Қоғам

Президент келіп, дем берген

Президент келіп, дем берген


Қазіргі нарықтың басты талабы – бәсекелестік. Ол жоқ жерде сапа туралы сөз қозғаудың өзі артық. Семейде осы талапты ескеріп қана қоймай, аз уақыттың ішінде бәсекелестерінен оза шапқан кәсіпорындар да жоқ емес. Ашылғанына небәрі төрнт жыл болған «Kondiz» кондитерлік фабрикасы ішкі сұранысты қамтумен қатар, өнімді экспортқа шығара бастады. Ал бұл кәсіпорынға 2015 жылы Мемлекет басшысы келген еді.

Елбасының өңірлерге сапары кезінде көптеген нысандардың іске қосылатыны рас. Президент келіп кеткеннен кейін қарқынына қарқын қосқан кәсіпорындар жетерлік. Солардың қатарына «Kondiz» ЖШС-ін жатқызуға әбден болады. Тәттілерді дайындауды жолға қойған компания бүгінде осы саланың алпауыттарымен терезесі тең. Мұнда айына 1300-1500 тоннадай өнім әзірленсе, жылдық қуаты 2, 5 млн. тоннаға дейін барады екен. Қызметкерлердің ұзын саны – 130 адам. Қуантарлығы, басым бөлігі жастар. Жұмыс жартылай автоматтандырылған. Серіктестіктің жарақтандырылуы көз сүйісінтеді. Заманауи қондырғылар өндірісті әлдеқайда жеңілдетеді дейді мұндағылар.

– 2014 жылы алғашқы өнім шығарылды. Сол кезде негізінен алты өнім түрін дайындау қолға алынды. Олар – крекер және қатты иленген қамырдан әзірленетін печенье түрлері болатын. Уақыт өте келе жаңа қондырғыларды сатып алып, қантты печенье шығарыла бастады. Мамандарға келсек, бізде кондитерлер, технологтар, химиктер, наубайшылар, қамыр илегіштер, қаптаушылар және тағы да басқа қызметкерлер жұмыс істейді. Алдымен рецептура дайындалады. Үлкен зертханамыз бар. Сонда өнімнің тәжірибелік нұсқасы пысықталады. Бұдан соң дегустация жүргізіледі. Егер өнімнің дәмі әрі сыртқы пішіні талапқа сай келсе, өндіріске жөнелтіледі. Қолданылатын шикізат қазақстандық, ал хош иістендіргіш еуропадан тасымалданады. Әйтсе де ұн, қант және майлы өнімдерді отандық өндірушілерден алуға тырысамыз. Әр печенье түрінің технологиялық картасы болады. Соған сәйкес, арнайы қамыр иленеді. Әрмен қарай ол өндірістік желілер бойынша жіберіліп, қалып келтіріледі. Осыдан кейін өнім пісіріліп, салқындатылады. Қаптаулы дайын күйінде тұтынушыға жіберіледі. Бір кезекшілікте 12 тонна шамасында өнім шығарылады, – деп атап өткен кондитерлік фабриканың бас технологы Наталия Ипатова әр өңір ерекшеліктеріне байланысты алуан түрлі тәттілерге тапсырыс беретінін айтты.

Ғылыммен біте қайнасқан

Кәсіпорынның ерекшелігі сол, мұнда өндіріс ғылыммен біте қайнасқан. Атап айтқанда, үлкен кешенді зертхана әзірленетін өнім түрінің сапалы шығуына кепілдік береді. Мәселен, кондитерлік өнімді дайындауда қолданылатын шикізатпен басқа да материалдар алдымен осы жерде кешенді зерттеуден өтеді. Сол сияқты аралық бақылау да дәл осында жасалады. Дайын печенье түрлері де инженер-химиктердің рұқсатынсыз саудаға жіберілмейді екен.

– Барлық өнім түрлерінде сапа талаптарын кәуландыратын деклорациясы бар. Технологтар бөлімімен бірлесіп, дайын өнімге қатаң бақылау жүргізіледі. Зертхананың жұмысына көп нәрсе байланысты. Егерде дұрыс сараптама жасалмаса, өнімнің талапқа сай келуі екіталай болады. Мысалы, ұн залалданған немесе ұлпасы төмен болса, қамыр өндіріс желісінде шала пісірілуі ықтимал. Біз үшін ең бастысы, қолданылатын шикізат жоғары сапалы болуы тиіс. Өйткені, әрбір тұтынушы біз үшін аса қымбат және фабриканың беделі әрдайым алдыңғы орында тұрады. Тұтынушылардан жағымды пікір есту біз үшін спортшылардың жүлде алуымен тең, – дейді кешенді зертхананың басшысы Назым Асқарова және осында қызмет істейтін инженер-химик Надежда Катран.

Тау қопаратындай қуат алдым

Дәл осы Назым Асқарова 2015 жылы Елбасымен тікелей кездескен-ді. Сол кезде Нұрсұлтан Әбішұлының фабрикаға келуі осындағы мамандарға ерекше әсер берген көрінеді. Олай дейтініміз, Мемлекет басшысының қатардағы жұмысшылармен емен-жарқын сұхбат құруы ұжымды айтарлықтай шабыттандырыпты. Демек, бүгінгі жетістіктердің құпиясы осында жатса керек.

– Ол кезде қандай сөз айтқаным есімде жоқ. Бір анығы, қатты уайымдадым. Алайда ол кісінің энергетикасы адамға әсер етпей қоймайды. Осыны тәуір сездім. Әрине, біз оның келуіне дайындалдық, бірақ Елбасының бізбен қалай сөйлесетінін, не туралы сұрайтынын елестете алған жоқпыз. Президенттің бойынан сергектік пен еркін рух байқалып тұрды. Таңғаларлығы, онымен тілдескенде уайымдағанымыздың барлығы артта қалды. Қас қағым сәтте ғана әңгімелессек те, ғибратты кездесу болды деп ойлаймын. Осы кездесуден кейін адам тау қопара алатындай қуатқа ие болады екен. Рас, үлкен жігер алдым. Кәсіпорынның құрылғанына көп уақыт өтпеді. Дегенмен, алдымызға қойған мақсатымыз айқын. Болашақта «Snikers», «Mars» сынды біздің де компаниямыздың атағы асып, брендке айналамыз деген ойдамын, – деді жас ана Назым Асқарова.

Президент келіп, дем берген

Экспорттық әлеуеті зор

«Kondizдің» экспорттық әлеуеті де оң жолда. Әсіресе, серіктестіктің өнімі ресейліктердің тарапынан үлкен сұранысқа ие. Қазір фабрика көршілес мемлекеттің Новосібір, Барнауыл, Челябі, Благовещенск секілді ірі шаһарларымен тұрақты байланыс орнатқан. Бұған қоса, семейлік кәсіпорын тәтті тағамдарын Моңғолия, Қырғызстан және Прибалтика елдеріне де жеткізген. Қызмет көрсету географиясы ай сайын кеңейіп келеді. Бұған Семейдің орналасқан жері де жағымды ықпал беріп отыр.

– Әр ай сайын нарығымыз үлкейіп келеді. Қазір басқа қалалармен келіссөздер жүргізілуде. Қазақстанға келсек, Шымкент, Алматы, Талдықорған, Аягөз, Өскемен, Павлодар, Астана, Қарағанды, Қостанай, Рудный, Ақтөбе, Атырау және Орал қалаларымен жұмыс істеудеміз. Әйтсе де өндіріс қуаты толығымен күшіне ену үшін 50-60 қалаға дейін өнімімізді жеткізу қажет. Бұған қауқарымыз толығымен жеткілікті. Экспортқа шығу мақсатында үнемі жаңа өнім түрлерін әзірлейміз. Бұл біржағынан бәсекеге қабілетті екенімізді дәлелдеуге сеп болады. Мемлекет бізге сан түрлі көрмелерге қатысуға мүмкіндік береді. Мұндай жерде біз білмегенімізді толықтырып, тәжірибе жинақтаймыз. Біз тек қана алға қарай ұмтыламыз, – деді «Kondiz» ЖШС директорының коммерциялық мәселелер бойынша орынбасары Әділбек Акимов.

Жақсылық Мұратқали
Семей.

Осы айдарда

Back to top button