Қалтаңыз жұқармасын десеңіз…

Маскасыз далаға шықтыңыз ба? Әмияныңыздан 43 755 теңге «жоғалды» дей беріңіз. Санитарлық талапты сақтамаған жеке тұлғалар осынша көлемде айыппұл төлейді.
Коронавирус індетінің таралуын тежеу мақсатында облыс көлемінде күнделікті тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мониторингтік топ өкілдері қоғамдық орындарды бақылауға алып, шектеу шараларын сақтамайтын тұрғындарға ескерту жасап, айыппұл салуда. Кезекті рейд 11-12 наурыз күндері болды.
Бұл күндері облыс орталығында 400-ден астам нысан тексеріліп, 21 ереже бұзу фактісі тіркелді. Тұрғындар санитарлық дәрігер бекіткен талапты сақтамаған. Көбісі маска тақпай, жазаға тартылды. Салынған айыппұлдың жалпы мөлшері – 1 050 100 теңге.
Ал Семейдегі мониторингтік топ нысандарды аралап, 30 тұрғынның ережені сақтамай жүргенін анықтады. Оның ішінде маска тақпағандар мен көпшілікке арнап жиын жасағандар да бар. Рейд барысында 350 040 теңгенің сегіз хаттамасы толтырылды.
Риддерде 5 рейд өтті. Барлығы 72 нысан қамтылған тексеріс барысында үш тұрғын жазаға тартылды. Сондай-ақ маскасыз қызмет көрсеткен сатушыға 43 755 теңге айыппұл салынды.
Курчатовта 33 нысан тексеріліп, бір ереже бұзу фактісі анықталды. Ал Глубокое ауданында далада маскасыз жүрген екі тұрғын айыппұл төледі. Алтай ауданында 133 нысан бақылауға алынып, үш тұрғын мониторингтік топтың құрығына ілінді.
Шемонайхада да тексеру шаралары жүргізілді. Монторингтік топ мүшелері 76 нысанды аралап, санитарлық талаптардың сақталуын қадағалады. Төрт ереже бұзу фактісі анықталды. М.Рахманқұлов есімді тұрғын маскасыз жүргені үшін айыппұл төледі.
Балауса МЭЛС