Қоғам

ҚАБДЕШ АҒАНЫҢ БАТАСЫ

Мектепте оқып жүргенімде журналист боламын деп ойламайтынмын. Сол кезде машина жүргізуге қызығушылықпен мен де шопыр боламын дейтінмін. Кейбір сабақтардан жалығып кеткенде оқулықтардағы әңгімелерді оқуға қызықтым.

Сөйтіп жүріп әдеби кітаптарға көңілім ауа бастады. Қызықты бір әңгіменің бітіп қалғанына өкінесің. Сондай кездерде менде осындай әңгіме жазғым келіп кететін. Бірақ ондай қабілет қайда? Уақыт өте «кітапқұмарлық» ауруына шалдығыппын. Кітаптағы оқиға желісіне ілесіп, кейіпкерлермен араласып кеткеніңді де байқамай қаласың. Мысалы, Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен терін» оқығанда Кәленге риза болып, Еламанды жақтап, Тәңірбергеннің серілігіне таңданып, кітаптағы оқиғаның ортасына қалай кіріп кеткенімді аңғармай қалатын кездер көп болды.

– Әй жат! Таңертең тұрмайсың! – деп әкейдің дауысы шыққанда «иә» деп қойып, көрпемен басымды қалқалап оқитынмын. Ертеңінде ерте тұрып, кітапты көрсетпей қойын қалтаға тығып алып шығушы едім. Әкей көрсе «Әй, кітапқа айналып отырғанда, қойдан айырыласың» дейді ғой. Сөйтіп жүріп кітап жинайтын болдым. Қабдеш ағаның кітаптарымен де сол кезден бері таныса бастадым. Он жылдықты да бітірдім. Ол замандағы теріс саясаттың кесірінен мектеп бітірген соң бірден оқуға келуімізге үлкен кедергі болды. «Өндірісте қалып, бір жыл қой бағу керек» деген желөкпе ұран жолымызға көлденең тұрды. Одан айналып кете алмадық. Әрі әке-шешеміз де өмір бойы мал баққан. Жастары да келген оларды орта жолда тастап кету де қиын болды. Тәуекел етіп, совхозда қой бағуға қалдым. Қазан айының ортасы болатын. Түс ауа Жамбыл ауылындағы моншаға келдім. Ол кезде моншаны сенбі, жексенбі күндері ғана жағатын. Кісі қарасы қалың. Кезегіміз келгенде билет алып ішке кірдік. Ауыл ақсақалы Мамырбек ағаның орны босап соны иелендім. Қызықтың көкесі ішке кіргенде басталды. Енді жуына бергенде ыстық су бітіп қалды. Ыстық бу да құрыды. Жарық та сөне қалды. Ел шулап кетті. «Осы ауылдың моншасы бір оңбады! Анау Гүлнарға айтып осыны «Достыққа» бір жаздырмасам болмайтын болды!» – деді Айтқабыл ақсақал. Моншаға келген жұрт ренжіп тарай бастады. Шала-пұла жуынып біз де шықтық. Ат үстінде келе жатып жаңағы Айтқабыл ақсақалдың «осыны жақсылап тұрып газетке жаздырмасам болмас» дегені есіме түсіп, мен де аудандық газетке жазып көрсем қалай болар екен деген ой келді. Кешкі астан соң сол моншадағы келеңсіздікті қысқаша жаздым. Қайталап оқып шығып, кейбір сөйлемдерімді өзімше түзедім де, таза бетке көшірдім. Хатты конвертке салып, сыртына Зайсан аудандық «Достық» газетінің редакциясына деп жазып, ауылдағы поштадан салып жібердім. Содан бастап жазғаным шықты ма екен, қалай шығар екен деп газеттің әр санын қарап жүретін болдым. Арада 10-15 күндей уақыт өтті. Жазғаным жарамай қалған шығар дедім де қойдым. Содан бір күні совхоз орталығына барып келген әкем: «Әй, сен не бүлдіріп жүрсің?! «Ана ит балаң мені газетке жамандап жазыпты!» деп түгімді қалдырмай боқтады!» – деп тұр.

Совхоздың директоры Сайфолла Жайлаубаев та, оның орынбасары Сіләмғали Самарханов та құрдастары болатын. Сол жерде баяғы монша жайлы жазғаным есіме түсе кетті. Ерттеулі тұрған атқа міне салып, желе жортып ауылдағы кітапханаға келдім. Марқұм Рәуилә Асқарова деген кітапханашы болатын. Ауылдағы жасы үлкендердің бәрі Рәтай дейтін. Аман-саулықтан кейін бүгінгі газетті сұрадым. Апай шеткі үстелді нұсқап, жатқан газетті көрсетті. Асығыс қарап шықтым. Соңғы беттің аяқ жағында «Моншаның әлегі» деп өзім қойған тақырыппен жарық көріпті. Оқып шықтым. Кейбір сөздерімді өзгертіпті. Көбі өз сөзім. Астында Т.Бердалин деп тұр. Газетке осылай жазуға болады екен ғой деген ой келді. Өзімше үлкен бір шаруа бітіргендей, баяғы Айтқабыл ақсақалдың ойлағанын іске асырғандай болып марқайып қайттым. Содан бастап аудандық газетке шағын мақалалар жаза бастадым. Үзілмей шығып тұрды. Бір қызығы, сол кезде совхоздың шолақ белсенділері өздерінің көңілі түскен малшыларға, болмаса басқаларына онша көңіл бөле бермейтін. Соларға есем кетіп, сөзім өтпей жүретін. Осы газет бетіне шыққан әрбір сын мақала олардың жанды жеріне тиетінін білдім. Бір күні бөлімшенің шаруашылығына жауапты Бопа Сахариев деген ағамыз: «Малшылардың қыстаулары әлі жөнделмей жатыр, мыналар ойланар емес. Осыны жазшы», – деді. Мен дереу «Қора жайсыз, басшылар қамсыз» деген шағын сын мақала жаздым.

Ол да шықты. Сонда біреуі «Сенің ана саусақтарыңды сындыру керек» деген еді. Мен оның шындық екенін, қыс болса келіп қалғанын айттым. Содан көп ұзамай-ақ малшылардың қоралары мен үйлерін жөндеу жұмыстары басталып кетті. Бір күні ақын Нұрлан Мәукенұлы «Төлеухан, сен бүйтіп жүре берме, журфакқа оқуға тапсырып көр» деді. Ол бізге жақын құда бала болатын. «Ой, Нұрлан, менің аттестатым толған үш. Мен ондай оқуға қалай түсемін?» дедім. Ол «Баға маңызды емес, газеттерге мақалалар жаза білсең болды» деді. Тәуекел, көрейін, болмаса әсем Алматыны бір көріп қайтармын деген оймен 1982 жылы күзде журфактың дайындық курсына келдім. Сол жерде Ж.Қалыбай, Амангелді Әбіл, тараздық Қойшыбай Есентаев секілді азаматтармен бірге тапсырдым. Олар оқуға түсіп кетті. Сол кездегі журфактың дайындық курсының деканы марқұм Тұрап Срайлов деген кісі 300-ге жуық мақаламды көріп: «Ой, сен дайын журналист екенсің ғой», – деп үміттендіріп алып, менен әлдене дәметіп, оқудан шеттетіп еді. Содан қыс ішінде танысқан балалар мен қыздарды қимай қоштасып, ауылға қайтқанмын. Арада жылдар өте берді. Мен үзбей мақаламды жаза бердім. Ауылда жүргенде Желтоқсан оқиғасы да өтті. 1987 жылдың жазында тағы бір рет барып көрейін, оқуға түсе алмасам, қой бағып кетсем де қатарымнан қалмаспын деп үйреншікті жолмен Алматыға қайта келдім. Сәті түсіп 20 маусым күні түске таман ең соңғы болып құжаттарымды өткіздім. Енді жарты сағат кешіккенімде қабылдау комиссиясының жұмысы бітеді екен. Сөйтіп, абитуриент атандым. Бір күні емтиханның өтетін уақытын білейін деп ескі корпусқа келдім. Бір кісі қасымнан өтті. Қасында баласы бар. Қарасам М.Әуезовтен аумайды. Бұл кісі кім екен деп ойланып келемін. Хабарландыру ілінген жерге біздің балалар да жиналып қалыпты. Әлгінде көрген адам біздің жанымызға келді.

– Балалар емтихан қашан өтеді? – деп сұрады.

Біз жарыса айтып бердік. Ол кісі ұлы Жәнібекті оқуға әкеліпті.

– Рақмет балалар! Бәрің де оқуға түсіп кетіңдер! – деді де қайқайып жүріп кетті.

Мен ол кісінің марқұм Қабдеш Жұмаділов екенін кейін білдім. Сонда бізге жақсы тілек тілеп еді. Кейін менің оқуға түсуіме сол асыл ағаның тілегі қабыл болған шығар деп ойладым. Кейіннен бірнеше рет кездесіп, әңгімелескен кездерім де болды. Сол кездесудің бірінде мен ол кісіні танымағанымды айттым. Онда мен де асығып жүргенмін деп есіне алды. Содан бері мен Қабдеш ағаға қарыздармын деп ойлап жүретін болдым. Кеңес өкіметінің билігі жүріп тұрған қиын кезде шекара асып, қазақтың елге көшуіне бастамашы болып еді. Одан кейін осы Алматыдағы қазақ мектептерін көбейтуге белсене араласты. Өкінішке қарай, дәл бүгінгі күнде бас қаламыздағы араның ұясындай болып көбейіп кеткен аралас мектептердің санын азайтуға белсеніп шығатын адамдардың қарасы көрінбей жүргені жанға қатты батады.

Қайран, асыл ағам-ай… Қазағыңызға көзіңнің тірісінде жасаған жақсылығыңыз аз болғандай, елімнің шетін күзетіп жатайын деген ниетіңіз қабыл болсын. Жатқан жеріңіз жұмақтың төрі болып, алдыңыздан     пейіштің алтын қақпасы айқара ашылсын деп тілегеннен басқа не айтайын.

Төлеухан Бідірәлі, журналист

Осы айдарда

Back to top button