ҚАЖЫМҰҚАННАН БАТА АЛҒАН ТҰРЛЫХАН
Асқақ Алтай мен Тарбағатай тауларының сілемі саналатын Қалба, Құсмұрын, Қандығатай сияқты аласа тау жоталары Шығыс өңірін мекендеген ежелгі Найман елінің ата қонысы екені көпке мәлім. Бай табиғатына қарай бұл жақтың адамдары да кең пейілді, жомарт, үлкен жүректі һәм мейірімді болып туады десек, артық айтқандық емес. Осындай ежелгі ата қонысы Қандығатай өңіріне орналасқан Алжан тауын, оның сиқырлы сыры мен бай табиғатын осы өлкенің тумасы, ақын Тұрлыхан келістіре жырлайды.
Ал Тұрлыхан Қасенұлы деген ақын кім еді?
Ол – бүгінгі тақырыпқа арқау болғалы отырған елімізге белгілі балуан, күрестен спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Болат Тұрлыхановтың әкесі. Тұрлыхан ақын ғана емес, ХХ ғасырдың басында ел тағдыры үшін күрескен, Алаш Орда қайраткерлері аралас-құралас болған, оқу-ағарту саласының белді қайраткері, журналист-жазушы. Ұлтымызға зобалаң әкелген ХХ ғасырдың 30-шы жылдарында «халық жауы» атанып, елі үшін жанын құрбан еткен тұлғалардың бірі. Атақты Қажымұқанның назарына ілінген балуан Тұрлыхан осал адам емес. Тегі, Болат балуан шын мәнінде, кісілігі мен күштілігі үзілмеген ата-бабасына тартқан болар. Олай дейтініміз, Болаттың ұлы атасы – Сыбан, руы Түкі батырдың Бөгенбайынан тарайтын ұрпағы Қасен Жолдыбайұлы. Қасен Меккеге екі рет барып, қажы атанған. Ислам дінін адамгершіліктің тірегі деп ұққан, діннің қағидаларын терең түсініп, мұсылмандық жолды берік ұстанған, еліне қадірлі, абыройлы адам болған.
Қасен қажы да жасында күш-қайраттан кенде болмаған сияқты.
Қажымұқан демекші, осы бір әйгілі балуан мен Тұрлыханның сыйластығы туралы Қыдырбек Рысбекұлы «Қайтпас қайсар қазақпын» деген кітабында былай деп жазыпты:
«1934 жылы 26 ақпан күні Қажымұқан бір топ әйгілі адамдарды бастап Семейге келеді. Тұрлыхан да қадірлі ағасына сәлем бере барған еді. Баһадүр балуан Жарма өңіріне өнер көрсетуге барғанда алғаш көрген, одан кейін де досы Мұхамедханның үйінде дастарқан басында талай кездестірген Тұрлыханды ұмыта қоймапты. Кішігірім тау тәрізді алып денесіне қарамастан жеңіл қимылдап, мол құшағына басты. Баяғыдай емес, Қажекең шау тартыпты.
Бір жолы Жарма жақтағы сапарында: «Бұл елдің менімен белдесуге жарайтын жігіті бар ма?» дегенде Тұрлыхан: «Балуан аға, сізді жығуға шамам келмейтінін білемін. Бірақ ұстасуға жараймын», – деген еді. Сонда риза болған Қажымұқан ағасы оны бауырына тартып, батасын беріп, қасына отырғызыпты.
Міне, осылай болса, Болат балуанның ата-тегінен батырлық пен балуандық үзілмеген, атадан балаға жалғасқан үрдіс деуге негіз бар. Оның әкесі Тұрлыхан 1902 жылы Жарма ауданының бұрынғы Қандығатай болысына қарасты Теректі деген ата қыстауында дүниеге келіпті. 1920 жылы Семейде мұғалімдер даярлайтын сегіз айлық курсты бітіріп, төрт жылдай ауыл мектебінде мұғалім болып жұмыс істейді. 1925 жылы педтехникумға түсіп, оны аяқтаған соң Аягөз аудандық оқу бөлімінде инспектор, ал 1930 жылы Семейдегі «Колхоз-жастар мектебінің» директоры қызметін, 1933 жылы Көкпекті аудандық оқу бөлімін басқарды. Ол қай жерде жұмыс істесе де, ақындық пен жазушылықтан қол үзбейді. 1934 жылы Қазақстан жазушыларының І съезіне Семейден делегат боп қатысып, М.Әуезовпен және І.Жансүгіровпен жақын танысады. Сол жолы Жазушылар одағының Шығыс Қазақстан облыстық бөлімінің бастығы болып тағайындалады. Алайда 1929 жылы «Бай баласы партияға кіріп кетті» деген шағым-хаттың соңы үлкен тексеріске ұласып, ақыры нақақ жаламен «халық жауы» атанып, 1937 жылдың 27 желтоқсанында тұтқындалады. Содан оған туған елден топырақ бұйырмай, 1942 жылы Ресейдің Нижний Тагил деген жерінде көз жұмады.
Болаттың атын Қайымның әкесі қойған екен. Артында зайыбы Меңкебану (Сара) мен Болат, Мұрат атты екі баласы шырылдап қала береді. Болат Тұрлыханұлы 1932 жылы дүниеге келгенде, әке-шешесі Семейде Мұхамедхан ақсақалдың үйінде екен. Тұрлыхан Мұқаңа «Баланың атын сіз қойыңыз» – деп өтінгенде, Мұқаң: «Елдің белі бүгіліп, берекесі кеткен ауыр кезеңде туды ғой. Тасқа салса майырылмайтын, болаттай бекем болсын. Есімін Болат қояйық» – деп алып, дауысын көтеріңкіреп:
«Елдің туын ұстайтын ақиық жігіт болып, атаңа тартып өс!» – деп үш рет құлағына айғайлапты. (Мұхаметхан ақсақал – белгілі ғалым Қайым ағаның әкесі – автор). Оның айтқаны айдай келіп, Болат бүкіл қазақ елінің азаматы атанады. «Халық жауының» баласы атанған Болат пен Мұрат әкесінің немере туысы Әбуғали Байеділовтің көмегімен Үржардағы Науалы мектеп-интернат үйіне қабылданып, он жылдықты бітіреді де, Болат әкесінің Алматыда тұратын қарындасы Нағипаға тартып отырады. Мақсаты – Алматы денешынықтыру институтына түсу. Апайының қарсылығына қарамай, оқуға түсіп, қуанышқа бөленеді. Бірде апайы Нағипа теміржолда кезекшілікте тұрып, радиодан «Болат Тұрлыханов – күрестен Қазақстан чемпионы» – деген хабарды естіп, қуанғаннан көз жасына ие бола алмапты. Болат үшін институт қабырғасында жүргенде, әсіресе туыстарының аузынан «Әкең Тұрлыхан қойдың ортан жілігін бұрап сындыратын, қаласа бір-ақ ұрып, күлпаршасын шығаратын» деген әңгімелерді естіп, оның ел зиялыларымен тең дәрежеде жүргенін, Қажымұқанмен дәмдес, сыйлас болғанын білуі аса бір мақтаныш еді. Ол оқу бітіріп, елге оралғанда, әкемдей болсам деген арманмен келген болатын.
Жас балуан сол абырой, атақ үшін еңбек ете білді. Болат Қалбатау ауылы, Абай атындағы орта мектепте денешынықтыру пәнінің мұғалімі болып іске кіріседі. Мұғалім бола жүріп, ол аудан, облыс тіпті республика көлемінде болған жарыстардан абыройсыз қайтқан емес.
Бір ғана мысал, 1959 жылы Қарағанды қаласында қазақ күресінен республикалық жарыс өтеді. Бұған Семей өңірінен сайдың тасындай іріктеліп алынған жармалық Болат Тұрлыханов, шұбартаулық Сайлау Сақаев, абайлық Нұғман Сәдуақасов сынды елге танымал балуандар қатысады. Абырой болғанда, сол жарыста Семейдің үш жігіті де чемпион атаныпты. Сол жылы тағы бір республикалық жарыс Семейде өтіп, әрі балуан, әрі жаттықтырушы Бөкең тағы да жүлдегер болып, алдына жан салмайды.
Қалбатау елі қадірлі ұлының атына спорт мектебін берді.
Болаттың жерлес інісі, шәкірті, еркін күрестен Қазақстан мен Орта Азияның чемпионы, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, елімізге еңбегі сіңген мәдениет қызметкері, халық ағарту ісінің үздігі Қабен Байдосов Болат жайында:
«Ол кісінің жан-жақтылығына бәріміз тәнті болушы едік. Бөкең спорттың қай түріне салсаңыз да, көсіліп жүре беретін, әдіс-тәсілдің иін қандырып үйрететін. Әсіресе жамбасқа салуы керемет еді. Оның жамбасына іліккен небір дәудің аяғы аспаннан келгенін көзімізбен көрдік» деп еске алады.
Қабден балуанның сөзін Болаттың адал жары, халыққа білім беру ісінің үздігі Мәрзия Айтбайқызы Тұрлыханкеліні қуаттағандай «Тұрлыханның тұяғы» атты естелігінде былай депті: «Бөкең көп сөйлемейтін, біртоға мінезді адам еді. Ол ұлдарын жауынгерлік рухта тәбиелеуге баса көңіл бөлді десем, артық емес. Отағасының жанкешті еңбегі еш болған жоқ. Ұлдарымыз шетінен шымыр болып өсті. Ішінен жеке-дара шыққаны – Дәулетіміз.
Әкесі Дәулетті ширықтыра түсіп: «Сен батырлар мен қажырлылар әулетіненсің. Атаң Тұрлыхан Қажымұқанмен үзеңгілес жүрген екен. Сондықтан ата-бабаңның аруағына сыйынып жүр. Жаман болмайсың» – деп отырушы еді.
Иә, шынында да, солай болды. Дәулет әке сенімін ақтаған ел азаматы атанды. Бөкеңнің өзге ұлдары да – спорттың грек-рим және самбо күресінен республика чемпиондары.
Мәуітқазы Зүкенов
Өскемен