Қоғам

Қаңғыбас иттерді енді атуға болмайды

Итті халқымыз «жеті қазынаның бірі» деп қастерлеген. Сал-серілеріміз төрт аяқты достарын кейбір бай-манаптардан артық санап, төрге отырғызғанын көркем әдебиеттерден білеміз. Алайда адамның досы саналатын осы жануардың кейде адам баласына шабуылдап, әсіресе балалардың өміріне қауіп төндіретінін ұмытпауымыз керек.

Өткен жылдың 16 желтоқсанында облыс орталығының маңындағы орман шаруашылығы шағын ауданында болған қайғылы оқиғаны ешкім әлі ұмыта қойған жоқ. Қараусыз жүрген ит аулада кішкентай қызды талап тастады. Содан кейін-ақ қоғамда қаңғыбас, бұралқы иттермен күрес неге өз деңгейінде жүргізілмейді деген әлеуметтік мәселе ширыға түсті.

Аймақтық коммуникациялар қызметі орталығында өткен баспасөз мәслихатында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы эпизоотияға қарсы іс-шаралар бөлімінің басшысы Мелис Қайнұлдаев қаңғыбас иттерді ұстау мен олармен күрес туралы айтып берді.

– Егер былтыр желтоқсанда болған оқиғаға қайта оралар болсақ, сол жолы 80 бастай қаңғыбас ит ұсталып, көздері жойылды. Бір итті қуып жүріп, ұстау үшін кем дегенде үш сағаттай уақытымыз кетеді. Өздеріңізге белгілі, ол шағын ауданда саяжайлар көп, маңында қоқыс тастайтын жер бар. Саяжайшылар көктемде ит асырап алады да, күзде қалаға қайтқан кезде, қараусыз тастап кетеді. Пәтерлерінде ит ұстағысы келмейді.  Осы жерде айтарым – адамдардың сана-сезімі өзгермей, қолындағы жануар үшін жауапкершіліктері оянбай, бұл мәселеде ешқандай ілгерілеу болмайды. Қасқыр сияқты жыртқыш болмаса, иттер қаңғыбас болмауы керек, о баста олардың әрқайсысының қожайыны болды ғой. Келесі көктемге дейін айдалаға бос қоя бермей, иттері үшін жауап берулері тиіс, – дейді Мелис Қайнұлдаұлы.

Мысалы, дамыған елдерде қаңғыбас иттермен күресу үшін арнайы ереже қабылдап, шара қолданады. АҚШ-та бүкіл итті қадағалау қағидасы 1976 жылы бекітіліп қойған және ол тұрғындардың бәріне ортақ. Оларда қаңғып жүрген иттерді мамандар ұстап алып, тексеріп, ауруы болса емдеп, көше кезіп жүрген жануарларға арналған баспаналарға тапсырады. Сол жерден полицияның көмегі арқылы иттердің қожайындары іздестіріліп, қолдарына табысталады. Ал Германияда «Жануарлар құқығы» деп аталатын арнайы қабылданған заң бар. Неміс халқы осындай заңды алғашқылардың бірі болып бекіткен (2002 жылы қабылдаған). Бұл мемлекетте әр жануарға жауапкершілікпен қарамаған қожайындар әкімшілік жазаға тартылып, айыппұл арқалайды екен. Егер олар итті көшеге қараусыз шығарып тастаса, 25 мың евро көлемінде айыппұл төлейді.

Елімізде 2022 жылдың 2 наурызында жануарлар мен адамдардың қарым-қатынасын реттейтін ҚР-ның «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңы өз күшіне енді. Заңға сәйкес алдағы уақытта қаңғыбас жануарларды атуға, оларға зиян келтіруге тыйым салынады.

– Бұрынғы құжатта бір ғана бағдарлама болса, енді жеті бағдарламаны орындауымыз керек. Қазір олардың барлығы әзірленіп жатыр, жыл соңына дейін жүзеге асатын болады. Енді қаңғыбас жануарларды атуға болмайды, ұстағаннан кейін оларды уақытша баспанаға орналастырып, екі-үш күн күтіп, екпесін салып, қажет болса, стерилизация жасап, қайтадан бостандыққа қоя беруге тиіспіз. 2023 жылдың бірінші қыркүйегінен бастап үй жануарларының қожайындары иттерін есепке қоюы керек, – деп нақтылады бөлім басшысы.

Түсінгеніміз, осы талаптың орындалуына бір жыл беріледі. Ал 2024 жылдың 1 қыркүйегінен есепке алынбаған үй жануарларының иелеріне әкімшілік айыппұл салынады.

Бөлім бастығының айтуынша, биыл бұрынғы Шығыс Қазақстан облысына  қаңғыбас иттермен күрес үшін 150 миллион теңге бөлінген. Наурыз айынан бастап жеті мыңнан астам иесіз ит ұсталып, тексеріліп, қайта еркіндікке жіберіліпті. Босып жүрген он шақты иттің қожайындары анықталып, иелеріне қайтарылған.

– Риддер қаласы мен Ақжарда қаңғыбас иттерді ұстауға арналған уақытша баспаналар бар. Келесі жылы тағы бір баспана салу жоспарланған. Қазір жобалық-сметалық құжаттары әзірленген соң, қай жерде салатынымыз анықталады, – деп жалғастырды Мелис Қайнұлдаұлы.

Оның айтуынша, адамды ит қапқан оқиғалар Өскемен, Семей, Риддер, Курчатов қалаларында, Аягөзде жиірек кездескен екен.Соңғы кездері Зайсан ауданы Біржан, Дайыр ауылдарының тұрғындарынан да қараусыз иттердің  адамдарға шабуылдауы  не оқушы балаларды қабуы жиілеп кетті деген шағымдар естіліп қалады. Осы елді мекендер керемет үлкен емес шығар. Ауылда әр иттің иесін бәрі таниды. Демек учаскелік полицейлер дұрыс жұмыс істеулері керек.

Мелис Қайнұлдаұлы үйірімен жүрген қаңғыбас иттерді көрсеңіздер, дереу 102-ге қоңырау шалу керек деп ескертті.

 Айна Ескенқызы

 

 

Осы айдарда

Back to top button