Қоғам

Преображенка ауылында балабақша мен амбулатория ашылды

Преображенка ауылында балабақша мен амбулатория ашылды

Кеше облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ жұмыс сапарымен Көкпекті ауданында болып, бірқатар шаруа қожалықтарының жұмысымен танысып, әлеуметтік нысандардың ашылу рәсіміне қатысып, аудан жұртшылығымен кездесу өткізді.

Тұрақтандыру қорындағы өнімдердің көлемін көбейту керек

Алдымен аймақ басшысы аудан орталығындағы жеке кәсіпкер Серік Сұлтановқа қарасты тұрақтандыру қорының өнімі сақталатын қойманың жай-күйімен танысты. Қойманың көлемі 500 текше метрді құрайды, бұл орын 150 тоннаға жуық көкөніс сақтауға арналған. Мұнда кәсіпкердің өзіне тиесілі 50 тонна өніммен қоса, «Ағайынды Зүлфиевтер» шаруа қожалығының 100 тонна өнімі, атап айтсақ, картоп, орамжапырақ, сәбіз, қызылша мен пияз сақталмақ. Жалпы, аталмыш ауданның 5 ауылында 7 осындай қойма салынған. Облыс әкімі қоймадағы өнімнің көлемін көбейте түсу, сондай-ақ, азық-түліктің көктемге дейін бүлінбей сақталуы үшін барлық жағдайды жасау керектігін тапсырды.
Мұнымен қоса, Бердібек САПАРБАЕВ Жақия Шайжүнісов атындағы орта мектепке барып, ондағы шағын орталықты, асхана мен спортзалын аралап көрді, оқушылармен жүздесті. 40 жылдық тарихы бар бұл білім ордасы күрделі жөндеуден жуырда өткен. Сонымен қатар, облыс әкімі орталық аудандық аурухана ғимаратына да бас сұғып, медициналық қызметтің сапасын, науқастардың хал-жағдайларын сұрастырды. Аймақ басшысы аталған екі әлеуметтік мекеменің де жылумен қамтылуына мән берді.

Преображенка ауылында балабақша мен амбулатория ашылды

Бұдан әрі аймақ басшысы Үлкен Бөкен ауылына аялдап, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына әзірлік жұмыстарының барысымен танысты. «Туған жерге – тағзым» акциясы аясында аталмыш елді мекендегі жауынгерлерге арналған ескерткішке жөндеу жүргізілуде. Жұмыстарды атқаруға Мұрат Ұмытпаев, Мұсабек Нұғыспанов, Ержан Уәлиев және өзге де ауылдың іскер азаматтары, сонымен қатар Үлкен Бөкендегі орта мектептің және орман шаруашылығының ұжымдары қаржы құйған. Қазіргі кезде ескерткіш мраморы ауыстырылып, ардагерлер тізімі жаңартылуда және де шырша көшеттері отырғызылып, плита төселіп, қаша, қақпа, орындықтар қойылып жатыр, мұнда тіпті субұрқақ та орнатылатын болады.
Келесі кезекте облыс әкімі Преображенка ауылында болып, «Өрнек» серіктестігі салған жекеменшік балабақшаның ашылу рәсіміне қатысты. Мұнда 40 бала тәлім алатын болады.
– Балалар – мемлекетіміздің болашағы, сондықтан елімізде «Балапан» бағдарламасы қолға алынып, балалар бақшаларының саны артуда. Бүгінгі таңда облыстағы бүлдіршіндердің 98 пайызы мектепке дейінгі тәрбие берумен қамтылған, келер жылы біз бұл көрсеткішті 100 пайызға дейін жеткіземіз. Ал Көкпекті ауданында қазіргі кездің өзінде-ақ балабақшамен қамтылу үлесі 100 пайыздық шамаға жетіп қалды. Мен облыс басшылығы атынан осы ғимаратты салған «Өрнек» серіктестігінің жетекшісі Ержан Қойгелдинге алғыс білдіремін! Осы әлеуметтік нысанның ашылуы арқасында ауылда қосымша жиырма шақты жұмыс орны пайда болып отыр, – деген аймақ басшысы «Өрнек» балабақшасына теледидар мен компьютер тарту етті.
Осыдан кейін аталмыш ауылда екінші әлеуметтік нысан – дәрігерлік амбулатория ғимаратының ашылу салтанаты өтті. Бұл медициналық мекеме ауылдық округтегі екі мың тұрғынға қызмет көрсететін болады. Амбулаторияны салуға «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен 135 миллион теңге қаржы бөлінген.
– Айналдырған бір сағаттың ішінде осымен екінші нысанды пайдалануға беріп отырмыз. Бұл – әрине қуанышты жайт. Мемлекеттің дамуы үшін денсаулығы мықты азаматтар керек. Облыс аумағында осындай 33 амбулатория ашылады, биыл соның 11-і салынып бітті. Оның бірі – осы мекеме. Преображенка – тірек ауыл, ол басқа елді мекендерге үлгі болуы тиіс. Оны көркейтіп, абаттандыру ісіне жергілікті тұрғындар өздері де атсалысуы керек. Ал осындағы мектепті алдағы уақытта жөндейміз, – деді аймақ басшысы өзінің құттықтау сөзінде.
Салтанатты рәсім соңында облыс әкімі «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында келіп, осы амбулаторияға жұмысқа орналасқан жас маман Мәдина Көкпаеваға жаңа жедел жәрдем автокөлігінің кілтін табыс етті.

Ұлы Жеңістің 70 жылдығына әзірлік ойдағыдай

Преображенка ауылында бұл күні Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына орайластырылған «Өшпес ерлікке – тағзым» керуені акциясы өткізілді. Оның шеңберінде ауылдағы мәдениет үйінің алдында мерекелік концерт, түрлі ұлттар өкілдерінің ән-би фестивалі, ұлттық тағамдар мен «Күз тартуы» көрмесі, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі, спорттық іс-шаралар, жастар арасындағы дөңгелек үстел отырыстары ұйымдастырылды. Осы жерде облыс әкіміне аудандағы Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өту жоспары таныстырылды. Қазір Көкпекті өңірінде 15 соғыс ардагері мен 547 тыл еңбеккері тұрып жатыр. Тоғыз Кеңес Одағының батыры шыққан бұл ауданда майдангерлерге арналған 5 мемориал, 5 ескерткіш пен 21 обелиск бар. Соңғы бес жылда ғана мұнда 5 жаңа ескерткіш ашылған.
– Өткенді білмей, болашақты болжау мүмкін емес. Сондықтан Ұлы Отан соғысы жауынгерлерінің ерлігін есімізде сақтау, оларды құрмет тұту – біздің қасиетті борышымыз, – деген аймақ басшысы жиналған жастарға жақсы оқып, отанды сүю қажеттігін жеткізді.
Бастаушы ауылындағы «Ағайынды Зүлфиевтер» шаруа қожалығы да көкөніс сақтайтын қойманы іске қосып отыр. Ондағы көкөніс қорымен және оның сақталу жағдайымен танысқан аймақ басшысы бұл өнімді көктемге дейін сақтап, сол кезде бір-ақ саудаға шығаруды міндеттеді. Бұл жазғытұрым көтеріле бастайтын азық-түлік бағасын ауыздықтауға үлкен септігін тигізбек. Мұнымен қоса, облыс әкімі аталмыш қожалықтың көкөніс алқабына барып, жиын-терін жұмыстарымен танысты.
Самар ауылындағы «ЛИК» шаруа қожалығы – аудандағы беткеұстар өнім өндірушілердің бірі. Мұнда қазір астықты кептіру және ұшыру жұмыстары қызу жүруде. Заманауи механикалық және аэродинамикалық сепараторлар күнбағыс дәнін көлеміне қарай бірнеше сұрыпқа бөледі. Қожалық жетекшісі Михаил Лопаткин мұндай құрылғыларды ауданда алғашқы болып қолданып отырғанын айтады. Олар, сонымен қатар, тек элиталық және бірінші сортты тұқым себуге көшкен. Нәтижесінде өнім көлемі артыпты. 5 мың гектардан астам жері бар шаруашылық негізінен күнбағыс пен бидай өсіреді. Дайын өнім облысқа ғана емес, сондай-ақ, бүкіл республика аумағына тарайды. Аймақ басшысы, мұнымен қатар, осындағы «Мәмбет» қожалығында да болып, жиналған өнімнің көлемін біліп, ұжымның тыныс-тіршілігімен танысты.

Бейбітшілікті көздің қарашығындай сақтау қажет

Іссапар соңында облыс әкімі Самар ауылының мәдениет үйінде аудан жұртшылығымен кездесу өткізді. Ғимарат фойесінде аймақ басшысына «Каскад-Н» серіктестігі қолға алғалы отырған Құлынжон кен орнында алтынды ашық түрде игеру жөніндегі жоба таныстырылды. Аталмыш кәсіпорын іске кіріскен кезде шамамен 250 жаңа жұмыс орны ашылып, өңір қазынасына қосымша қомақты қаржы түсуі тиіс.
Басқосуды ашқан облыс әкімі осы жылдың тоғыз айындағы өңірдің негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері былтырғыдан жоғары болғанын айтып, ендігі уақытта бар мүмкіндікті пайдаланып, жылды табысты аяқтау қажеттігін алға тартты.
– Алдымызда тұрған міндеттердің бірі – күзгі жиын-терін және қысқа әзірлік жұмыстарын аяқтап, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қыс ұзақ әрі қатал болады деп күтілуде. Ендеше, әр күнді тиімді пайдаланып қалу керек, – деді аймақ басшысы жиында.
Кездесу барысында аудан әкімі Дүйсенғазы Мусин ауданның даму көрсеткіштері бойынша қысқаша есеп беріп өтті. Оның мәлімдеуінше, аудан экономикасының өсу қарқыны 9 айда 109 пайызды құрап отыр, барлық жоспарлар асыра орындалған. Алайда, аймақ басшысы Көкпектіде «Құлан», «Алтын асық» сынды жылқы мен қой басын көбейтуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалар аясындағы шаруалардың тым сылбыр жүргізіліп жатқанын жеткізіп, бұл саладағы жұмысты ширату қажеттігін қадап айтты.
Жиында жергілікті атқарушы билік органдарына аймақ басшысы тарапынан қосымша қаражат көздерін іздестіру, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін күшейту, мемлекеттік бағдарламалардың қолдауын пайдалану арқылы егістік алқаптарын ұлғайтып, мал басын өсіру, тұрақтандыру қорындағы азық-түлік көлемін көбейтіп, бағаны ырықтандыру шараларын ширата түсу сынды бірқатар қадау-қадау тапсырмалар жүктелді.
Кездесуде Бердібек САПАРБАЕВ аудан тұрғындарының сауалдарына жауап қайтарды. Көпшілік ішінен шығып сөз алған Марина Федорованың сөзі жиналғандарға ерекше әсер еткенін атап өткен орынды. Самар ауылында туып-өскен ол 1978 жылы Латвияның Рига қаласына оқуға кетеді. Одан соң отбасымен Қырымға көшкен.
– Мен Самар ауылында тұратын әкеме келіп отырмын. Украинадағы жағдайды барлықтарыңыз білесіздер. Қаншама елді мекен айналдырған үш-төрт айдың ішінде жермен жексен болды. Айтайын дегенім, Қазақстандағы бейбіт өмір, ұлттар арасындағы татулық – баға жетпес байлық. Оны соғыс қасіретін өз көзіммен көрген мен жақсы түсінем. Бұл тыныштық пен тұрақтылық – Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ жүргізіп отырған салиқалы саясаттың нәтижесі. Қазақстанның келешегі кемел, болашағы зор, өйткені, сіздерде ауызбіршілік бар, бейбітшілік бар, осыны көздің қарашығындай сақтау қажет, – деді қазір Ресейде тұратын Көкпектінің тумасы.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button