ҚоғамТОП

ҚАМҚОР БОЛЫП ХАЛҚЫНА, ҚҰРМЕТІНЕ БӨЛЕНГЕН

«Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дейді халқымыз. Халық айтса, қалт айтқан ба? Осы бір қанатты сөздер бүгінгі мақаламызға кейіпкер боп отырған Зайсан, Тарбағатай аудандарының Құрметті азаматы, «Құрмет»  орденінің иегері, абыз қария  Тұрсынхан Дүйсенов пен ҚазССР-і оқу-ағарту ісінің үздігі, ардагер ұстаз Дәмелі Шырғайбаева туралы айтылғандай.

Бұл кісілер Зайсан ойпатының ең құнарлы бөлігі, Шілікті жазығында дүниеге келген. Шілікті жазығын  солтүстігінде Маңырақ, шығысында Сауыр, оңтүстік батысында  Тарбағатай таулары қоршап жатыр. Құйма  құлақ, көнекөз  қариялардың айтуы бойынша ықылым заманнан бері Шілікті түгін тартса майы шыққан, құйқалы, жайлауы  шыбынсыз, қысы жайлы, қар жатпайтын, мал аяғымен жайылып шығатын  киелі қоныс. Осы жазыққа  бағзы заманнан қазақтар иелік етіп,  отау құрып, ұрпақ өсірген. Ғалымдардың  дәлелдеуі бойынша біздің жыл санауымызға дейінгі 8 – 6 ғасырда бұл жерде біздің түп бабамыз аса қуатты сақтардың билеуші әулеттері мекендегені анықталды. Сақ патшасының жерленуі – олардың ордасы осы жерде болғанының куәсі.

Мен 1963 – 1966 жылдар аралығында Кеңес одағы  Қарулы Күштері қатарында азаматтық әскери борышымды өтедім. Бес-алты шіліктілік азамат бірге болды. Олардың арасында тасбастаулық Қабанбай Сүлейменов, қарасайлық Баймұрат Қиынбаев дегендер болды. Олар  алтын шыққан обаларды, Қоңыр қажының әулиелігін, Зейнолданың батылдығын айтып, мақтанып  Шіліктіні жер жәннаты етіп суреттейтін.

Әлгілердің сөзіне айтатын уәж таба алмай «Сендер Тұрсынхан Дүйсеновті танисыңдар ма?!» – деймін ғой.

Олар «О, ол Шілікті кеңшары комсомол ұйымының хатшысы. Мықты жігіт, жастар арасында беделді. Бізді комсомолға  қабылдаған сол», – дейді.

– Ендеше сол мықты жігіттерің менің ағам болады, – деп қоямын мақтанып.

1962 жылы Зайсан, Тарбағатай ауданы қосылып, қараша айында Зайсан қаласында екі ауданның біріккен комсомол конференциясы өтті. Сол жиында желтоқсанда Өскеменде өтетін облыстық комсомол конференциясына делегат болып сайландым. Міне, осы сапарымда мен  Тұрсынхан Дүйсенов деген атпал азаматпен танысқан едім.

Биыл міне, сол Түкең мен Дәмелінің үйленгеніне 60 жыл толып отыр.

Одан бері қаншама жылдар өтті. Өмір – өзен ағып жатыр, уақыттан озған ешкім жоқ. Шыр етіп туған жерге кіндік қаны тамған соң, ата-анасын қадірлеп, туған-туысқа қамқор болып, айналасына мейірім шуағын шашып,  халқына бақыт пен қуаныш сыйлаған жандардың өнегелі өмірі кейінгі  ұрпаққа  үлгі.  Алмасқан уақытпен  жаңарып, жарқырап көріне береді.

Тұрсынхан Дүйсенов 24 жасында мыңғыртып  қой өсіріп, Республикаға танымал болған озат кеңшар Шіліктіге партия комитетінің хатшысы, «Шорға» мал бордақылау кеңшарының директоры, аудандық атқару комитетінде бөлім басшысы, жұмыспен қамту орталығының меңгерушісі қызметтерін атқарып, абыроймен зейнеткерлікке шықты. Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің съезіне делегат болды. Бірнеше мәрте жергілікті Кеңестерге депутат болып сайланды. Түкең ой-өрісі кең, рухани дүниесі бай, жан-сезімі нәзік адам. Арамыздағы жас айырмашылығына орай мен ол кісіні аға деп кеттім.

Таяуда сол ағам Зайсаннан Астанаға қоңырау шалып 2024 жылғы «Жұлдыз» журналының  алғашқы санындағы жарияланған М.Мағауиннің жаңа тарихи шығармасы «Алтын орда» жайлы  бір көріністі сүйсіне отырып мысалға келтіріп « Осыған сенің пікірің қандай?» – деп сұрағанда, өзімнің ол шығарманы оқымағаныма жамандайын ұялып қалғаным бар. Сөйтсем, Түкең соңғы хабарларды, әдебиет жаңалықтарын  қалт жібермей  қадағалап отырады екен.

Тұрсынхан Жарасбайұлы «Ұрпаққа ұлағат», «Өмір өткелдері»  атты кітаптардың авторы. Екі туындыдан ұққаным Шілікті өмірінің тарихы, кешегі мен бүгінгісін білгісі келгендер үшін сыр бөлісетін, ой қосатын, өріс дамытар шығармалар екен. Ол  ұзақ жылдар кітаптардан, газет-журналдан тәрбиелік мәні бар асыл сөздерді ұқыптылықпен жинап, оны іске асыру жолдарындағы ой толғау, ой жарыс, ой сандығына ұқыптылықпен пайдалана білудің тәсілін тапқан.

Оқығандарын, жинағандарын соншама бір нәзік сезіммен баяндағанына талай таңғалдым. Түкең осындай ұқыптылығымен өзінің табиғатына тән рухани қажеттілігін табады. Өмірлік жары Дәмелі Шырғайбайқызы Түкеңнің жұмыс жағдайына байланысты Тарбағатай ауданының бірнеше мектебінде қызмет етті. Қай ұжымда болса да беделге, абыройға ие болды. Мектеп – адамның адам болып қалыптасу кезеңіндегі ең қасиетті ұғымдардың бірі болса, сол  қасиетті шаңырақтың уығын көтеріп, мектептің мәртебесін айшықтайтын ұстаз. Ұстаздар білім бастауының қайнар көзін ашқан, шәкірттер үшін ең ардақты адамдар. «Алты алаштың баласы бас қосқанда, қадірлі орын – мұғалімдікі» деп аяулы ақын М.Жұмабаев айтқандай, ұрпақ тәрбиесінің ұлы жолында қызмет етіп, абырой, атаққа ие болған ұлағатты ұстаздың бірі – Дәмелі  Қаз ССР-і мұғалімдер  форумына  делегат болып қатысты. Шәкірттері үнемі хабарласып тұрады, Дәкең  оларды есіне алып үнемі марқайып отырады. Маңғаз даланың маңмаңгері атанған  түйенің қос өркешіндей болған қос қария  Меруерт, Зәуреш, Ләйлә, Бауыржан, Қарақат, Нұржан есімді алты бала тәрбиелеп өсірді. Бәрі жоғары білім алды. Әрқайсысының жанұясы бар.

Жаны жайсаң, жақсы аға  аудандық ардагерлер кеңесінің, қала әкімі жанындағы қауымдастықтың белсенді мүшесі, аудандық «Достық» газетінің қоғамдық тілшісі.  Дәмелі «Ақ әже» ән-би ансамбілінің мүшесі.

Өнегелі өмірлерімен өзгелерге үлгі боп, ел құрметіне бөлене білген аға-жеңгеме деген жүрекжарды тілегімді:

– Қай жерде қызмет етсең де,

Қамқор  болдың   халқыңа.

Құрметіне елдің бөленген,

Іздерің  жатыр  артыңда, – деп түйіндегім келеді.

Осы айдарда

Back to top button