COVID-19 

Қалыпты өмірге қарай жасалған қадам

Айна Ескенқызы

Коронавирус індетіне қарсы жаппай вакцинациялау науқаны жүріп жатқанына бесінші ай. Халықтың екпе салдыруға деген белсенділігі күннен-күнге артып келеді. Облыстық ана мен бала орталығының аумағына тіркелген өскемендіктердің 70 пайызы бүгінгі таңда коронавирусқа қарсы вакцинаны салдырды. Олардың арасында мемлекеттік қызметшілерден басқа, қарапайым тұрғындар, егде жастан асқан қариялар да баршылық.

Дәрігерлер бұл індеттен ұжымдық иммунитет қалыптаспай құтылмайтынымызды үнемі түсіндірумен келеді. Ол үшін халықтың 60 пайыздан астамы өзін екпемен қорғауы тиіс.

– Екпе дегеніміз – ағзада белгілі бір антигенге иммунитеттің пайда болуын қамтамасыз ететін биологиялық тектес медициналық препарат. Қазiргi кезде алдын ала егу нәтижесiнде қара шешек сияқты өте жұқпалы аурулар жойылды, сондықтан жұқпалы індеттерге қарсы егудiң маңыздылығына бүгін ешкімнің күмәні жоқ. Бірінші кезекте халықпен тығыз қызмет атқаратын адамдарды, денсаулығына байланысты жұқтырып алу қаупі жоғары тәуекел тобындағыларды вакциналау қажет. Өздеріңізге белгілі, дәрігерлер, педагогтар мен полиция қызметкерлері вакцинаны ең алдымен салдырды, – дейді ана мен бала орталығының жалпы тәжірибе дәрігері Салтанат Қызырова.

Вакцинациялау науқаны басталғалы осы емдеу орнына тіркелген 4000 тұрғынның 2800-і препараттың бірінші компонентін, екі мыңы екі компонентін де салдырған. Маман екпе салдырғандар арасында мемлекеттік қызметшілерден басқа, созылмалы дерттері бар адамдар да баршылық дейді. Диспансерлік есепте тұрған егде адамдар тәуекел тобына жататындарын түсінгендіктен, шақыртуды тоспай, өздері келеді екен. Сондай-ақ медбикелер тұрғындардың үйлеріне телефон шалып, шақырады, қолдарында қандай екпе бары, кабинеттің жұмыс кестесі туралы ақпараттандырып отырады. Ораза кезінде имам жамағатқа екпе оразаны бұзбайтынын, міндетті түрде ауыз ашатын уақытты тоспай, күндіз де сала беруге болатынын түсіндіріп беріпті. Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде вакцина салам деушілердің қатары көбейген.

Ковидке қарсы вакцинация алдында дәрігер келушілерді арнайы бөлмеде міндетті түрде тексереді. Қан қысымын, сатурациясы мен дене қызуын өлшеумен шектелмейді. Пациенттің электронды денсаулық картасын ашып, қандай аурулармен, қашан ауырғаны туралы мәліметтермен танысады. Егер созылмалы дерттері болса, екпе алдында олардың асқынбауы маңызды.

– Пациенттің анамнезінде ауыр дерт болса, оның дәл қазіргі жағдайына баса назар аударылады. Кейде тар шеңберлі мамандардың кеңесіне де жүгінеміз. Екпе салдырам деп келгендердің он пайызына медициналық қарсы көрсетілімдер бойынша вакцина салынған жоқ. Тұмау не суық тию сияқты аурулар болса, процедура екі аптаға шегеріледі. Осы уақыт аралығында пациент емделіп, жазылған соң қайта келеді. Ал созылмалы аурулары қозып тұрғандарды емделу үшін өздерінің учаскелік дәрігерлеріне жібереміз. Дерттің асқынуы басылғанша тосамыз, – деп толықтырды Салтанат Қызырова.

Орталықтың мобильді жылжымалы бригадасы еңбек ұжымдарына барып, қызметкерлерге жұмыс орнында вакцина салуды да тәжірибеге айналдырған. Салтанат Сайлауғазықызы бүгінге дейін «Өскемен жылу жүйелері», «Өскемен-Тазалық» сияқты кәсіпорындарда болып, №4 қалалық ауруханадағы, онкология орталығындағы әріптестеріне вакцина салғандарын айтты.

Естеріңізге сала кетейік, вакцинаны он сегіз жасқа толмағандарға, жүкті әйелдер мен бала емізетін жас аналарға, онкологиялық науқастарға, аутоиммунды дерттері бар пациенттерге мүлде салуға болмайды. Сәбилі болуды армандап жүрген жұптар да екпе кабинетінде өз жоспарларын айтуы тиіс, ондай жастарға да уақытша екпе салуға болмайды.

Тұрғындарды КВИ-ге қарсы вакцина алуға ынталандыру мақсатында қалалық әкімдіктің бастамасымен шаһардағы барлық екпе пункттерінде, сауда үйлерінде ашылған екпе кабинеттерінде ұтыс ойындары ойналып жатыр.

– Бізге 900 билет бөлінді. Екпенің бірінші компонентін салдыруға келгендерге ұтыс билеті беріледі. Пациент оны толтырып, арнайы жәшікке салады. Барлық билеттер толтырылған соң, жеңімпаздар анықталады. Ұтыстардың ішінде тұрмыстық техникалар, ноутбук пен смарт-сағат, телефон сияқты гаджеттер бар, – деп сөзге араласты екпе кабинетінің медбикесі Гуля Омарова.

Мамандар таяу күндері «Мечта» сауда үйінде ашылатын екпе кабинетінде қалалықтарға қызмет көрсетуді жоспарлап отырғандарын да ескертті. Ол үшін екі дәрігер мен екі медбике арнайы дайындықтан өтіп жатыр. Ана мен бала орталығының Қазбек би көшесі, 11-үйде орналасқан жаңа ғимаратында да екпе кабинеті ашылған. Орталықтың мамандары қазір өскемендіктерге төрт екпе пунктінде қызмет көрсетіп келеді.

Өзін Тілек Смағұлов деп таныстырған жігіт «Альшемали» сауда үйінде жұмыс істейді екен.

– Үнемі халықтың ортасында жүргендіктен, өзімді екпемен қорғауды жөн деп шештім. Бүгін «Спутник V» препаратының екінші компонентін салды. Біріншісінен кейін менде ешқандай жанама әсерлер білінген жоқ. Анам – медик, ол кісінің созылмалы аурулары бар. Қазір дерттері асқынып тұрмаған соң, ол кісі де вакцина алды, жағдайы жақсы, – дейді Тілек.

Вакциналардың екі компонентін салу аралығы 14 күннен басталып, 45 күнге, кейде 90 күнге дейін («Спутник V») ұзартылуы мүмкін. Ғалымдардың түсіндіруінше, арасы ұзағырақ болған сайын, антиденелердің түзілуі артады. Адамда иммунитет толықтай қалыптасу үшін екпенің екінші компонентін міндетті түрде салғызу маңызды. Екінші компонентті салғызбаса, ағза вирустан толық қорғалмайды, індетті жұқтыру қаупі жоғары болады. Егер екі компоненттің аралығында адам ауырып қалса, екіншісін салдыруды кейінге қалдырады. Тіпті бірінші компоненттің өзі қорғаныс беретіндіктен, ковидпен ауырып қалғанның өзінде ауру жеңілдеу өтетіні дәлелденген.

Осы уақытқа дейін қаланың емханаларында ресейлік «Спутник V», отандық «QazVac» және арабтар өндірген қытайлық «Hayat-Vax» сияқты үш түрлі екпе салынып келсе, жуықта таза қытайлық «CoronaVac» препаратының 400 дозасы түсті. Енді өскемендіктер үшін төрт түрлі вакцина қолжетімді.

Денсаулық сақтау министрлігі Қытай Халық Республикасымен жүргізілген келіссөздер қорытындысы бойынша, «CoronaVac» вакцинасының алғашқы партиясы  бірінші маусымда арнайы бортпен Алматыға жеткізілгенін хабарлаған болатын. Препаратты қытайлық «Sinovac Biotech Ltd» биофармацевтикалық компаниясы шығарған. Қытайлық «CoronaVac» вакцинасының алғашқы партиясы 500 мың дозадан тұрады. Бұл препарат қазір еліміздің өңірлеріне жеткізіліп жатыр.

Салтанат Қызырованың түсіндіруінше, бұл вакцина да екі компонентті. «QazVac» пен «Hayat-Vax» препараттары сияқты «CoronaVac» вакцинасы да белсенді емес. Оны жасау үшін ескі, бірақ дәлелденген вакцина жасау технологиясы қолданылған. Бұл технология бойынша вирус өлтіріледі, бірақ ағзада қорғаныс антиденелерін тудыратын қабілеті сақталады. Препарат 0.5 мл құтыларға құйылған, бір дозалы.

– «CoronaVac» екпесінің жасалу жолы да, сақталу шарттары да бұған дейін салып жүрген «QazVac» пен «Hayat-Vax» препараттарымен бірдей. Вакцина +2+8 градус температурада сақталады. Екі компоненттің аралығы 14-28 күн. Сонымен қатар оның бір дозалы екенін айта кеткен орынды. Бұл өте тиімді. Бір құтыдағы препаратты қолдану үшін енді бес адамды тосып отырудың қажеті жоқ. Бір адамға – бір құты, – деп атап өтті Салтанат Сайлауғазықызы.

Өлтірілген вирустың негізінде жасалған «QazVac»,  «Hayat-Vax», қытайлық «CoronaVac» вакциналарының барлығында препараттың екі компонентінің сериялары бірдей. Бұл жағынан да қолданыста қолайлы. Мысалы, емдеу пунктіне түскен 400 доза препараттың 200 дозасын ғана салып, қалған 200 дозасын екінші  компоненті ретінде сақтап қою керек. Егер дұрыс есептемей, бірінші компоненті ретінде көп салынып, екіншісіне жетпей жатса, басқа емханалардан алып, орнын толтыруға да болады. Ал ресейлік «Спутник V» екпесінде компоненттердің сериялары әртүрлі болғандықтан, арнайы екінші компонентін тосу керек.

Ашық көздердегі деректерге сүйенер болсақ, «CoronaVac» вакцинасын Бейжіңнің «Sinovac» биофармацевтикалық компаниясы жасаған. «Sinovac Biotech» компаниясы 1999 жылы құрылған. Қазіргі уақытта әртүрлі типтегі вакциналарды (А және В гепатиті, желшешек, H5N1 құс тұмауы, H1N1 шошқа тұмауы, энтеровирустар және т.б.) әзірлеу мен өндіруде әлемдік көшбасшы болып табылады.

Ғалымдардың сөзіне сенсек, зерттеулер вакцинаның елеулі жанама әсерлерін көрсеткен жоқ, ең жиі кездескен кері әсер – бұл бірнеше күнге созылған дененің қалтырауы. Вакцинация орнында ауырсыну білінуі, бас ауруы және шаршау да байқалуы мүмкін.

– Шұғыл қолдану режимінде вакцинаны миллионға жуық адам қолданды, ешқандай жанама әсерлер анықталған жоқ. Адамдарда тек жеңіл белгілер байқалды, – деген болатын «Sinopharm» Қытай мемлекеттік корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Лю Цзинчжэнь.

Қазақстандық ғалымдар арасында қытайлық вакцинаны алғашқылардың бірі болып салғызған ғалым Қайрат Табынов Қытай – препарат құтыларына арнайы температуралық стикерлерді желімдей бастаған әлемдегі жалғыз ел екенін жазған. Стикерлер температуралық режим бүкіл қорапта емес, нақты бір құтыда ғана бұзылса да, оны байқап қояды. Индикатор белгілі бір түспен жанады. Соған қарап дәрігер екпені сақтау шарттарының бұзылған-бұзылмағанын анықтай алады. Бұл екпенің қауіпсіздігін дәлелдейді. Екіншіден, қытайлық вакцина Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының шұғыл қолдануға арналған вакциналар тізіміне енген. Мұндай вакциналар бүкіл әлемде алтау ғана.

Осы айдарда

Back to top button