Қоғам

Қант сыртқа сатылмайды

Шығыс Қазақстаннан Еуразиялық Экономикалық Одақ елдеріне қант экспорттауға тыйым салынды.

Мемлекеттік кірістер департаменті басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Руслан Нұрлыбеков «Еуразиялық Экономикалық Одақ туралы» келісімшартқа сай, Кеден Одағы елдері арасында тауарлар кедендік декларациялаусыз еркін айналымда жүруі тиіс екенін айтады. Алайда еліміздің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кейбір тауар түрлерін тасымалдауға тыйым салынған немесе шектеу қойылған.

– Биыл мамыр айының төрті күні Ауыл шаруашылығы министрлігі ел аумағынан ақ қант пен оның шикізатын сыртқа тасымалдауды алты ай мерзімге шектеді, – дейді Руслан Нұрлыбеков.

Департамент өкілінің айтуынша, бұған дейін ел аумағынан ірі қараны, қой мен ешкіні, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің бағамы бойынша есептелген он мың АҚШ долларынан асатын шетелдік валюта мен ақша құралдарын шығаруға алты айға тыйым салынған болатын.

Тағы бір айта кетерлік жайт, өткен аптада автокөлікпен  бензин, дизель отынын және жағармайлардан бөлек, мұнай өнімдерінің кейбір түрлерін тасымалдауға қойылған шектеулер алынып тасталды. Ал жетінші маусымнан бастап ағаш материалдарының кейбір түрлерін тасымалдауға салынған шектеулер алынып тасталатын болады.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button