Қоғам

Президенттің өзі ашқан өндіріс

Президенттің өзі ашқан өндіріс


Аймақтың Индустрияландыру картасы бойынша облыстағы маңызды кәсіпорындар қатарын көбейткен Өскемен технологиялық жабдықтар зауыты биылдан бастап өзінің толық қуатында жұмыс істеуге көшті. 2014 жылдың маусымында іске қосылған зауытты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Шығысқа келген сапарында өзі ашқан болатын.

Содан бері зырылдап төрт жыл өте шығыпты. Бүгінде зауытта 200 адам еңбек етіп жатыр. Елбасының қолын алып, құттықтауын тыңдаған зауыт ұжымы Қазақстан Президенті іске қосқан шағын кәсіпорындарының бүгінгі күні өңір, ел экономикасын өркендетуге үлкен үлес қосып отырғанын мақтан етеді.

– Қазақстан Президенті алғаш біздің зауытқа келіп, кәсіпорынымыздың цехына кіріп келе жатқан кезде, қаз-қатар тізілген ұжымның ортасында тұрған менің де жүрегім лүпілдеп қоя берді. Сол шақта Президентті басқа жерден емес, өзім жұмыс істеп жатқан зауытта алғаш көрген менің қуанышымда шек болмады десем артық айтқаным емес. Бұл зауыт өзімнің екінші үйім, өмірім, тағдырым да осы кішкентай өндіріс орнымен байланысқан, сондықтан осыдан төрт жыл бұрын болған сол бір салтанатты сәт, оқиға әлі күнге дейін жанымда жаңғырып тұр. Кешкісін жұмыстан үйге келген соң екі балама, әйеліме Елбасын қалай тағатсыздана күткенімізді, Мемлекет басшысының біздің ұжымға айтқан ақ тілегін, құттықтауын, бәрін де бір сөзін қалдырмастан айтып бердім. Ұжымымыз үлкен, тату-тәтті. Осындай жаңадан ашылған, Президент өзі ашқан, оның үстіне бүкіл Қазақстанда жоқ өнім шығарып жатқан елдегі, облыстағы ерекше кәсіпорында еңбек етіп жатқанымыздың өзі бізге үлкен қажыр-қайрат беріп, жауапкершілік жүктейді, – дейді зауыттың металл құрастыру цехының слесарь-жинаушысы Николай Қазақстан Президентінің өзі еңбек етіп жатқан Өскемен технологиялық жабдықтар зауытына келіп, жаңа өндірісті ашқан сәтін еске алып (суретте).

Президенттің өзі ашқан өндіріс

Металлургиялық кәсіпорындарға, жылу электр орталықтарына қажетті электр сүзгілерін, механикалық құрал-жабдықтар өндіріп жатқан «Өскемен технологиялық жабдықтар зауыты» АҚ директорының орынбасары Валерий Шехтман зауыт төрт жылдың ішінде талай белестерді бағындырғанын айтты.

– Біздің зауыттың өндіріп жатқан өнімі елімізде ешқайда шығарылмайды. Биыл кішігірім тапсырыстардан басқа үш ірі тапсырыс бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Ресейдің Череповецк қаласындағы «Северсталь» кәсіпорнына электр сүзгілерін, тағы да сол көршілес елдің Краснояр өлкесіндегі Ачинск қаласында орналасқан – «Русал» АҚ-на 400 тонна көлеміндегі механикалық құрал-жабдықтар және Көкшетаудағы «Көкшетау жылу» коммуналдық кәсіпорнының қазандығына арналған электр сүзгілерін дайындап жатырмыз. Көкшетаудағы кәсіпорынға электр сүзгілерін жыл аяғына дейін өзіміз апарып, орнатып береміз. Зауыт тоқтаусыз жұмыс істеп тұр, – дейді Валерий Шехтман (суретте).

Өкінішке қарай, елімізде Индустрияландыру картасы аясында іске қосылған кәсіпорындардың бірі тоқтап қалып, екіншісі өз қуатының 10-20 пайыз көлемінде ғана жұмыс істеп жатыр. Өскемен технологиялық құрал-жабдықтар зауыты сапалы өнімі мен мықты мамандарының арқасында биыл 100 пайыз толық күшінде жұмыс істеуге көшті. Қазір мұндағы еңбек ұжымы екі ауысымда жұмыс істеп жатыр. Таңғы сағат 8-де келген мамандар кешкі 5-ке дейін, кешкі сағат 6-да екінші ауысымға кіріскендер түнгі 1-ге дейін жұмыс істеп, тендерде ұтып алған тапсырыстарды мерзімінде орындап келеді.

Президенттің өзі ашқан өндіріс

Қазіргі күні зауыт өзіміздің Семей қаласының жылу электр орталықтарын да құрал-жабдықтармен қамтып отыр. Осы қаладағы ЖЭО-1 кәсіпорнын күл тұту жүйелерімен жабдықтауда. Зауыт келер жылға Ресейдің «Русал» АҚ-нан тағы да үлкен тапсырыстар алып отыр. Аталған акционерлік қоғамның тендерлік конкурсына қатысқалы отырған өскемендік зауыттың басшылығы ресейлік кәсіпорынның бірнеше жылдан бері сапалы өнімдерімен көңілдерінен шығып келе жатқан технологиялық жабдықтар кәсіпорны өнімдерін таңдайтындарына сенімді. Осы «Русал» АҚ-ның Братск қаласындағы кәсіпорнынан, қазақстандық кәсіпорындардан металлургиялық зауыттарға, ЖЭО-на, қазандықтарға электрлі сүзгілер жасауға тапсырыстар көптеп түсіп жатыр. Өндірісі қарқын алып, өнім өндіру көлемі ұлғайған соң енді тапсырыстар қабылдаудың мүмкіндігі де артқан. Кәсіпорында алдағы жылы тапсырыстар күрт көбейген жағдайда тағы да жұмыс орындары ашылмақ.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button