ПТР-тестін тегін тапсыруы мүмкін

Шипажайлық-курорттық емдеуге жолдама алуда бородулихалық көпбалалы аналар мен мүгедектер коронавирустық инфекцияға қатысты ПТР-тестін тегін тапсырулары мүмкін.
Бұл туралы көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың мәселелерін қарайтын аудандық комиссияның кезекті отырысында айтылды. Халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына көрсетілетін медициналық көмек пен аудан тұрғынының дәрі-дәрмекпен қамтылуы жайын хабарлаған аудандық аурухананың бас дәрігері Гүлжан Қалиева бүгінгі күні көпбалалы аналар мен мүгедектердің, зейнеткерлердің міндетті медициналық сақтандыру қорына жарна төлеуден босатылғанын атап өтті.
– «Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбелгілерімен марапатталған немесе бұрынырақта «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ І-ші және ІІ-ші дәрежелі «Ана Даңқы» ордендерін иеленген, бала күтіміне байланысты үйде отырған, бала жасынан мүгедек балаларды бағып отырған аналар, зейнеткерлер мен соғыс ардагерлері мұндай жарна төлеуден босатылған. Олар үшін қорға қаражатты мемлекет аударады, – деді Гүлжан Қалиева.
Бұдан бөлек, комиссия отырысында аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАЖ бөлімінің басшысы Альмира Байболова орталық аудандық аурухананың шипажайлық-курорттық емдеуге жолдама алуда адамдарға коронавирустық инфекцияға қатысты тапсырылатын ПТР-тестін тегін тапсыруға қолғабыс етуін сұрады. Мұны назарға алған комиссия мүшелері осы санаттағы азаматтардың бұдан былай тұрғылықты жерлері бойынша учаскелік дәрігерге жүгіну қажеттігі туралы шешім қабылдады.
Айта кетсек, өткен жылы аудан тұрғындарының амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтылуы 100 пайызды құраған. Ішкі қызметті пайдалану 88 пайызды құраса, сыртқы қызмет 36 пайыз болған. 21 адам компьютерлік және магнитті-резонансты томографиядан өткен.
Азамат Темірбеков