Президент тапсырмалары дер кезінде орындалады

Кеше облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ төрағалығымен аппараттық кеңес болып өтті. Кеңесте Президенттің облысымызға жасаған жұмыс сапарының қорытындысы шығарылып, алдағы уақытқа белгіленген міндеттер бойынша тиісті орындардың басшыларына нақты тапсырмалар берілді. – Өткен аптада Елбасы облысымызда болып, біздегі атқарылып жатқан жұмыстарды көзімен көрді, өзінің оң бағасын берді. Оның бәрі әрине, сіздердің арқаларыңыз. Облыс басшылығы атынан аудан-қалалардың әкімдеріне, басқармалар, департаменттер, оқу орындары мен кәсіпорындар басшыларына алғыс айтамын, – деп жиынды ашқан аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ Президент жүктеген бірқатар міндеттерге тоқталды.
Тапсырмаларды тарқатып айтпас бұрын облыс әкімі маусымның 29-ы күні Астана төрінде қазақ күресінен төртінші рет өткізілген «Қазақстан Барысы» турнирінде бас жүлдені олжалап, «Алтын белбеу» мен «Алтын тайтұяқтың» биыл да Шығыста қалуына бар күшін салған жерлесіміз Мұхит Тұрсыновтың тамаша жеңісімен баршаны құттықтады. Және бүгін, Өскемен әуежайынан «Қазақстан Барысы» атанып, мұқым республика жұртының алдында өңіріміздің мерейін тасытқан балуан ұлды салтанатты жағдайда қарсы алып, оның құрметіне Ертістің жағалауындағы амфитеатрда мерекелік іс-шара ұйымдастырылатынын тілге тиек етті.
Сондай-ақ, өткен аптада Зайсан ауданында облыс әкімінің жүлдесіне арналған халықтық спорт ойындарын жоғары деңгейде ұйымдастыруға және өткізуге атсалысқан, қол ұшын созған барлық жауапты орындарға, аталған ауданның басшылығына ризашылығын жеткізді.
Елбасының облыс активінде айтқан ескертулеріне байланысты бүгінде аймақ басшысы өзінің орынбасарларына, аудан-қалалардың әкімдеріне, облыстық басқармалар, департаменттер басшыларына нақты тапсырмалар жүктеген-ді. Енді осы міндеттерге тоқталсақ. Бірінші кезекте индустриялық-инновациялық бағдарламаға енген барлық жобалардың алдағы уақытта толық қуатында жұмыс істеуін қамтамасыз ету, аудандарда «ҚазАгро» ұлттық холдингі арқылы қаржыландырылатын жобаларды әзірлеу.
Облыстағы индустриялық-инновациялық бағдарламаға енгізілген жобалардың ішінде 9-ы жобалық қуатының 20-30 пайызын ғана қолдануда. Өз кезегінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев Президентке бұл жобалар жыл соңына дейін толық қуатына шығатынын айтып сөз берген. Енді сол міндетті орындау қажеттігін ескертті аймақ басшысы.
Өкінішке қарай, қазір өңірдің Абай, Аягөз, Жарма, Күршім, Шемонайха, Үржар сияқты алты ауданында «ҚазАгро» желісі бойынша бірде-бір жоба жоқ.
Осы ретте аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ аталған аудандардың әкімдеріне тиісті жобалар әзірлеуге үш ай уақыт берді. Егер көрсетілген мерзімде тапсырма орындалмаса, жауапты адамдарға қызметтен босатуға дейін қатаң шара қолданылатын болады.
Әсіресе, ауылдық жерлерде салынатын дәрігерлік амбулаториялардың жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеу, оларды мемлекеттік сараптамадан өткізу жағы бүгінде кемшін соғуда. Соның салдарынан жоспарланған құрылыс нысандарының қолданысқа берілу уақыты кешігуде.
Бұған қоса, аппараттық кеңесте облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ мынадай мәселелерді басты назарда ұстап, тиісті тапсырмалар берді. Олар: өзімізде өндірілетін ауылшаруашылық өнімдермен жергілікті тұтынушыларды толық қамтамасыз ету, тауар айналымы көлемін ұлғайту, Еуразиялық экономикалық одақ аясында Ресейдің және Беларусьтің бауырлас қалаларымен байланысты нығайту, жоғары оқу орындарын бітіріп шыққан жас мамандарды жұмысқа орналастыру, өңірдегі спорттық нысандардың адамдармен толығуын (балаларға тегін, ересектерге ақылы) қадағалау, құрылыс бойынша жыл соңына дейін Өскемендегі қан орталығының, Глубокое кентіндегі аудандық аурухананың және жеті ауылдық дәрігерлік амбулаторияның құрылысын аяқтау, барлық жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеу, жаңа мектептердің дер кезінде қолданысқа берілуін қамтамасыз ету, облыс орталығындағы және Семейдегі тұрғын үйлердің қасбетін ретке келтіру, қаржы игеру, инфляцияны тұрақтандыру және басқалар.