«Posuk titanium» тұңғыш өнімін таныстырды
Кеше облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Өскемен қаласындағы құрылыс нысандарын аралап, бірлескен «Posuk titanium» зауытының алғашқы өнімімен танысты.
Әуелі аймақ басшысы №19 шағын ауданда салынып жатқан тұрғын үйлерді аралады. Аталған нысандар мерзімінде аяқталуы керектігін баса айтқан облыс әкімі құрылысқа қолданылып жатқан материалдардың сапасы мен технологиялардың тиімділігіне назар аударды. Мәселен, №52 жайғасымда орналасқан төрт қабатты тұрғын үй пеноблоктан тұрғызылып жатыр. Үйдің сыртқы қабырғаларына – 240 миллиметрлік, пәтераралық қабырғаларға – 120 миллиметрлік, ал бөлмеаралық қабырғаларға – 90 миллиметрлік блоктар қалануда. Ал №51 жайғасымдағы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында «Алтайстрой» ЖШС салып жатқан үйлердің сырты профильді қаңылтырмен қапталмақ. Серіктестік өкілдері өңір басшысына бұл материалдың кәдімгі керамограниттен кем түспейтінін баяндады. Құрылыс бөліктерін аралау барысында облыс басшысы №37 жайғасым сынды түйткілді нысандардың жұмысын ширатуды қала әкімі Темірбек Қасымжанов пен облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Серік Төленбергеновке тапсырды. Бұдан кейін №30,38,39,66 жайғасымдардағы құрылыс барысымен танысқан облыс басшысы барлық нысандар уақытында тапсырылуы керектігін, күн райы суымай тұрып негізгі жұмыстарды тындыру қажеттігін ескертті.
Облыстық қазақ драма театрының құрылысына бас сұққан облыс басшысы белгіленген жұмыстар қалған бір айдың ішінде бітетініне күмән келтіретінін айтып салды. Басқарма басшысы Серік Төленбергенов те ғимараттың маңына 9700 шаршы метр асфальт төселуі керектігін, күздің қысқа күндерінде бұл жұмыстарды ойдағыдай бітіру мүмкін еместігін айтады. Асфальт төсеу үшін ауа температурасы 10-15 градус жылылықтан түспеу керектігін ескерген жол төсеуші мердігерлер де бұл іске кірісуге құлықсыздық танытып отырса керек. Аймақ басшысы қала әкімдігіне асфальт төсеуге сенімді компаниялармен келіссөздер жүргізу үшін көмек көрсетуді тапсырды.
Бұдан кейін қала ішіндегі Комендантка өзенін әрі қарай абаттандыру жоспарымен танысқан облыс басшысы өзен бойын таза ұстау жөнінде қосымша тапсырмалар берді.
Бұл күні «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ мен Оңтүстік Кореяның «POSCO» компаниясының бірлескен «Posuk titanium» зауытында титанның алғашқы құймасы алынды. 2011 жылы құрылысы басталған зауыттың алғашқы өнімі пештен шыға салысымен өңір басшысының назарына ұсынылды. Салмағы 9,5 мың тоннаны құрайтын алып құйма суытылғаннан кейін асыл металды кесуге арналған қондырғыда бөлшектеліп, өндіріске жіберіледі. Бұл құймалар титан тақталар мен құбырлар жасауға пайдаланылады. Шетелдік мамандар облыс басышысына әлемдегі теңдессіз құрылғының жұмыс жүйесін таныстырды. Кеннен таза металды іріктеп алып, оны арнайы пеште балқыту, балқыған металл сұйығын қалыпқа құю жұмыстары адамның қатысынсыз іске асады. Алайда аталған процестің барлығы бейнебақылау арқылы, монитордан қадағаланады. Мамандардың айтуынша, мұндай өнімділігі жоғары әрі үлкен пеш әлемнің өзге ешбір жерінде жоқ көрінеді. Жоғарыда айтылған 9,5 мың тонналық құйманың біреуі он сағаттың ішінде құйылады. Зауыттың өнімі негізінен мұнай өңдеу саласына арналған. Қазірдің өзінде Еуропа елдері бұл құймаларға үлкен қызығушылық танытып отыр.
Есімжан Нақтыбайұлы