Қоғам

Президенттің портретін сыйлады

Президенттің портретін сыйлады


Ері елін сүйсе, ерін ардақтайтын ел ағалары да бар. Солардың бірі – Ұлан ауданындағы Жаңа Азова ауылының тұрғыны Сағат Әуелбек. Алпыстың асуынан асқан жерлесіміздің ерлігі – Елбасының портретін зерлеп кестелетіп, Астанадағы Тұңғыш Президент мұражайына өз қолымен табыстаған.

Кесте тіккен келіндер

Сағат – шаруа адамы. Арғы беттен ата қонысқа 2004 жылы қоныс аударға

– Бала-шағамыз атажұртта, туған тілде білім алсын деп келдік, – дейді ол.
Бірде келіні Гүлназдың әлдекімнің портретін кестелеп отырғанын көреді.

– Бақсам, Елбасының бейнесінен аумайды екен. Келінімнен сұрағанымда, ойым рас болып шықты. Барынша әрлеп, мүлтіксіз етіп шығарыңдар деп тапсырдым. Келіндерім Гүлнар мен Гүлзада екеуі де қолдары қалт етсе, қармақ біздерін алып, зерлеп кесте тігуді сүйікті әдет қылған. Ақыры Президенттің портретін ойдағыдай етіп салып шықты, – деп әңгімеледі атамыз.

Сағат қарт, біріншіден, келіндерінің еңбегіне тәнті болса, екіншіден, қолөнердің қадірін насихаттап, осы бір ұлт ажары – кестелеу өнерін бүгінгі ұрпаққа үлгі етуді ойлайды. Сол тұста Сарыарқа төсін дүбірлетіп, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өтіп жатқан еді. Келіндерінің еңбегі жерде қалмасын деп ойлаған Сағат атамыз әдемі туындыны көрмеге апарып тапсыруға бел байлапты. Сөйтіп, әлем көз тіккен ұлы тойға өзіндік үлестерін қосуды парыз санаған.
Көрме билетіне қол жеткізе салысымен, Астанаға асыққан қарттың көңілінің көк дөнені көсілсе, қалам алып, өлең жазатыны да бар-тұғын. Жол бойында Елбасы мерейі мен ел жетістігін арқау етіп, бір ауыз өлең де жазады.

– Көрме табалдырығын аттағанда-ақ керемет сезімге бөлендім. Туған елге оралғаныма бұрынғыдан бетер шүкірлік етіп, онан сайын мақтана түстім. Шетелдік қонақтардың елордамыз бен көрме салтанатына деген таңданысы мерейімді тіптен өсірді. Бар елдің павильондарын аралап көрдім. Өзіміздікі оттай басылды көзіме. Енді сапарымның басты мақсатына кірістім. Елбасының кестеленген портретін көрме ұйымдастырушыларына көрсеттім. Дән риза болды олар, тегі. Осы уақытқа дейін миллиондап келіп жатқан қонақтардан мұндай тартудың болмағанын айтты. Портрет пен өлеңімнің түпнұсқасын алып, Тұңғыш Президент мұражайына қойды. Өзіме Нұрсұлтан Әбішұлының кітабын сыйлады. Ең әдемі сыйлық кітап қой. Марқайып қалдым. Құшақ ашып қарсы алған Астанадан қойныма қуаныш толтырып қайттым.

Бүгінде Сағат қарт елі мен жеріне деген сүйіспеншілігімен, ұлтжандылығымен ауылдастарына үлгі болып отыр. Осы бір қасиеті талай ілгері қадамдарға жетелеп, небір игілікті істерге ұйытқы болыпты

Ойы сергек қария жора-жолдаспен бірігіп, кәсіпкерлікке ден қойған. Ұсақ шаруашылықтарды кооперативке біріктіруге бағытталған мемлекеттік бағдарламаның игілігін көріп отыр олар. 25 отбасы тізе қосып кооператив құрып, мал шаруашылығымен айналысуда. Бұл күнде «Зәулім» шаруашылығының жұмысы ілгері. Үйір жылқы мен отар қойдан бөлек, 400 бас сиыр өрістетіп отыр.

– Бұл – өзі көп ойланып-толғанып келген байламымыз. Әуелде «іс ілгері баса ма, жоқ па?» деген қорқыныш болды. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді қазақ. Көп түкірсе, көл екен. Өз арамыздан басшы сайладық. Бас есепшіміз де бар. Ауыл әкімі Арна Дамдыбаев та өзіндік қолдауын білдіріп отыр. «Зәулім» – бұл күнде Ұлан ауданы бойынша алдыңғы қатарлы кооперативтердің бірі, – дейді кәсіпкер қарт.

Сағат Әуелбек – бұл күнде төрт баланың әкесі. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, тоғыз немере сүйіп отыр.

– Осы бала-шағаның келешегі деп оралдық атамекенге. Үмітіміз ақталды, рас. Біз осы жерге ат арытып келгенде, қазақ отбасыларының саны саусақпен санарлық еді. Қазір, шүкір, қарасы артып келеді. Ауыл мектебінде қазақ сыныптары артты. Оқу озаттарының ірі додаларда топ жарып жүргенін мақтанышпен айта аламын. Өз немерем жуықта бейнелеуден республикалық байқауда бірінші орын алып келді. Тағы екі әнші балапанымыз Алматыдан күміс алқа тағып қайтты. Айтпағым, біз ел келешегін осы жастарға сеніп тапсырамыз. Елбасымыз да соны баса айтқан жоқ па?! «Рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасының түпкі мәні тереңде деп ойлаймын. Аядай ғана ауылымызды осы бағытқа бетбұрысты көремін. Солай болуы да тиіс қой.

Осыны айтқан кейіпкеріміз ел ағалары мен ауыл әкімінен тартып талай азаматтарға алғысын жаудырды. Бастысы – Елбасына, ел ертеңіне үлкен үмітті сеніммен қарайды. Үміті ақталсын!

Оразай Жеңісұлы

Осы айдарда

Back to top button