ТОП

Қала тазалығы қатаң бақыланады

Азамат Темірбеков

Бұдан былай қоқысты контейнерден тыс тастап, алаңды ластаған қала тұрғындары жазаланатын болады.

Бұл туралы Өскемен қаласы әкімдігінде «Шығыс Қазақстан облысының қалалары мен елді мекендері аумақтарын абаттандыру қағидаларын» талқылау барысында айтылды. Жергілікті атқарушы органдар басшыларының, учаскелік инспекторлар мен аумақтық басқару орталығы бөлімшелері өкілдерінің басын қосқан жиында тұрмыстық қатты қалдықтарды төгуге байланысты мәселелер талқыланды.

– Бұл ережелерде бірқатар маңызды сәттер бар. Жалпы, ол қауіпті қалдықтар, өндіріс қалдықтары, қалдықтармен жұмыс істеу, коммуналдық қалдықтар, қалдықтарды бөлек жинау, қайта өңдеу сияқты жаңа ұғымдармен толықтырылды, – дейді Өскемен қаласы әкімі аппаратының басшыс Фархат Жилибаев. – Сонымен қатар ережеде контейнер алаңдарына арнайы техниканың қолжетімділігін қамтамасыз ету жайы енгізілді. Бұл – біздің қала үшін өзекті мәселе, енді ол реттелді, қоқыс тасымалдаушы және басқа да коммуналдық техникалар контейнерлік алаңдарға еркін бара алуы тиіс.

Сонымен қатар бұдан былай алаңдардың санитарлық жағдайы тұрғындардың да, қоқыс шығаратын компаниялардың да ортақ жауапкершілігі болып табылатын болды. Яғни мамандандырылған ұйымдар қоқысты тиеу кезінде контейнерден 1,5 метр радиуста шашылған қоқысты бір рет жинаса, іргелес алаңды пәтер иелері кооперативтерінің аула сыпырушысы бір күн ішінде жинауы қажет.

– Контейнерлік алаңдардың аумағын ластауға тыйым салынады. Осылайша, қоқысты контейнерден тыс тастау – бұл құқық бұзушылық болып саналады. Контейнерлер толып кетсе де, қоқысты жақын жерге тастамау керек. Сонымен қатар аула аумақтарын абаттандырумен айналысатын кондоминиумды басқару органдары жыл сайын 15 сәуір мен 15 қазан аралығында балалар алаңдарының құмсалғыштарын құммен толтырады. Оған қоса, олар өз қаражаты есебінен ауладағы шағын жабдықтарды ауыстыруды, жөндеуді және сырлауды жүзеге асырады, – дейді Өскемен қаласы полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Орал Рыспаев.

Оның айтуынша, қала аумағында қар аялдамалардан, жаяу жүргіншілер өткелдерінен, көпірлерден жауғаннан кейін бір тәулік ішінде, магистралдық жолдардан 3 тәулікте, басқа көшелерден 5 тәулікте, жеке сектордан қажет болған жағдайда айына бір реттен кем емес, ал аула аумақтарынан 3 тәулік ішінде шығарылуы тиіс көрінеді. Сонымен қатар шатырдан қар мен мұз сүңгілерін уақтылы түсіру және оларды жинау, шығару үйлердің меншік иелерінің жауапкершілігі болып саналады.

Бұдан бөлек, жасыл желектерді күтіп ұстау және қорғау ережелеріне сәйкес, ағаштарды санитарлық және қалыпты кесу қажет болған жағдайда енді жыл бойы жүргізіледі. Бұған дейін бұл жеміс тек көктем немесе күз маусымында ғана атқарылып келген. Сондай-ақ бұған дейін ағаштарды кесуге рұқсат жеке және заңды тұлғалардың өтініштері негізінде, өтемдік отырғызу жоспарын және кепілдік хатты ұсынбастан беріліп келсе, ендігі уақытта ағаштарды кесуге рұқсат беру мемлекеттік қызмет болып табылады және электрондық үкімет порталы арқылы беріледі.

Осы айдарда

Back to top button