Руханият

Президентке эстафета жолдаған қыз

Ұлы  Абайдың 175 жылдық  мерейтойын мемлекеттік деңгейде атап өту жөнінде Мемлекет басшысының мамыр айында Жарлыққа қол қойған сәтінен бастап, ақын өлеңдерін оқудан эстафета басталып кеткен-ді. Өткен жылы  әлеуметтік желіде ақынның өлеңін жатқа оқып, эстафетаны Мемлекет басшысына жолдаған сүйкімді қыз Ләйлім Рысқалидың ата-анасы – Шығыс Қазақстан облысынан.

Әкесі Ерлан Рысқали Аягөз ауданының тумасы, белгілі дәстүрлі әнші. Тұңғыш Президент–Елбасы сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбегі сіңірген қайраткері, халықаралық ән байқауларының бірнеше дүркін жеңімпазы болса, анасы –  «Қазақ радиолары» директорының кеңесшісі, журналист Жадыра Жұмакүлбай. Жадыраның кіндік қаны тамған жері – Абай ауданы. Ал Ләйлім Ерланқызы  Астанадағы № 73 физика-техникалық мектеп-лицейінің оқушысы, жасы – 10-да. Ұстазы, сынып жетекшісі – Нұргүл Әлімбаева. Ел Президентіне эстафетаны жолдаған сәтте былтыр 9 жаста болатын. Ләйлім бүгінде Абайдың 80-нен астам өлеңін жатқа айтады.

-Шынын айтқанда, Мемлекет басшысына Абай өлеңінен үзінді оқып, эстафета жолдау идеясы Ләйлім тарапынан болды. Анасы екеуіміз бастабында өлеңді тікелей Президентке  жолдауына қарсылық таныттық. Қанша айтқанмен, Мемлекет басшысының қат-қабат шаруасына бөгет болармыз деп ойлағанбыз. Дегенмен, Ләйлімнің айтқанынан да шыға алмағанымыз рас. Ол Абай өлеңінен үзінді оқып, эстафетаны Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Ақпарат министрі Дәурен Абаевқа және «МузАрт» тобының әншісі Сәкен Майғазиевке  видеоға жазып, Фейсбуктегі менің парақшам арқылы жолдадық. Қуаныштысы, олар оны қабыл алып, ары қарай жалғады. Эстафетаны қабылдап, ары қарай жалғаған Қасым-Жомарт Кемелұлына отбасымыздың атынан алғыс айтамыз. Қазақта «Ұлық болсаң, кішік бол!» деген мақал бар ғой. Өзінің тығыз жұмыс кестесіне, қат-қабат шаруасына қарамай біздің Ләйлімнің жолдаған эстафетасына жауап беруі Президенттің кішіпейілдігін аңғартады, -дейді белгілі әнші Ерлан Рысқали.

Берікхан Тайжігіт

Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button