Қоғам

Қала ішіндегі автобустарға қаржы бөлінеді

Семейде тұрғын үй құрылысы мен әлеуметтік маңызы бар автобус бағыттарын субсидиялау мәселелері қаралды.

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды баспанамен қамту үшін Қарағайлы тұрғын ауданында көппәтерлі тұрғын үйлер салынатын аумақтар анықталды. Осылайша, алдағы уақытта 36 мыңға жуық тұрғынды баспанамен қамту жоспарланды.

Бұған дейін мұнда 39 үй пайдалануға берілсе, дәл қазір 4396 пәтері бар 75 үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Өстіп, жыл соңына қарай жалпы ауданы 263 мыңнан астам  шаршы  метр тұрғын үй пайдалануға берілмек.

Ал келер жылы қосымша тағы 38 үйдің құрылысы жүргізіледі. Сонымен қатар Семей қаласының әкімі жылу профициті бар аудандарды қайта жаңғырту жұмыстарын жалғастыру қажеттігіне назар аударды.

– Тұрғын үйді пайдалануға беру кесте бойынша жүргізілуі тиіс. Алдағы уақытта құрылыс учаскелері мен жобалардың ағымдағы жағдайын анықтау үшін құрылыс учаскелерін аралап, қажет болған жағдайда бюджетті нақтылау кезінде оларды қаржыландыруға қосуды тапсырамын, – деді Бақытжан Байахметов.

Оған қоса, аталмыш кеңесте әлеуметтік маңызы бар бағыттарды субсидиялау мәселесі де қарастырылды. Бүгінде, жолаушылар тасымалын жүзеге асыруға байланысты тасымалдаушының шығындарын субсидиялау  бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Осы орайда, арнайы жұмыс тобы құрылды. Отырыс барысында 40 маршруттың 38-іне есептеулер ұсынылып, №52 және 49 маршруттарды қоспағанда, олардың барлығы дерлік әлеуметтік маңызы бар тізбеге енгізілді. Сондай-ақ үшжақты субсидиялау шарты жасалды.

Жалпы, биыл әлеуметтік маңызы бар автобус бағыттарын субсидиялау үшін 3 922 245,1 мың теңге қажет.

Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына әлеуметтік маңызы бар бағыттарды субсидиялауға бюджеттік өтінім жолдағанымен, әзірге қолдау тапқан жоқ. Осыған орай, қала басшысы өз орынбасарларына осы мәселені біржақты ету үшін облыс орталығына баруды тапсырды. Оған қоса, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне жыл соңына дейін тасымалдаушылардың қанша автобус сатып алуды жоспарлап отырғанын анықтауды тапсырды.

 

Флора Левина

Семей.

Осы айдарда

Back to top button