Облыс орталығында алаяқ әйел жүзден астам адамды қант сатам деп алдап, олардан жиналған 90 миллион теңгеден астам қаражатты қалтасына басқан. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Өскемен қаласының 29 жастағы тұрғыны соңғы кездегі қант төңірегінде қалыптасқан дүрбелеңді жағдайын жақсартып алу үшін өз мақсатына «сәтті» пайдаланбақ болған. Алаяқ әйел әлеуметтік желілер арқылы қантты «сатқанымен», алайда ол тәтті тауар үшін ақы алып, оны ешкімге жеткізбеген. Бұл фактіні Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті растады.
– Ағымдағы жылғы 16 шілдеде қаладағы Үлбі полиция бөліміне зардап шегушіден Өскемен қаласының 29 жастағы тұрғыны қант жеткізу сылтауымен ақша қаражатын иемденгені туралы шағым келіп түсті. Күдікті сол күні ақ қолға түсті. Алайда оның қарауында кәмелетке толмаған екі баласы болғандықтан, қамауға алынбады. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы, 3-бөлігімен (“Алаяқтық”) сотқа дейінгі тергеу басталды. Бүгінгі таңда бір аптаның ішінде оған алданғандар саны жүзден асып кетті, бұл цифр әлі де өзгеруі мүмкін. Бұл әйелге қатысты келу міндеттемесі түрінде бұлтартпау шарасы қабылданды, қазір тергеу жүріп жатыр, – деді қалыптасқан жағдайды түсіндірген облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Татьяна Карпова.
Баспасөз қызметіндегілердің айтуынша, қаржылай ірі көлемде алаяқтық жасаған күдікті, бұған дейін айтылғандай, OLX қосымшасын пайдаланбаған, әуелгіде ол көшеде бір-екі қап қант сату арқылы алушылардың сеніміне кірген. Солайша, тұрғындардың өздері арқылы жалған ақпарат таратқан. Оған қалалықтардың сеніп қалғаны соншалық, өскемендік бір тұрғын оның шотына қант алу үшін 4 млн. 700 мың теңгесін толық аударып жіберген.
– Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде, ақша аудару фактілерін анықтау үшін банктерге тиісті сұраулар жолданды. Осы рәсімдерден кейін күдіктіге қатысты түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады, – деп нақтылады облыстық полиция департаментіндегілер.
Айта кетейік, егер күдіктінің кінәсі дәлелденсе, онда ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы, 3-бөлігінің санкциясына сәйкес ол мүлкін тәркілеумен жеті жылға дейін бас бостандығын шектеуМен, сол мерзімге дейін бас бостандығынан айыруға жазалануы мүмкін.
Дәурен Аллабергенұлы