ТОП

ҚАЛАДА ҚАҢҒЫБАС ИТТЕР ҚАПТАП ЖҮР

Әлеумет

Қаланың қырық градус аязында аялдамадағы жағдай аянышты-ақ көрінеді. Таңғы суықта талғажау іздеп шыққандар аялдама маңында жолығамыз. Сенімен қатарласа жететін бүрсиген мысық пен азу тісі ырсиған иттер де мүшкіл халіңді мүсіркей түседі. Сол мезетте оларға берер қалтаңнан түйір дән шықпаса, «әй, ит өмір-ай» дейсің де, ит тірліктің жетегінде кете барасың. Содан соң санаңды сан сұрақ сапырады. Бізді қойшы, бұларды қаңғытқан кім? Бөрінің тәңірісі болса, иттің иесі болмай ма? Қаусаған қартты қауып алмай ма? Баланың балағына жармаспай ма? Жемтік теріп жеп жүрген иттер жұртқа ауру жұқтырмай ма? Бұларды бақылауға алатын біреу бар ма?

Қаланың қай бұрышына барсаң да қаптап жүрген қаңғыбас иттер мен мауыққан мысықты көресің. Бұралқы ит бұрыштан шыға келгенде селт етесің, ол секіріп, қашып жоқ болады. Алдыңнан кес-кестеген мысықтарды көргенде баба танымың оянып, ырымшылдығың ұстап айналып өтуге тырысасың. Алайда артынша тағысын тағы мысықтар кезекпе- кезек шыққанда ырымың жолда қалады. Мысықтың мияуы қаланың орта тұсынан, иттің ырылы қаланың шет жағынан көп естіледі. Бұл жағдайды бақылауға алатын  облыстық ветеринария басқармасының «Өскемен-вет» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнына хабарласып көрдік. Олардың айтуынша, қаланың Ахмер, Меновной, Аблакетка, Согра, Прапорщиков, Самал  аудандарында ит пен мысықтың жорығы көп болатын көрінеді. Осы аудандардың тұрғындарынан да жиі арыз-шағым түсіп тұрады екен. Сондай-ақ түнгі уақытта асырап отырған иттерін әдейі босатып жіберетіндер бар. Ал олардың әрекеті жұрт алдындағы жауапкершіліктің жоқтығынан екендігі айтпаса да түсінікті.

 

Ит аулаушылардың ахуалы нашар

 

Ит тірлікпен айналысып жүрген мекеме қызметкерлері көлік жағынан таршылық көріп отырғандарын айтады. Берілген он көліктің екеуінен басқасы жүрмей қалған. Бізге көрсеткен есік алдындағы екі көліктің қар жамылып тұрғанына біраз болыпты. Қалған алтауының қай қуыста қалғанын сұрамадық. Көлік дұрыс болмағандықтан арыз түскен аумаққа дер кезінде жетіп үлгермей қалатын көрінеді.

– Бұл мекемеде 10 қызметтік көлік бар. Қазір оның екеуі ғана жүріп тұр. Оның біреуін қолдан алғандықтан бір маман ғана жүргізе алады. Сырын білмесең, жүргізе алмайсың. Қызмет барысында көлігіміз сынып, далада қалған күндеріміз де болды. Сол үшін кейде шақырған жерге кешігіп барып жатамыз. Одан кейінгі тағы бір мәселе жалақының аздығы. Жалақы аз болғандықтан бізге жас мамандар жұмысқа келе бермейді. Менің осында қызметке келгеніме көп уақыт болған жоқ. Сондықтан алдағы уақытта мамандардың жалақысын өсіру жағын қарастыруды көздеп отырмыз. Егер жақсы жалақы төленіп, жағдай жасалса жұмыс та нәтижелі болатыны белгілі, – дейді «Өскемен-вет» шаруашылық жүргізу құқығындағы КММ директоры Самат Мұхтарханұлы.

Қаңғыбас ит пен мысықты аулаймыз деп машақат көріп келе жатқан мекеме қаржыдан да тапшылық көріп отырғандарын айтады. Бір жылға жоспарланып бөлінетін ақшалары жеткіліксіз. Мысалы, 2019 жылы 13 млн теңге қаржы бөлінген. Осы қаржыға  2568 ит пен 226 мысық атқан. Ал 2020 жылы 15 млн теңге бөлініп, 3634 ит пен 656 мысық атқан. Мекемеде ит ататын екі жұмыс тобы ғана бар болғандықтан кей кездері үлгермей де қалатын көрінеді. Десе де тұрғындардың өтініштерін қараусыз қалдырып көрген жоқпыз деп отыр. Мекеме қызметкерлері иесіз қалған ит пен мысықты атқаннан кейін арнайы орынға жеткізетіндерін айтады.

– Біз иттерді оқпен емес, дәрімен атамыз. Бір жағы бұл қиындық туғызады. 15-20 метрге дейін таяп барып ату керек. Ал жұрттың таяғынан жауыр болған иттер таятпай қашып кетеді. Оқ дәріні пайдаланудың да әртүрлі өлшемі болады. Дәрі дозасын аз пайдалансаң, біраз уақытқа ғана ұйықтайды. Дәрімен атып ұйықтатқаннан кейін иттер мен мысықтарды Желдіөзектен ары орналасқан таудағы арнайы орынға жеткіземіз. Жолы тұрақты күреліп тұрмайтындықтан, қыста ол жерге бару да бір қиямет. Иесі бар-ау деген иттерді шала ұйықтатып үш күн тосамыз. Арнайы жабдықталған орын күзетулі. Жаз айында иістеніп ауру таратпас үшін залалсыздандыратын арнайы дәрі сеуіп отырамыз. Дәріні Семейден алдырамыз. Ататын дәрі оқ пен себетін дәрі де қымбат. Сондықтан әрбір адам ит пен мысықты қаңғытып жіберудің соңы өкіметке шығын екенін білсе ғой, – дейді Самат Мұхтарханұлы.

Иә, «күшік асырап ит еттім, ол балтырымды қанатты» болып жүрмеу үшін үй жануарын асырарда обалын да ойлаған жөн.

Иттердің иесі қайда?

Бөрінің тәңірісі бар, иттің иесі қайда? Жеті қазынаның біріне балаған үй жануарының қаңғып қалуына кім кінәлі? Бұл сауалдарымызға ит аулайтын мекеме басшылығы «тұрғындар өздері кінәлі» деген жауап берді. Мекеме басшысының айтуынша, көктем шыға көшін саяжайға бұратын қала тұрғындары күшік асырауды қызық көріп, «Көк базардан» бір-бір күшік сатып ала кетеді екен. Жаз бойы бауырына басып баласы қызықтаған күшікті күзде қалдырып кетеді. Күн суыта ашыққан иттер топ-топ болып қаланың шет аудандарына торуылға шығады.

– Қыс түссе, иттердің қарасы маңайда көбейіп кетеді. Бәрінен де бала-шағаны қауып ала ма деп қорқамыз. Кешкісін есік алдына шығып бала-шаға ойнай алмай қалады. Түнгі уақытта жалғыз жарым жүрген адамды арандап тастауы да мүмкін ғой. Онымен қоса үй іргесіне сарып кететін арамдығы да бар. Ит ататын адамдар да, асырайтын тұрғындар да осы жағдайға бейжай қарамаса екен, – дейді Ахмер ауылының тұрғыны Амангелді Назаров.

Ал «Өскемен-вет» мекемесі тұрғындардың арыз-шағымы орынды деп отыр. Алайда 15 ит жүр деп шақырады, барғанда бірнешеуін ғана табатын көрінеді. Өйткені қаңғыбас иттер бір орнында тұрмайды. Сонымен қатар итті атар кезде иесі менмін деп шыға келетіндер бар. Ал оларға итін бос жібергені үшін ешқандай айыппұл сала алмайтын көрінеді. Өйткен айыппұл салу заңда жазылмаған.

– Тұрғындар қазір екіге бөлініп алған. Бірі итті атпаңдар, жеті қазынаның бірі десе, енді бірі атыңдар деп шығады. Сондықтан ит ату кезінде дау-жанжал көп шығады. Біз ит атуға арнайы комиссия құрамымен шығамыз. Оған сол аумақтағы әкімшілік өкілі мен полиция қызметкері кіреді. Атылған ит пен мысықтың тізімі жасалып, комиссия мүшелері қол қояды. Иттің иесі бар-жоғын қарғыбауынан тануға тырысамыз. Иесі бар иттердің көбінің мойнында қарғыбауы болады. Ондай иттерді атпаймыз. Өйткені артынан иесі шыға келіп жоқтау салады. Ол өзі итін бос жібергенін қате деп түсінбейді. Өткенде бір апа итін іздеп бізге келіпті. Жарты күн уақытымды жұмсап итті бос жібермеу керектігін әрең түсіндірдім. Біздің тұрғындар жауапкершілікті сезінбейді. Сондықтан иттерін кешке бос жібере салады. Менің ойымша, иттерге арнайы белгі салып,  тіркеуге алу керек. Мысалы, иттердің жұқа шабына белгі соғуға болады. Сол арқылы көшеде жүрген иттерді ұйықтатып тастап, иесін тауып алуға болар еді. Жалпы айтқанда, жұртта жауапкершілік болса біздің жұмыс жеңілдер еді, – дейді Самат Мұхтарханов.

Мекеме басшысы қаладағы бала ойнайтын аулаларда ит қыдыртып жүретіндердің де қылығы дұрыс емес екендігін сөз етті. Алайда арнайы  итпен қыдыратын орын болмағандықтан, оларға шектеу қоя алмайтындарын айтады. Айтпақшы, ауланы қойып автобуста да иттерін қолтықтап алып жүретіндер бар. Санитарлық талап дегенді сақтап жатқан олар жоқ. Біреу жаңа туған баласын, біреу итін құшақтап отырады.  Ал қала мен далада біреу баласын, біреу итін қаңғыртып кетеді. Біздің елдегі бұл да бір кем дүние!

Қызырбек Дүргінбайұлы

 

Осы айдарда

Back to top button