ӨзектіТОП

Қандысуға қараған халық судан тапшылық көріп отыр

   

Тарбағатай ауданына қарасты Қандысу қоймасы апатты жағдайда жұмыс істеп тұрғанына біраз уақыт болыпты. Сол себепті өңірдегі егіншілер судан тапшылық көріп, кейбіреуі себезгілеп суару құрылғысын сатып алған. Қазіргі таңда қажетті судың жартысын ғана жинауға қауқарлы Қандысу қоймасын жөндемесе, алдағы уақытта шаруалардың жағдайы қиындамақ.

Тарбағатай ауданына қарасты Жетіарал ауылының шаруалары судан тапшылық көріп отыр. Себебі сеніп отырған су қоймаларының тозығы жеткендіктен мөлшерленген судың жартысы ғана жиналады екен.

– Биыл техниканың тиімділігін көріп жатырмыз. Себезгілеп себу аппаратын сатып алдық. Ол бірнеше кісінің жұмысын істеп тұр. Жұмыс күші  жағынан тиімді екен. Суға да үнемді. Бір жаманы, бізге жаздың ортасына қарай су жетіспей қалады, өйткені осы алқаптарға су жіберіп тұрған Қандысу қоймасы апаттық жағдайда тұрғанына біраз жыл болды. Оның мәселесін жыл сайын көтереміз, десе де кейінге шегерілумен шешімін таппай келеді. Оның жалпы сыйымдылығы 43 млн текше метр болса, қазіргі таңда тең жартысына шақтап қана су жинайды. Су тапшылығы болғандықтан егістік алаңын да молынан пайдалана алмай отырмыз, – дейді «Дарабоз» шаруашылығының басшысы Нұрхан Советханов.

Шаруашылық басшысының айтуынша, жұмыс істеп жер игеруді мақсат еткен жастар бар көрінеді. Оларға кедергі болып отырған екінші мәселе – қолда қомақты қаржының жоқтығы. Алған жерлері жекеменшік болмағандықтан банк кепілдікке алмайтын көрінеді. Ал ауылдағы жылжымайтын мүліктің кепілдік бағасы арзан. Осылайша, жер игергісі келетіндерге қаржы табылмаса, жерді игеріп жатқандарға су жетпей жатқанын айтады. Қауіпті жағдайдағы Қандысу тоғанының мәселесін қарастырып жүрген аудандық мәслихат хатшысынан қашан жөнделетінін сұрап көрдік.

–  Қандысу су бөгетінің сыйымдылығы 43 млн текше метр. Жалпы, аталған су бөгеті салынғаннан бері жөндеу көрмеген. Ол Ақжар ауылындағы көптеген егіс алқаптарын сумен қамтамасыз етеді. Бұл су бөгеті бойынша біз аудан әкімінің орынбасары екеуіміз Нұр-Сұлтан қаласындағы су ресурстары жөніндегі комитетке барып халықтың өтінішін айтып, мәселені жеткіздік. Биыл Қандысу бөгетін жөндеуге 94 млн теңге қаржы қаралып жатыр. Ақша құжаттары дайын болған соң конкурс арқылы бөлінеді. Ал қазір қауіпті жағдайда болғандықтан былтырдан бері 50 пайыз ғана су жинап отырмыз, – дейді Тарбағатай аудандық мәслихат хатшысы  Асқар Боғырбаев.

Су бөгеті жөнделмесе, егістік салған елдің еңбегі еш кетері анық. Сондықтан халықтың тіршілік көзіне айналған Қандысу бөгетін тезірек жөндесе деп отыр халық.

Қызырбек Дүргінбайұлы

 

Осы айдарда

Back to top button