Медицина

Профессор босандыру қызметіне қатысты дәріс оқыды

Айна Ескенқызы

 Облыстың босандыру қызметінің мамандары белгілі ғалым, медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас анестезиолог-реаниматологы Ағзам Жұмаділовтен дәріс алды.

Облыстың босандыру қызметінің 30-ға жуық маманы қатысқан семинарда акушерлік қызметтегі күрделі жағдайлар талқыланды: преэклампсия-эклампсия, акушерлік көп қан кету, инфузиялық-трансфузиялық терапия, акушерлік сепсис проблемалары, антибиотикалық терапия, механикалық желдету.

Қатысушылардың айтуынша, бұл семинар өзекті мәселелерді талқылау үшін тамаша алаң болды.

-Емдеудегі, диагностикадағы әрбір жаңа бағыт жалпыға ұғынықты жолмен түсіндірілді.  Әрине, алған білімімізді күнделікті тәжірибеде қолданатын боламыз, бұл жүктіліктің асқынуларының санын азайтуға және акушерліктегі ауыр жағдайлардың төмендеуіне ықпал етуі тиіс, — деді Алтай  ауданаралық ауруханасының акушер-гинеколог дәрігері Арайлым Тұрарова.

Өткізілген іс-шара өте өзекті және клиникалар үшін үлкен маңызға ие. Денсаулық сақтау министрлігінің жұмыс тобы халықаралық стандарттарға сүйене отырып, өзгерістер енгізіп, қазақстандық хаттамаларды жаңарту бойынша үлкен жұмыс жүргізген болатын. Ағзам Шаймарданұлы біздің мамандарды пациенттерді емдеудің жаңартылған хаттамаларымен таныстырды.

– Біз өз білімімізді инновациялық технологиялармен жаңарттық және толықтырдық, ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне, облыстың денсаулық сақтау басқармасына, атап айтқанда облыстың штаттан тыс бас  акушер-гинекологы Марат Куксегеновке осы білім беру платформасын ұсынғаны үшін алғысымызды білдіреміз, — деп бөлісті облыстық аурухананың гинекология бөлімінің меңгерушісі Наталья Удалова.

Медицина ғылымдарының докторы, профессор Ағзам Жұмаділов дәрігерлердің біліктілігін арттыру ана мен бала өлімінің алдын алуға мүмкіндік беретінін айтты.

-Мен акушерлік патологиясы бар науқастарға анестезиология және қарқынды терапия жүргізудегі жаңалықтармен бөлісуге келдім. Қазір министрлік осы пациенттерді емдеу бойынша жаңа клиникалық хаттамаларды әзірлеп, бекітті, дәлелді базаны ескере отырып, үлкен жұмыс жүргізілді. Ендігі біздің міндетіміз – әрбір дәрігерге жаңа өзгерістерді, осы инновациялардың артықшылықтарын түсіндіру. Өскеменде клиникалық күрделі жағдайлар бойынша консультациялар да өткіздік. Шығысқазақстандық дәрігерлерінің деңгейі өте жоғары. Бірақ ғылым бір орында тұрмайды, соны әдістер, инновациялық шешімдер шығып жатады. Осы алаңда алған білімдерін өңір дәрігерлері жағдайлары ауыр пациенттерді құтқаруда қолданылатын болады деп сенеміз, — деді Ағзам Шаймарданұлы.

Оқу семинарын өңірде ана мен бала өлімінің алдын алу мақсатында облыстық денсаулық сақтау басқармасы ұйымдастырды. Естеріңізге сала кетейік, ана мен бала денсаулығы мемлекеттің басым бағыттарының бірі екенін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әр Жолдауында қайталайды.

Осы айдарда

Back to top button