Руханият

Пушкин атындағы кітапхана 120 жылдығын атап өтті

Пушкин атындағы  кітапхана 120 жылдығын атап өтті

Сонау 1896 жылы Өскеменде шағын ғана оқу залы бар ақылы кітапхана ашылыпты. Кітап қоры қалалық интеллигенция мен саяси жер аударылған адамдардың жеке кітаптарынан құралған сол кітапхана бүгінгі күні еліміздегі кітапхана саласының көшбасшысы болып саналады. А.Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасы өзінің 120 жылдық мерейтойын атап өтті. Мерейтойға облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қатысты.
120 жыл… Бұл ауыз толтырып айтуға ғана оңай. Ал шындап келгенде осынау ғаламат білім қазынасын жинау жолында қаншама адам тер төгіп, қызмет етті десеңізші. Мұны өзінің құттықтау сөзінде облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар да ерекше атап айтты.
– Бүгін біз тек қана Шығыс Қазақстан облысының ғана емес, бүкіл елімізге аты мәшһүр, өзінің жан-жақты жұмыстарымен кеңінен танылып жүрген А.Пушкин атындағы кітапхананың 120 жылдық мерейтойына жиналып отырмыз. Бұл – тарихқа тұнған 120 жыл. Халықтың, елдің басынан небір оқиғалар өткен 120 жыл. Осы жылдар ішінде кітапхана да өзінің даму жолынан өтті. Ең алғашқы қадамын қоғамдық кітапхана болып бастаған мәдени орын қызметкерлері Ұлы Отан соғысы жылдарында майданнан келген хаттарды жеткізумен айналысты. Кітапхананың шырқау шегі бүгінгі тәуелсіз Қазақстанда өтіп жатыр десек артық айтқандық емес. Өйткені, тәуелсіздік алғаннан бері өзге салалармен қатар кітапхана саласы да қарқынды даму үстінде. Бүгінгі күні бұл кітапхана жылына 400 мыңға тарта оқырманға қызмет көрсетеді. Бұл тек оқырмандар келетін ғана орын емес, өз алдына үлкен бір білім беру ошағы және ақпарат алаңы болып саналады, – деген облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар аталған кітапхананың алдағы уақытта да елдің дамуына, жас ұрпақтың көзінің ашылуына қызмет көрсете беретініне сенімділік білдіріп, кітапхана ұжымын облыс басшылығы атынан мерейлі мерейтоймен құттықтап, бірқатар кітапхана қызметкерлерін облыс әкімінің грамотасымен марапаттады. Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар сонымен қатар, арнайы дыбыс ұлғайтқыш аппаратура алу үшін кітапхана ұжымына 250 мың теңгенің сертификатын табыс етті.
– Бұл кітапхана – еліміздегі нөмірі бірінші кітапхана. Қазақстандағы кітапхана саласы инновациясының лидері. Шындығын айтайық, біз кітапхана саласындағы небір заманауи жаңалықтарды осы кітапханадан біліп отырамыз, – деді салтанатты жиында сөз алған Ұлттық кітапхананың бас директоры, белгілі жазушы Әлібек Асқар. Сонымен қатар, Әлібек Асқар кітапхана мерейтойына жиналған қауымға Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының құттықтауын да оқып берді.
Ұлттық кітапхананың бас директоры Әлібек Асқар бірқатар кітапхана қызметкерлеріне «Кітап мәдениетіне қосқан зор үлесі үшін», «Кітапхана ісінің үздігі», «Кітапхана ісінің ардагері» медальдары мен төсбелгілерін табыстады.
Сондай-ақ, салтанатты жиында облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының міндетін атқарушы Раушан Нұрмұханова, мәдениет қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Л.Князова, облыстық ішкі саясат басқармасы басшысыны орынбасары И.Смит, БҰҰ даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Норимас Шимомура, Қазақстандағы АҚШ елшісінің орынбасары Джон Марк Поммершайм, Ресей Федерациясының Өскемендегі бас консулы Сергей Анненков және кітапхананың өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қосып келе жатқан демеушілер мен серіктестер, ұзақ жылдар бойы кітапханамен достық қарым-қатынаста болған шетелдік әріптестер де сөз алып, ізгі тілектерін білдіріп, өздерінің сыйлықтарын табыс етті.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button