегіс өңделіп, оюланған металл шарбақтармен қоршалыпты. Ай маңдайлы Қабекеңнің келісті бейнесі қара мәрмәр тасқа қашалып салынып, зиярат ете келген жандармен үнсіз тілдескендей. Екінші бір мәрмәр тасқа Қабдеш өмір бойы екі империя қыспағында, тағдыры тәлкекке ұшырап, азап тауқыметін тарта жүріп алған атағы: «Мен «Ұлтшыл!» деген атағымды бәрінен биік қоямын!» деген сөзі жазылған. Қарымды қаламгердің бұл сөзі бүгінгі ұрпақ пен келер ұрпаққа ұлтыңнан қымбат қадір тұтар асылың жоқ, ұлты құрыған елдің өзі де құриды, ұлтын сақтай білген елдің өзі тарихта жоғалмайтынын өсиет етіп тұрғандай. Кесене айналасына отыратын орындық орнатылып, жасыл шырша өскіндері отырғызылып, жолаушылардың түсіп, тәу етуі үшін арнайы жағдай жасалған. Жолаушыларға таныс әрі айқын болу үшін бұрынғы «92-шақырым» орнына, жол-қатынас басқармасының келісім беруімен заңдастырылып, тіркеліп «Қабдеш бекеті» деген атау беріліп, жол бойына айшықтап тұрып жазғызып қойыпты.

Бір кездері қалың оқырман құмарлана оқыған Қабдештей суреткердің «Соңғы көшінде» негізгі тақырып ел тағдыры болса, Мемлекеттік сыйлыққа ие еткен «Тағдырда» ел мен жер тағдыры қамтылған.

Ақын Алмас Ахметбекұлы: «Дарабозды жазған соң Қабекең қасқайып биіктеп кетті. Маңдайы жарқырап, өзін өр рухпен ұстайтындығы айналасына анық байқалғандай еді. Сөйтсек, Қабанбайды ойлап, Қабанбайша ойлап, Қабанбайды сомдап, өңінде де, түсінде де «Қабанбайлап» жүрген Қабекеңе аруақ қонған екен ғой. Семсер сөзі жарқ етіп, кез келген сәтте кесіп түсетін тұсы осы кезден басталғандай еді….» – дейді.

Қабанбайдың рухымен апталған Қабекеңді ойға алғанда, кесене қасындағы «Қабдеш бекеті» деген атауды, ақын Құсмила Жырғалыұлы: «Қабдеш ата бекеті» деп өзгертсе, атау айтуға да, естуге де, құрмет етуге де жағымды болар еді», – деген ой айтты.

Кесененің ашылу салтанатынан соң біздер ат басын Қабекеңнің ақ күмбезінен тай шаптырым жерде Қарақол өзенінің аңғарын мекен еткен Таскескен ауылына бұрдық. Кезінде іргесі өсіп, дәулеті тасып, екі беткейге жайылған ел әлі де өз мекенінде баршылық көрінді.

Таскескен тарихына үңілгенде топырағы құнарлы, жері киелі бұл жерде қазақтың Найман тайпасынан шығып, тұлпар мініп, ту алған, елін жаудан қорғаған Ақтамберді жырау мен Қытай түрмесінде қырық жыл отырып, айрықша дарыны мен қажыр-қайратының арқасында небір жан төзгісіз азаптарға мойымай «Қылмыс» атты алты томдық роман жазған Қажығұмар Шабданұлының осы жерде туғандығы еске түседі. Осындағы Ақтамберді атындағы орта мектептің болуы кездейсоқтық емес десіп келеміз.

Бізді жиылған топтың ішінен дараланып, аудан әкімі Нұржан Тоқсейітов пен Қанағат Шарахмет екеуі қарсы алды, қонақүй бөлмелеріне жайғастық.       Түнімен жан-жақтан келіп жатқандар баршылық болды. Қабаңның жары Сәуле жеңгеміз, балалары Арман, Дәрмен, Дәулет, Ерке, Қабаңның бауырлары Ерлан, Еркіндер келді. Тек АҚШ-тағы Жәнібегі келе алмапты.

Алматыдан қоғамдық қордың төрағасы Ұлықпан Сыдықов бастаған Армиябек Сағындықұлы, ақын Алмас Ахметбекұлы, Ғалым Қалибекұлы, Несіпбек Айтов, Бауыржан Жақып бастаған ақын, жазушы, өнер қайраткерлері астанадан, Зайсан, Көкпекті, Аягөзден ат сабылтып келіп жатты.

Тамыздың 20-сы күні сағат 11-де қалың жұртшылық Қабаңның басына тұрғызылған ақ күмбездің маңына жиылды. «Қ.Жұмаділов қоғамдық қорының» төрағасы Ұлықпан Сыдықұлы сөз сөйлеп ашылу рәсімін жасаған соң, әр тараптан келген дуалы ауыз ақсақалдар бата беріп, аудан имамы құран бағыштады. Бұдан кейін Таскескен мәдениет үйінде Қабаңды еске алуға арналған ас беріліп, шара барысында кесене құрылысына еңбек сіңіргендерге қордың алғыс хаты мен марапаттары берілді.

Аудан әкімі Нұржан Тілеужанұлы ерен еңбек көрсеткен Әсет, Ерлан, Сиязбек, Ғалым, тағы басқа азаматтарға ауданның «Абырой» атты төсбелгісін тапсырды. Ұлтының ұлағатты ұлы Қабдеш Жұмаділовтің азаматтық тұлғасын еске алуда Парламент Мәжілісінің депутаты ақын Қазбек Иса:

– Біз қазақтың ұлы жазушылары Мұхтар Әуезовті, Сәбит Мұқановты көрген жоқпыз… Бірақ Мұхтар Әуезовтің өзі болмаса да көзіндей, бізге тастап кеткен сөзіндей, тұлғасы да ұқсас Қабдеш Жұмаділовті көрдік. Дәмдес, сапарлас болдық деп мақтанамыз. Абайдың асқақтаған ескерткіші Алтайдың төрінде, Өскемен қаласында бой көтергенде, қазақ ақын-жазушыларын өзі бастап келген Қабаң: «Шығысқа ұлттық рух келді! Ұлы Абай келді!» – деп толғана, тебірене сөйлеп еді. 2019 жылғы қырқүйекте елордамызда өткен ұлан-асыр тойдың көркін кіргізіп, үш күн бойы дүркіретіп жіберген де қазақтың дарабоз жазушысы Қабдеш ағамыз болды. Ол әлемді билеген Шыңғысханның ешқандай да моңғол емес, қазақ екенін, сондықтан оны өзіміз ашық иемденуіміз керек екендігін айта кеп, «Моңғолдарға рақмет!» деп салды», – деп өткен күндерден азын-аулақ естелік айтып өтті.

Сахнада сөз алған Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Несіпбек Айтұлы Қабдеш ағамыздың қазақ тарихында сирек кездесетін сөз өнеріндегі биік тұлға екендігін, ұлт, жер, тіл мәселесі жайында сөз қозғалған жерлерде жоғарғы биліктен тартынып көрмеген өжеттігін айта келіп, «Амал қанша, Қабаң біздің көш бастаған көсеміміз еді», – деп өз өкінішін білдірді.

«Хабар» арнасының директоры Берік Уәли, Абай облысы әкімі атынан ішкі саясат басқармасының басшысы Айдар Садырбай сөз алса, Қазақстан Жазушылар одағы атынан сөз сөйлеген Бауыржан Жақып бүгінгі қазақ әдебиетін Қабдеш Жұмаділовсіз елестету мүмкін емес дей келе, арнау өлеңін оқыды.

«Тағдыр тамыршысы» атанған Қабдеш Жұмаділов әдебиеттің есігін өлеңмен ашып, прозаның төрінен орын алды.       Оның арқалап келген рухани жүгі арғы беттің қазынасынан болды. Қабдеш көрген-білгенін өз романдарында сарқып берді. Қабаң бұл жақтағы қазаққа көмескі, мәлім емес халық тағдырының Қытай империясы қыспағындағы кезеңдерін танытты. Қабаңдай ұлт жазушысының қандай іске болмасын қазақтың көзімен, қазақтың мүддесімен қарайтын ерекшелігі сөйлеушілер жағынан еске алынып жатты.

Еске алу соңы жергілікті көркемөнерпаздардың концертіне ұласып, орталық кафеде хатым түсіріліп, бата берілді. Қабаңның өмірлік серігі Сәуле жеңгеміз бен үлкен ұлы Арман халыққа ризашылықтарын білдіріп, сый-сияпаттарын көрсетті.

Өзі өлсе де, сөзі өлмейтініне сенімді Қабдеш Жұмаділов:       «Түбі жазғандарымның жерде қалмайтынына сенемін. Кейде өзің үшін жазатын да кез болады. «Осы мәселе көтерілген жылдарда Жұмаділов өмір сүріп еді ғой, не деп үн қосты екен?» деп біреулер сұрайтын сияқты. Кейінгі ұрпақ ақтаратын болса, ақиқатын тауып алатындай боп көрінеді», – деген толғамы ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың «Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін…» дегенімен үндеседі.

Заңғар жазушының аруағына тағзым ете келген жұртшылық «Оның ұлттық рухы ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, «Қабдеш бекеті» деген атаумен күнде ағылып өтіп жатқан халқының жүрегінде мәңгі жасай береді!» десіп ризалықпен тарқасты.

Мұхаметқазы Мұхамедиұлы,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button