ТОП

Профессор Мағзұмовтың құрметіне зертхана ашылды

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде танымал тарихшы, саясаттанушы Марат Мағзұмовтың құрметіне қоғамдық-саяси зерттеулер лабораториясы ашылды. Салтанатты рәсімге ғалымның әріптестері, шәкірттері мен достары келді.

– Бұл – біздің университет үшін маңызды оқиға. Марат Түсіпжанұлы ШҚУ-да жарты ғасыр қызмет етті. Ол саяси құбылыстарды сауатты зерделей білген еді, бұл ретте оған тең келер ешкім болмады. Біз жастардың аға ұрпақты ұмытпауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз, – деді Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген.

Зертханаға профессордың ғылыми мақалалары, еңбектері қойылған. Олар – Қазақстан тарихы және Рухани жаңғыру кафедрасының студенттеріне құнды азық. Сессияға дайындық, дипломдық жұмыстарды жазу кезінде кеңінен қолдана алады. Зертхананың іс-тәжірибелік мәні зор, онда ғылыми семинарлар, конкурстар, дөңгелек үстелдер өткізуге болады.

– Марат Түсіпжанұлының арқасында менің саясат саласындағы дағдыларым дамыды. Ол бізді өз жерімізді, Отанымызды сүюге үйретті. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшінің адамдармен қалай қарым-қатынас жасау керектігін де түсіндірді. Соның нәтижесінде мен биік белестерді бағындырдым. Ұстазымыздың атын өшірмей, ұлықтап жатқан ректорға рақмет! – деді Марат Түсіпжанұлының алғашқы шәкірттерінің бірі, Ұлан аудандық мәслихатының депутаты Нұртай Тілеужан.

Профессордың қызы Эльмира Мағзұмова зертхана ашқаны үшін университет басшылығына зор алғысын білдірді.

– Бұл бастама әкемнің есімін ел есінде мәңгі қалдыруға, оны университет пен облыс тарихына енгізуге мүмкіндік береді. Студенттер мен зерттеушілер әкеміздің ғылыми еңбектеріне, кітаптарына сүйенуі үшін біз барлығын зертханаға беріп отырмыз, – деп атап өтті математика кафедрасының профессоры Эльмира Мағзұмова.

Профессордың отбасы ШҚУ кітапханасына Марат Мағзұмовтың өзі туралы жазылған кітаптарды да табыстады. Шара соңы «Қазақстандағы саяси ғылым: кеше, бүгін, ертең» атты семинарға ұласты.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button