ТОП

Пойыз бен автобус саны артпақ

Шығыстың туризм саласын дамыту жөніндегі жұмыс тобы Алакөл жағалауындағы демалыс базаларының иелерімен кездесіп, алдағы жаз айларында турист қабылдау талаптарын түсіндірді.

Алқалы жиынға 30-ға жуық демалыс базасының иелері мен олардың өкілдері қатысты. Кездесуге келген облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Марат Қабақов хабарлағандай, аймақтың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, жазғы маусымда турист қабылдай алуы үшін кәсіпкерлердің қолында демалыс базаларының барлық санитарлық-эпидемиологиялық талапқа сай келетіні туралы актісі болуы шарт. Бұл құжатты Info.Kazakhstan сайтынан электронды форматта алуға болады. Сонымен қатар бизнесмендер жергілікті жердегі мониторинг тобынан өзіне тиесілі нысанның қызмет көрсетуге толықтай дайын екені туралы актіні де алу керек. Бұған қоса, демалушыларды қабылдау «Ashyq» мобильді қосымшасының көмегімен жүргізілуі тиіс. Кездесуге қатысқан жергілікті бизнес субъектілері қойылған талаптармен толықтай келісетінін жеткізді.

Сонымен қатар басқосу барысында көл жағалауына туристерді тасымалдау мәселесі де сөз болды.

– Үржар ауылындағы әуежайдың уақытша жабылуына байланысты енді туристердің негізгі легі теміржолмен қатынайтыны анық. Осыған байланысты Нұр-Сұлтан, Алматы, Өскемен және Семей қалаларынан Алакөлді бетке алатын пойыздар санын арттырып отырмыз. Жалпы алғанда, аптасына үш рет ұзын саны 3 330 орынға шақталған 69 вагон жүретін болады. Бұған қоса, автобустар саны екі есеге артпақ. Күн сайын Алакөл мен ірі қалалар арасында 768 орындық 16 автобус қатынауы тиіс. Қажет болса, рейстер жиілігін арттыру мәселесін де қарастырамыз, – деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар кездесуде қоршаған ортаны қорғау, өрт қауіпсіздігі, кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау, салық төлеу мәселелері де назардан тыс қалмады.

 

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button