Пушкин атындағы кітапханаға 125 жыл
Биыл Шығыс Қазақстан облысының Пушкин атындағы кітапханасының негізі қаланғанына 125 жыл толды. Осыған орай кітапхана қызметкерлері халықаралық деңгейде конференция ұйымдастырды. «Кітапханалардың инновациялық қызметі: тәжірибе, әдістеме, тенденциялар» тақырыбында өткен онлайн жиынға Германия, Эстония, Литва, Ресей, Өзбекстан қатарлы елдерден кітапханашылар қатысты.
Онлайн конеренцияны мекеме басшысы Бибігүл Шағиева басқарып, қонақтарға кітапхана тарихын баян етті. Ал конференция барысында онлайн байланысқа шыққан облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Раушан Қапасқызы рухани шаңырақты тарихи тойымен құттықтады.
– Баршаңызды аймағымыздың рухани шаңырағына айналған кітапхананың 125 жылдық тойымен және халықаралық деңгейде өтіп жатқан конференцияның ашылуымен құттықтаймын. Кітапханаларды қазіргі таңдағы негізгі ақпарат көздерінің бірі деуге болады. Бүгінгі таңда кітапханалар қосымша білім беру, өзін-өзі дамыту, зияткерлік шығармашылық беру орталығына айналып отыр. Пушкин атындағы шаңырақ өз имиджін жоғары деңгейде сақтап келе жатқан бірден-бір кітапхана, – деді Раушан Қапасқызы.
Ал игілікті іс-шараға арнайы келіп қатысқан облыс әкімдігінің өкілі өңір басшысының құттықтауын оқып берді. Торқалы тойға арналған конференцияға алыс және жақын шетелдің ұлттық, республикалық, өңірлік кітапханаларынан қонақтар қатысты. Өз саласының мықты мамандары MakerSpace шығармашылық шеберханалары мысалында оқуды ілгерілету саласындағы инновациялық тәжірибелері, кітапханаларға арналған маркетингтік стратегиялары, цифрлық сауаттылықты дамыту бойынша тәжірибелері туралы айтып, ой бөлісті.
Сонымен қатар халықаралық конференцияға Еуразия кітапханалық ассамблеясы, Мәскеу мемлекеттік мәдениет институты, В.И.Даль атындағы Ресей әдебиеті тарихының мемлекеттік мұражайының қызметкерлері қатысып, кітапхана жұмысына сәттілік тіледі. Тарихи тойын тойлап жатқан кітапхана шетелдік кітапханалардың жетістіктеріне де құлақ түріп, конференцияны бірнеше секцияға бөліп өткізді. Шара барысында «Кітапханалардағы заманауи IT-технологиялар» тақырыбының негізінде Мартинас Мажвидас атындағы Литва ұлттық кітапханасының Мейкер Спейс шығармашылық шеберханасы шеберліктерімен бөліссе, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ғылыми кітапханасы заманауи технологиялар тетігіне арналған презентацияларын таныстырды.
Конференцияның келесі секциясы биыл елімізде болып жатқан «Балалар әдебиеті жылына» арналды.
Алтай Ғали-Асқар