Қалжыр қырындағы дүбір
Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі Марқа өңіріндегі Қалжыр ауылында дүбірлі мейрам болып өтіп, пандемия шектеулерінің салдарынан көптен бері басы қосылмай, томаға-тұйық күй кешіп жатқан ауыл жұртын бір серпілтіп тастады. Бұл айтулы тойға республикамыздың түкпір-түкпірінен келіп қатысқан саятқұмар қауым аталған мерекенің жоғары деңгейде өткенін атап тұрып айтып кетті.
Айтпақшы, әңгімемізді басынан бастайық. Қалжырмен іргелес жатса да, заңды түрде Боран ауылдық округінің құрамына кіретін Жаңауыл ауылында ошарлы бір отбасы болып саналатын Мұстафиндер әулеті тірлік кешіп жатыр. Осы төрт ұл, бес қызы бар өнегелі шаңырақтың отанасы Қаниша Көксегенқызы сексен жасқа толып, бұл айтулы мерейтойды ардагер ананың өнегелі ұрпақтары есте қаларлықтай деңгейде дүбірлетіп өткізуге тәуекел еткен екен. Оза шауып айта кетер болсақ, олар бұл мақсаттарына жетті де.
Жергілікті жұрт Кәнен тәте, немесе Нәне деп атап кеткен Қаниша әжей құдай қосқан қосағынан 48 жасында тоғыз баламен жесір қалып, осы ұрпағын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, аман-есен жеткізіп, оқытып, жеке-жеке үй қылған екен. Бүгінде олардың әрқайсысы ел мақтаған, жұрт таныған айтулы азамат болып, аналарының сенімін молынан ақтап отыр. Мәселен, Қаниша әжейдің үлкен қызы Салтанат Қалжырда тұрады, ол – осындағы айтулы кәсіпкерлердің бірі. Екінші қызы Махаббат та осында. Одан кейінгі Гүлжанат – Катонқарағай ауданындағы Шыңғыстай орта мектебінің директоры. Төртінші қызы Гүлшат Жаңауыл негізгі мектебінің директоры болып қызмет істейді, кенже қызы Ләззат – Қалжыр орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі, ол 2019 жылы «Үздік педагог» атағын жеңіп алып, топ жарған білікті маман ретінде танылып отыр.
Ерболат, Жанболат, Бекболат, Нұрболат атты көзін еңбекпен ашқан сайдың тасындай төрт ұл осы ауылдағы «Меруерт» шаруа қожалығын құрып, көптен бері кәсіптерін өрге жүздіріп келеді. Олардың шаруашылығында төрт түлік малдың бәрі бар, еңбекқор азаматтар ерінбей төккен тердің арқасында төңірекке төрт құбыласы түгел, бақуатты әулет ретінде танылып келе жатыр.
Сонымен, межелі күн де келіп жетіп, ат баптаған, күндіз түгілі түн жатпаған саяткер қауым Мұстафиндер әулеті тағайындаған жүлделерді сарапқа салу үшін сан тараптан ағылып келе бастады. Басында аудан ішіндегі жарыс болар деп ойлаған біз қонақтармен таныса келе, таңырқағанымызды жасыра алмадық. Бұл атбегілерде шаршау деген болмайды екен, сонау Шымкент пен Тараздан, Алматы мен Талдықорғаннан, Өскемен мен Семейден, облысымыздың ішіндегі барлық аудандардан мақтаулы, баптаулы сәйгүліктерін балапандай әлпештеп, тіл мен көзден жас сәбидей қорғаштап жеткізген бапкерлер ат бәйгесін асыға күтіп, бір үміт, бір күдікпен тықыршып тұрды. Бәйге демекші, тігілген жүлделер де адам қызығарлықтай болатын, бір «Лада Гранта» автокөлігі, жарқыраған төрт мотоцикл, бір ат, бір тай, бір тайынша, бір қой, қымбат велосипед, анық сайыскерлер мінетін бағалы ер-тоқымдар, 200 мың, 100 мың теңгелік ақшалай сыйлықтар өз иелерін күтіп, естіген жанды еркінен тыс ынтықтырып тұрды.
Сонымен, межеленген уақытта «Түйе балуан» жүлдесі үшін сайысатын балуандардың күресі басталып кетті. Түске тармаса осынау екі сағаттан астам уақыт арпалысқан небір бура сан, шойын білек азаматтардың арасынан нағыз мықтылары белгілі болып, оларға жұрт алдында осы мерекеге арнап әдейі жасалған медальдар мен бағалы жүлделер тапсырылды. Сөйтіп, «Түйе балуан» сайысының бас жүлдегері болып танылған Өскемен қаласында тұратын Ақбұлақтың тумасы Жасұлан Мұхаметқалиев қытай өндірісі шығарған бағасы 500 мың теңгелік мотоциклді иеленді. Екінші орыннан көрінген зайсандық Олжас Социалов 200 мың теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды.Үшінші орынға табан тіреген мақаншылық Саят Шәмшиев 100 мың теңгені қалтасына басты.
Ал осы айтулы сайысқа төрешілік жасаған Қалжырдағы спорт мектебінің жаттықтырушысы, «Күршім барысы» атағының иегері, қазақ күресі бойынша спорт шеберлігінен үміткер Думан Нұрмышевтың жауапты міндетті барынша біліктілікпен атқарғанын атап айтқан ләзім. Сонымен бірге, аударыспаққа төрелік жасаған спорттың осы түрінен облыстың неше дүркін чемпионы Ахмет Құттыбаевтың еңбегін де жоғары бағалаған жөн болады.
Қазақтың ұлттық ойындарының ішіндегі тек қара күшті ғана емес, әдіс-тәсіл мен ептілікті бірдей талап ететін бәсекенің бір түрі – аударыспақтың нағыз білекті де жүректі жігіттердің сайысы екендігі рас. Өздерін осы аударыспақта сынап көрмек болған 21 азаматтың аянып қалмағанына бәріміз де куә болдық. Ақырында күштерін бар қарсыластарынан асырып, топты жарған жеңімпаздар да анықталды. Аударыспақ спортының бірінші жүлдесіне ұландық Ермек Жәпішев лайық деп танылып, оған 100 мың теңге ақшалай сыйлық берілді. Екінші орынды иеленген күршімдік Мансұр Тәнекеновке құйысқан-өмілдірігі сай әдемі ер-тоқым ұсынылды. Үшінші орынға қол жеткізген жаңауылдық Елдос Дүсіпов бір қойға ие болды.
Бұдан кейін 5 шақырымдық тай жарысы ұйымдастырылып, оған 14 тайға мінген балғын шабандоз қатысты. Екі жарым шақырымдық айналымды екі айналып шыққан бір жасар тайлардың арасынан үлкеннарындық Алдаберген Ибраевтың «жүйрігі» оза шауып, бірінші орынға тігілген жүлде – тайды олжалады. Екінші орынға шыққан алматылық Мұрат Қадабаевтың тайына мініп шапқан жеткіншек ер-тоқымды иеленді. Үшінші орын алған Ермек Мұқашевтың шабандозына велосипед тарту етілді.
Осы сайыстың шарты бойынша 15 шақырымдық бәйгеге тек жергілікті жабы тұқымдас аттар ғана шабатын болып келісілген-ді. Бұл бәсекеге 35 ат қосылып, дала төсін дүбір мен қиқуға бөледі. Айналымды алты рет орай шауып, мәреге алдымен жеткен Молдабек Мырзабековтің жүйрігі оқ бойы алда келіп, оның қожайыны 750 мың теңгелік мотоциклді иеленді. Сәйгүлігі екінші болып келген марқакөлдік Ринат Нығметовке ойнақтап тұрған тай табыс етілді. Ал үшінші орын алған қойтастық Сәден Таутанның жетегіне тайынша байланды.
Қазақ үшін қай кезде де қызықтың үлкені аламан бәйге болып саналатыны шындық. Жұрттың көңілі осынау ең жауапты да қызықты сынды күтіп, шынымен қобалжулы болатын. Ақыры, осы 25 шақырымдық бәйгеде бақ сынайтын нағыз тұлпарлардың жарқ етіп көрінетін шағы да туды. Небір асыл тұқымды, бабы келісіп, бақайынан шаң ұшқан 37 дүлдүлдің желді күнгі қою шаңды одан сайын тұман қылып, дүркіреп жөнелген кезін ауызбен айтып жеткізудің өзі қиын шығар. Жұрт енді бұрқыраған қалың будақтың арасынан қылтылдап көрінген жүйріктерге өзара бәс тігіп, қайсысының маңдайы жарқырап келетінін алдын ала болжай бастады. Сәйгүлігі межелі үлкен шеңберді он рет айналып шыққан соң, мәреге алдымен жетіп, маңдай тіреген үржарлық Мейіржан Керейбаевтың қолына той иелері бас жүлде – «Лада Гранта» автокөлігінің кілтін ұстатты. Ал екінші келген семейлік Қанат Рәжімов мотоциклдің кілтіне ие болды. Жүйрігі үшінші орыннан көрінген Зайсан ауданындағы Қаратал ауылының тұрғыны Түсіпхан Әбілғожин бір жылқыны жетелеп қайтты.
Автомобильдің кілтін бас жүлде иесіне өз қолымен тапсырған той иесі Қаниша әжей осы мерекеге алыс-жақыннан әдейілеп келіп, атсалысқан барша қонақтарға шын жүректен шыққан аналық алғысын жолдап, барлығына толағай табыс, сәт сапар тіледі.
– Мен жетпіске толғанда да балаларым дәл осындай той жасап, мерейімді асырған еді, – деді ол. – Міне, көзді ашып-жұмғанша сексеннің сеңгіріне де шығып қалыппын. Ойлап тұрсам, сексен дегенің лезде келіп қалатын меже екен ғой, ендеше, мен тоқсанға толғанда да осы жерде, осындай тойда кездесейік. Мына тұрған кенже күйеубалам Елеусіз маған: «Сіз жүзге толғанда қымбат машина алып беремін», – деп уәде еткен болатын, сол машинаны алғанша жүре тұрамын ғой, – деп елді ду күлкіге кенелткен бақытты әжей өзінің бүгінгі тойға шынымен разы екендігін білдірді. Аламанға шапқан кішкентай шабандоздардың ішіндегі қаршадай жалғыз қыз ерекше көзге түсіп, елді таңырқатқан еді. Осы өзін Сәуменова Жәнел Мирасқызы деп таныстырған, бапкер анасы жаратқан жүйріктің тізгінін ұстаған Ұлан ауданындағы Желдіөзек ауылының 10 жастағы бүлдіршін қызына Қаниша әжей ақ батасын беріп, қосымша ақшалай сияпат ұсынды.
Мұндай қалың жұрт жиылған дүбірлі мерекеде тиянақты хабарлама жасап, адамдарды уақтылы әрі қатесіз таныстырып отырудың да маңызы зор екені белгілі. Бұл міндетті ойдағыдай атқарған, осы тойға әдейілеп Өскемен қаласынан шақырылған белгілі өнерпаз, Ұлан аудандық мәслихатының депутаты Нұртай Тілеужановтың да көп көңілінен шыққанын айтпай кетудің жөні жоқ.
«Алтайдың құты да – жел, жұты да – жел» дегендей, таң атқаннан бері дүрілдеп, шаң боратып тұрған желді есепке алмасақ, осы тойдың мәнді де мазмұнды, қызықты болып өткені рас. Талайдан бері бастары қосылмай, бойдағы күштерін көрсете алмай жүрген балуандардың, әлпештеген жүйріктерінің арам терін ала алмай, дүбірлі шабысты сағынған атбегілердің осы күні шерлерін тарқатып, бір жасап қалғандары шындық. Өнер мен дәстүрдің сарапқа түсіп, көп көңіліне шынайы қуаныш сыйлайтын кезеңі – осындай халықтық мерекелердің көп болуын тілейік. Тойымыз кенен, ойымыз терең болсын, еліміз әрдайым амандықта, молшылықта ғұмыр кеше берсін!
Хасен Зәкәрия, Күршім ауданы.