Қоғам

Қалдаяқов қалжыңдары

Өтірік «Шәмші»

 

Бір кездері өтірік «Шәмшілер» көбейіп, атын пайдаланатындар аз болмаған екен. Сыраханада Әбілахат Еспаев Шәмші екеуі тұрса, бір бейтаныс жігіт кеп:

– Мен Шәмші Қалдаяқовпын! – деп өзін таныстырады. Екі дос не дерін білмей, бір-біріне қарайды. Әбекең:

– Мен Әбілахат Еспаевпын! – дейді. Ал Шәмші өзін:

– Академик Ахмет Жұбановпын! – деп таныстырады. Әлгі жігіт кеткесін Әбекең:

– Өлген кісінің атын айтып, өтірік танысқаның ұят емес пе? – дейді. Сонда Шәмші:

– Ұялса анау жігіт ұялсын. Ол жігіт тіріні өлтірді, ал мен өліні тірілттім,деген екен.

 

Бір қап күріш

 Атақты Шәмші аға жайлы Шардара ауданындағы Қазақстан ауылында болған мына бір оқиғаны естісеңіз, шек-сілеңіз қатары анық.

Осы ауылда бас агроном боп істейтін досына Шәмші жыл сайын ат басын бұрып, он-он бес күн аунап-қунап қайтады екен. Шәмші Қалдаяқовтың атын естігесін ауыл-аймақ амандасып, ақ дастарханның басында алқа-қотан отырып, дәмдес-тұздас болу дәстүрге айналған. Сондай ағыл-тегіл сәтте бір жігіт:

– Шәмші аға, – депті бірдеңесі өтіп кеткендей өктемдеу сөйлеп. – Есіңізде ме, былтыр сізге бір қап күріш беріп ем ғой.

Шәкең естімеген рай танытып, үндемепті. Әлгі жігіт әдепсіз сұрағын тағы қайталап:

– Аға, – депті, – былтыр бір қап күрішті машинаңызға артып жіберіп ем ғой, есіңізде ме?

Сонда Шәмші бедірейген жігіттің бетіне қарап:

– К… к… күріш есімде, өзің есімде жоқсың! – деп салып жұртты қыран-топан күлдірген екен.

Дауыс

Әйгілі Нұрғали Нүсіпжанов мектеп бітіргесін екі жылдай шопан болған екен. Алматыда өткен жас әншілердің байқауына қатысып, бағын сынап көрген Нұрғалидың өнеріне риза болған Шәмші:

– Мына баланың даусы-ай, бұлақтың басына шөлдеп келген лақтың дауысындай! – деген екен ерекше дауысына шын риза болып.

Екі нәрседен қорқу

 Қажымұқанның тышқаннан қорыққаны сияқты Шәмші әзіл-шыны аралас «Мен екі-ақ нәрседен қорқам: Өзбекәлі Жәнібековтен және мілисадан» дейді екен. Тілінің тұтықпасы бар, сәл-пәл кекештеніп сөйлейтін қазақ вальсінің королі Шәмші ағамыз қызыл жағалылардың «кімсіз?» деген сауалына:

– Шә…шә…шә! – дейді сасқалақтап. Екі «мілиса»:

– Ей, неге боқтайсың? – деп дүрсе қоя береді. Дәл осы сәтте келе қалған Исрайыл інісін арқаланып:

– Шә…шә…шә! – дейді тағы  Шәмші.

– Мынау бізді шымкентшелеп тағы да боқтап жатыр ғой!

Исрайыл ибалы сөзімен:

– Жігіттер, бұл кісі Шәмші Қалдаяқов қой, танымай қалдыңдар ма? – дейді. Екі МАИ аң-таң:

– А? Ассалаумағалейкум, аға!

Екі «мілисаның» жаймашуақ ықыласына жайылып түскен Шәкең:

– Мен… мен… Шә… шә… Шәмші Қалдаяқов дейін деп… Қалдаяқовқа жете алмай қор болдым ғой! – деген екен сөзінің соңын әзілге айналдырып.

Айырмашылық

  Шәмші аға бірде жолы түсіп Келеске келсе кәсіпкер інісі Баймұрат Байназаров қарсы алып, құрақ ұшып құрмет көрсетеді. Шай үстінде бір егде кісі:

– Шәмші шырағым, сен неге коммунист емессің? – деп сұраса, Шәмші:

– Коммунист пен капиталистің айырмашылығы неде? – деп өзіне қарсы сауал тастапты.

Табан астында тауып сөйлеп, не дей қойсын ол кісі. Әлгі кісінің мүдіргенін білдіртпей Шәмші аға өз сұрағына өзі жауап беріпті.

– Баяғы заманда «Барлық коммунист халықты ойлайды. Ал барлық капиталист өз қамын ойлайды» деуші еді. Бірақ бір қызығы сол – барлық коммунист капиталист болғысы келеді, бірде-бір капиталистің коммунист болғысы жоқ, – деген екен.

Қайдам?

 

Шәмшінің екі ұлы бар екенін естіген біреулер:

– Ұлдарыңыз өзіңізге тартқан ба? – деп сұраса:

– Қайдам. Қора көріп, қойдың қиын иіскемей өскен ғой олар, деген екен.

 

Үш пұт телефон

 

Қазақ радиосының музыка редакциясында қызмет істеп жүрген Қалқаман Жүнісбеков жұмыста отырса Шәмші қуанышы қойнына сыймай:

– Қалқаман, – депті, – маған үлкен кісі үш бөлмелі пәтер бергізді. Телефонды жазып ал.

– Айта беріңіз, қалам-қағазым дайын.

– Оны таста. Қағазды қайтесің, бір жерде жоғалып қалады. ойыңда сақта! Алпыс бір, сосын бір пұт, екі пұт! – дейді Шәкең. Түк түсінбеген інісі аң-таң:

– Оу, ағасы, алпыс біріңіз – алпыс бір! Ал бір пұт, екі пұтыңыз не?

– Әй, қарағым-ай, – дейді Шәмші аға телефон номерін түсіндіріп, – бір пұт дегенім – 16, екі пұт дегенім – 32 емес пе? Өстіп айтсам, есіңде сақталады,деген екен.

Ықылас

 

Алматы. 1974 жылдың мамыр айы болса керек.

Қазіргі Қабанбай батыр көшесі мен Достық даңғылының қиылысындағы тоғыз қабатты сәулетті үйге Шәмші Қалдаяқов көшіп келеді, көршісі Кемелбек Шаматаев. Қазақ радиосының журналисі. Екеуі анау-мынау әңгімемен іргесіндегі «Ресей» гастрономына таяйды. Оның бір шетіндегі шарап құйып сататын тұсқа тоқтаған сәтте:

– Шәке, мынаған бас сұғып, мен бірдеңе ұйымдастырып жіберейін? – дейді Кемелбек інісі. Шәкең қалт тұра қалып:

– Анау күнді көріп тұрсың ба? – дейді.

– Иә, көріп тұрмын…

– Ол қайда барады?

Ештеңе ұға қоймаған інісі аңтарылып қалғанда, Шәкең сұрағын үстемелей түседі.

– Ол қазір қайда бара жатыр деймін?

Жұмыс күні аяқталған кезді мегзеп тұрған шығар деген оймен:

– Батуға бара жатыр, – дейді сенімсіздеу үнмен.

– Ал мені көріп тұрсың ба?

– Көріп тұрмын.

– Мен қандай Шәкеңмін?

– Кәдімгі Шәкеңсіз.

– Жо, ішкен Шәкеңмін бе, ішпеген Шәкеңмін бе?

– Ішпегенсіз…

– Міне, көрдің бе, мен қазір ішпейтін Шәкеңмін. Ішетін Шәкең болсам, күн бұл тұсқа жеткен кезде мына көшеге сыймай келе жатар едім ғой. Рахмет ықыласыңа,деген екен.

 

Биік әңгіме

 

Халық артисі, әйгілі әнші-композитор Алтынбек Қоразбаевтың көзбен көріп, құлағымен естіген әңгімесіне зейін қояйықшы.

– Тоқсаныншы жылдары «Қазақстанға еңбегі сіңген мәдениет қайраткері» деген атақты Шәмші ағамен қатар алғаныма қатты қуандым. Бірақ сазгер ағам желп етіп желпінбеді. «Үлкен үйде» тапсырылатын сол марапатты алуға бірге барайық дегенімде ағамның аяғы ол жаққа баспай-ақ қойды,дейді Алтынбек Қоразбаев.

Шәмшіден себебін сұрағанда:

– Олардың мынандай атағынан менің «Шәмші» деген мына-а-а-а-дай атым артық! – деп кері бұрылып кете берген екен.

Иә, неткен биіктік!

 

Аурудың жақсысы қайсы?

Қазақта «Аурудың жақсысы жоқ» деген сөз бар.

– Аурудың да жақсысы бар, – дейді екен Шәмші аға. – Ең жақсы ауру – қышыма, қасыған сайын жаның кіреді.

 

Қазақтар ат қойғыш

 

Жазушы Оразбек Бодықов:

– Бір кісінің Жасарал, Көкарал, Ақмарал, Генерал деген балалары бар екен. Аттары қызық, ә? – дейді.

– Ой, ол түк емес! – депті Шәмші аға сонда. – Бір шалдың Мылтықбай, Найзабай, Наганбай, Патронбай, Шомпылбай деген балаларын өз көзіммен көрдім.

Рас па, өтірік пе? Аузын ашып аң-таң қалған Оразбекке:

– Немене, сенбейсің бе? Біздің қазақтар ат қойғыш.  Менің «Сыған серенадасы» әнімді үзілдіріп айтатын Зәуреш Есбергенованың шын аты – Закон. Кейін Зәуреш боп кеткен. Октябрь деген спортшы, Февраль деген секретарь, Совет, Коммунар деген журналист, Глазбай деген режиссер бар. тіпті Данышпан деген әйелді де көрдім,деген екен,

Алғашқы махаббат

Таланты тау суындай тасыған, сазы самалдай ескен Шәмші Қалдаяқов  бір сөзінде:

– Алғашқы махаббат туралы ән көп, алғашқы махаббатты жырламаған ақындар да кемде-кем. Екінші махаббат, үшінші махаббат, төртінші махаббат деген ән естісем құлағым керең болсын. Сондықтан да алғашқы махаббаттың аты – алғашқы махаббат. Ал олардан кейінгі махаббаттың бәрі де алғашқы махаббатты қайталау. Повтор, повтор!..

Мен әр әніме алғашқы махаббаттай қараймын,деген екен.

Орыс іздеп әуре болмайсың

 

Күлкі жанрының классигі Оспанхан Әубәкіровтің жары Нұрсұлудың естелігінен.

– Орта мектепті бітіргесін, консерваторияға түстім, – дейді жеңгей, – курстастарым Асанәлі Әшімов, Райымбек Сейтметов, Нүкетай Мышбаева, Оспанхан Әубәкіров, Шәмші Қалдаяқов…

Кілең сайдың тасындай, бәрі де қазақша сайрап тұр. Мен Қостанайдағы детдомда өскен жетім қызбын. Орысша оқып, орысша тәрбие алдым. Қазақша түсінем, бірақ сөйлей алмаймын. Қай қазақтың сұрағына да орысша жауап қайырамын. Күндердің күнінде Оспанхан екеуміз тіл табысып, үйленетін болдық. Мені Шәмшіге ертіп барды да:

– Шәке, – деді, – осы қызды алсам қайтеді?

– Алсаң ал, орыс іздеп әуре болмайсың, – деді Шәмші де езу тартып.

Су болмай шығу

«Әнді қалай шығарасыз?» деген сұраққа, жарықтық Шәмші аға ағынан жарылып:

– Данышпан Глинканың «Музыканы шығаратын халық, ал композиторлар оны өңдеушілер ғана» деген сөзінде жан бар-ау, сірә? Ал өз жанымнан оған мынаны қосар едім: «Ән шығару деген сіркіреген жауынның астымен жүріп, су болмай шығу,деген екен

 

Әзірлеген Жамал Ермен

Осы айдарда

Back to top button