Қоғам

ПРОФЕССИОНАЛДАР АШҚАН КӘСІПТЕР

Жанаргүл МҰҚАТАЙ

Шығыста шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде жеке кәсібін ашып, бизнесін өркендетіп жатқандардың саны көбейіп келеді. Шағын және орта бизнестің өңір экономикасындағы үлесі әжептәуір ұлғайып отыр. Кәсіпкерлік саласын дамытуға түрлі мемлекеттік бағдарламалар мен ынталандыру тетіктері қолданылып жатыр. Облыста «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының көмегімен банктен алған несиесінің пайыздық мөлшерлемесін жеңілдікпен төлеп жатқан, мемлекеттен кепілдік алып отырған кәсіпкерлер қатары  да арта түскен.

НЕСИЕНІ 6 ПАЙЫЗБЕН ҚАЙТАРУДА

Өскеменде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры өңірлік филиалының ұйымдастыруымен  өткен  баспасөз турында журналистер кәсіпкерлердің мемлекеттік қолдау бағдарламалары аясында іске асырып жатқан  жобаларымен танысты.

Мереке Сыздықов, «Даму» КД қоры өңірлік филиалының директоры:

– 2022 жылдың бірінші жарты жылдығының қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысында жалпы несие сомасы 13,1 млрд. теңге болатын 209 жоба бойынша субсидиялау келісіміне қол қойылды. Оның ішінде:

«2021-2025 жылдарға арналған Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» бойынша – 11,6 млрд. теңгеге 205 шарт (оның ішінде 1-бағыт шеңберінде 613 млн. теңге сомасына 91 жоба);  «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша – 1,5 млрд. теңге сомасына төрт шарт жасалынды. Ішінара кепілдік бойынша қолдау алған жобалар саны да артты. 2022 жылдың бірінші жарты жылдығында кепілдік беру бойынша жалпы несие сомасы 8,2 млрд. теңге болатын 153 кәсіпкердің жобасына қолдау көрсетілді. Олардың ішінде:

«2021-2025 жылдарға арналған Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде – 6,3 млрд. теңгенің несиелеу сомасына 138 жоба бекітіліп,  кепілдіктер сомасының көлемі 2,7 млрд. теңгені құрады.

Қарапайым заттар экономикасы аясында – кепілдігі 250 млн. теңгені құрайтын 500 млн. теңге несиелеу сомасына 1 жоба; «Даму Оптима» бағдарламасы аясында – кепілдік сомасы 497 млн. теңгені құрайтын 1,2 млрд. теңге несиелеу сомасына 14 жоба бекітілді.

«Даму» қорының көмегімен бизнес жобасын іске асырғандардың бірі Өскемендегі «Ғажайыптар елі» арнайы мектеп-балабақшасы» ЖШС-нің иесі Лилия Мамбурова. (суретте)  Кәсіпкер эмоционалдық-ерік сферасы зақымданған, мінез-құлқы бұзылған, оның ішінде аутизммен ауыратын балаларға арналған Қазақстандағы алғашқы түзету балабақшасын ашқан.

Қазір бұл мектеп-балабақшада   3 жастан 8 жасқа дейінгі балалар айына 55 сағаттық түзету-оқу жаттығуларын жасап, сабақтарын оқып жатыр. Оқу  патенттелген авторлық арнайы оқу бағдарламасы бойынша өтеді.

Ерекше білім беруді  қажет ететін балалардың ата-аналары баласын қайда, қай балабақшаға берерін білмей, әрі-сәрі күйге түсетіні түсінікті. Әлі толық зерттелмеген, емдеудің де бірыңғай тәсілі жоқ аутизм  ауруы осы дертке душар болған сәбилердің  анасы мен әкесін қандай күйге түсіріп келе жатқаны олардың өздеріне ғана аян. Өзі құралыптастардан ерекше баланы жекеменшік немесе мемлекеттік балабақшаға, мектепке беру керек пе, қалай тәрбиелеу керек? Қарапайым балабақшада бала құрдастарын қуып жете ала ма? Міне, осындай ой ерекше балалары бар ата-аналардың бәрін де мазалайды. Кәсіпкер ашқан  мектеп-балабақша олардың бала  болашағына деген үміт, сенімін оятып отыр.

«Ғажайыптар елі» мектеп-балабақшасының  екі қабатты ғимаратында орналасқан сенсорлық интеграция бөлмесі, бассейн, физиотерапия, медицина, ойын бөлмесі және т.б.  бөлмелерде балаларды тәрбиелеп, оқытуға, сауықтыруға қажетті барлық жағдайлар жасалыныпты.

– Бүгінгі күні бізге мемлекеттік тапсырыс бойынша ерекше білім беруді қажет ететін 100-ге тарта бала келіп жүр, тең жартысына жуығы мүгедек балалар. Топтық сабақтар тұрақты негізде өткізіледі, оның ішіне: түзету ырғағы, музыкалық сабақтар, сенсорлық интеграция, шығармашылық сабақтар, арт-терапия, логопедиялық артикуляциялық гимнастика, рөлдік ойындар, тамақ дайындау сабақтары, релаксация кіреді,  – дейді Лилия Мамбурова.

Аутизм спектрі бұзылған балалар санының жыл сайын көбеюіне байланысты, қызмет түрлерін молайтып, сапасын жақсарту мақсатында кәсіпкер 2021 жылдың күзінде «Банк Центр Кредит»  банкінен берілген несие қаражатына ( «Даму» КДҚ» АҚ қолдауымен  мемлекеттік кепілдік беру және субсидиялау бағдарламалары  бойынша) балабақшаға Н.Назарбаев даңғылы мекенжайында орналасқан ғимаратты сатып алған екен. Несие мөлшерлемесі – жылдық 14,75 пайызды құрайды. Оның 6 пайызын кәсіпкердің өзі төлесе,  8,75 пайызы «Даму» қоры арқылы мемлекеттік субсидия есебінен өтеліп жатыр.

Қоғамға, халыққа пайдалы, өзіне тиімді кәсіп көзін тапқан, қаншама жанды жұмыспен қамтыған, осылайша, әлеуметтік маңызды жобаны іске асырып жатқан Лилия болашақта мектеп-балабақшаны бүгінгіден де жақсы жағдайға жеткізсем дейді.

КЕПІЛДІК ТЕ БЕРЕДІ

Бұрнағы жылы облыс орталығынан «Табыс академиясын» ашқан «Сысоева О.А.» ЖК басшысы Ольга Александровна кез  келген баланы дарынды, алғыр да табысты етуге болатынына бек сенімді. Мектепте 25 жылдық жұмыс өтілі бар тәжірибелі педагог Шығыс Қазақстанда алғаш Электронды оқулық оқу-әдістемелік орталығын ашуға бастамашы болған. Ол – математика, жаратылыстану, әлемтану пәндері бойынша мемлекеттік стандартты электронды оқулықтардың авторы, қысқасы, өз мамандығының профессионалы. Мектептен тыс уақытта балама білім алатын балалардың мүмкіндіктері зор екенін жақсы білетін білікті ұстаз тәжірибелі педагогтардың басын қосып, қаладан осындай бірегей оқу орталығын ашқан. Бүгінде «Табыс академиясының» ұжымы балалардың білімі мен дамуына деген бұрынғы стереотиптік көзқарастарды өзгертуде. Осындағы оқушылардың күн сайын көрсетіп жатқан таңғажайып нәтижелері балалардың әлеуеті біз ойлағаннан да шексіз екенін дәлелдей түсуде.

– Бүгінгі әлем балалардан 15, 10 және тіпті 5 жыл бұрынғыдан да мүлде басқа білімді талап етеді, – дейді ол. – Қазіргі білім беру жүйесі бұл қажеттіліктерді 100 пайыз қанағаттандыра алмайтыны анық және біз балаларға олардың әлеуетін ашуға, өзін-өзі дамытуға, өзін-өзі жетілдіруге серпін беруге көмектесуіміз керек. Біз ол үшін қандай әдістерді, қандай бағдарламаларды, оқыту технологияларын және жаттықтыру амалдарын қолдану керектігін білеміз. Бізді  балалардың мега қабілеттерін дамыту бағытында Қазақстанда алғашқылардың қатарында авторлық бағдарламалар жасап, ғылыми жұмыстар жүргізіп, жаппай қолдануға арналған оқу құралдарын жасап жатқанымыз қуантады.

Кәсіпкердің айтуынша орталықтың «Табыс академиясы» ( суретте) деп аталғаны кездейсоқ емес. Орталықтағы «Балаларды жылдам оқыту және есте сақтау қабілетін дамыту», «Мегаменттік арифметика», «Роботтытехника», «Кубик-Рубик курсы», «шебер қаламдар» шығармашылық студиясы, «мектепке жедел дайындық», «компьютерлік ойындар мен мультфильмдер жасау», «Компьютерлік сауаттылық», «Эйдетика («эйдос» бейне.грек )  және іскерлік имидж», «жылдам оқыту техникасы», ағылшын тілі (грамматика), ағылшын тілі (спикинг), қазақ тілі, орыс тілі, қытай тілі, өзін-өзі даярлау, электронды оқулықтар бойынша «Бірге оқимыз» отбасылық оқуы, «IQ-интеллект» танымдық қабілетін дамыту, «күнделікті риторика», «Каллиграфия», «математикалық модельдеу», «екі тілді оқыту» ауызша және жазбаша тілді дамыту сабақтары  балалардың интеллектуалдық қабілеттерін дамытуға үлкен әсерін тигізіп, олардың мектепте, кәсіптік білім берудің барлық  кезеңдерінде үздік оқуын қамтамасыз етеді.

Тәжірибелі мамандарды жинап, өз бизнесін өркендете түсу үшін кәсіпкер «Нұрбанк» банкінен «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 19 пайыздық сыйақы мөлшерлемесімен қомақты несие алған. Қазір алған несиесін жеңілдетілген 6 пайыздық мөлшерлемемен ғана төлеп жатыр. Қалғаны мемлекеттік бағдарлама бойынша субсидиямен жабылуда.

Өскеменде жаңадан ашылған «EAST SMILE»  отбасылық заманауи стоматологиясы тіс емдеп, маржандай етіп ағартып, протез салады. Тіс емханасын ашқан кәсіпкер де өз мамандығының профессионалы болып шықты. 2009 жылы Семей медициналық академиясын дәрігер-стоматолог мамандығы бойынша тәмамдаған  Арай Еркінбекованың (суретте) тіс салып, тіс емдеп келе жатқанына 12 жылдан астам уақыт өткен. Өз ісінің білгірі атанып, сапалы, мінсіз қызметімен халыққа жақсы танылған білікті стоматолог осыдан бір-екі жыл бұрын көп ойланбастан жеке клиникасын ашып, әріптестерін жұмысқа алып, бизнесін бастап кетеді. Осы уақытқа дейін тіс емханасының ғимаратын жалға алып келсе, былтыр несиеге тұрғын үйдің бірінші қабатынан пәтер сатып алып, іші-сыртын жалтыратып жөндеп озық технологиялы құрал-жабдықтарға толтырып, емханаға айналдырыпты. Үлкенді де, баланы да емдейтін отбасылық стоматологияның рентгені де ішінде. Анау алдыңдағы монитор аппақ бітеу тісіңнің түп жағында тығылып, көрінбей жатқан кариес бар ма, жоқ па оны да көз алдыңа әкеп көрсетіп береді. Тіске салынған пломбаны бұрынғыдай он секундта емес, үш секунд ішінде қатырып беретін дүние де жаңадан шығып жатқан  құрал-жабдықтың бірі.  Тіс пломбасын жылдам салуға септігі көп бұл құрал әсіресе кішкентай балаларды емдеуге қажет. Балалардың тіс дәрігері бөлмесінде тыныш отыруына түрлі мультфильмдер көрсетіліп жатқан теледидарлардың да тигізіп жатқан пайдасы көп көрінеді.

Кәсіпкер-стоматолог тіс емханасының ғимаратын биылғы мамыр айында «Қазақстан Халық банкінен»  «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының кепілдік беру және субсидиялау жобасы бойынша «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» бағдарламасы аясында алған.  Несие бойынша  жылдық мөлшерлеме 18 пайызды құрайды, оның 6 пайызын кәсіпкердің өзі төлесе, ал 12 пайызы «Даму» қоры арқылы мемлекеттен субсидияланып жатыр.

Біз көрген, көңілге түйген үш кәсіпкерлік субъектісінің нәзік жанды іскер иелері, олардың бүгінгі кәсібі, қызметі міне, осындай. Отанымызды өркендетер, алға оздырар ізденімпаз, білімді, білікті жерлестеріміз көбейе берсін.

 «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ – кәсіпкерлікті қолдау шараларының негізгі операторы және интеграторы. Қор бағдарламалары үш негізгі бағытта жүзеге асырылады: кәсіпкерлер үшін қаржыландыру көлемін ұлғайту және оның қолжетімділігін арттыру; кәсіпкерлер секторының әртараптануына және оның индустриялды-инновациялық дамуына көмек көрсету; ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге және ШОБ кәсіпорындарына менеджменттік басқару жүйесін оқыту; шетелде машықтандыру, сервистік және ақпараттық қолдау негізінде ШОБ субъектілерінің кәсіпқойлығын арттыру

Осы айдарда

Back to top button