Қоғам

Посткеңестік елдерде EXPO көрмесін өткізген бірінші ел

Технологиядағы табыстарды дүниежүзі халықтарына көрсетуге арналған EXPO2017 көрмесінің өтуіне Шығыс Қазақстан облысы да атсалысты. Біздің облыс жер қойнауынан табылған археологиялық жәдігерлер мен экспозицияларды таныстырып, мерекелік концерт пен ұлттық спорт ойындарын ұйымдастырған болатын.

Астанада 2017 жылы болған көрме «Болашақ энергиясы» тақырыбымен өтті. Шар тәрізді ғимараттың іші бірнеше деңгейден құралып, бәрі жоғары технологиялы хай-тек стилінде жасалды. Әрбір деңгей – белгілі бір энергия түрін, күн, ауа, су энергиясын көрсетеді. Қоршаулар мөлдір әйнектен жасалды. Павильонның ішіндегі «Энергия дөңгелегі» аттракционы да келушілердің қатты қызығушылығын тудырды. Онда екі акробат дөңгелекті айналдырып, акробатикалық трюктерді орындады. Ал кейбір көрме экспонаттарына кез келген келуші қатыса алды. Мысалы, стендте велосипетшілер жылдамдыққа жарысып, энергия өндірді.

Көрмеге 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысып, өз павильондарында көрме ұйымдастырды. Көрмені тамашалауға, шамамен, үш миллионнан астам адам келген. Халықаралық көрмеден екі жыл өткен соң, EXPO-2017 аумағында «Астана IT Университеті» деп аталатын жаңа IT университеті ашылды. Жоғары оқу орны EXPO павильондарының бірін иемденді, қазіргі уақытта жоғары білікті оқытушылар IT технологиялар саласында кадрлар даярлайды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «EXPO-2017 көрмесіндегі біздің елдің басты жетістігі – осы көрмені өткізуді жеңіп алуымыз» деп айтқан болатын. Өйткені Қазақстан посткеңестік кеңістікте өз аумағында кең ауқымды көрме өткізу құқығына ие болған бірінші ел болды.

Үш айға созылған көрме барысында әр облыстың күндері өтті. Шығыс Қазақстан облысы күндерінде астаналықтар мен қала қонақтарына «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенінде археологиялық жəдігерлер жəне экспозициялар таныстырылды. Онда Катонқарағай ауданындағы Берел, Зайсан ауданындағы Шілікті қорғандарынан жəне Ұлан ауданындағы Аблайкит бекініс-монастрінен табылған 3000-нан астам жəдігер көшірмелері қойылған болатын. Сонымен қатар Шығыс Қазақстанда жоспарлы бағдарлама аясында жұмыс істеп жатқан Зейнолла Самашев, Әбдеш Төлебаев, Карл Байпақов сынды ғалымдардың еңбектері де ұсынылды.

«Этноауыл» кешенінде облыстың  қолөнер шеберлерінің көрмесі де болды. Қолөнер шеберлері былғарыдан, ағаштан, түрлі-түсті металлдардан жасалған ерекше туындыларды тарту етті. Мұнымен ғана шектеліп қоймай, келушілерге тоқыма тоқу, ағаштардан бұйымдарды дайындау бойынша шеберлік сағаттарын өткізді.

«ЭКСПО» көрмесіне біздің өңірден апарған экспонаттардың ішіндегі бірейі деп алып асықты айтуға болады. Барлығы 50 мың асықтан қалап отырып жасаған алып асықтың ұзындығы – 4 метр, ал биіктігі – 3 метр. Оны Тарбағатай ауданындағы Ырғызбай әулие мұражайының директоры Болат Тағабай жасаған. Жерлесіміз әлемдегі ең көп асық жинаған әрі ұлттық ойынды насихаттаушы ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енген. Автордың айтуынша, асықты құрастыруға алты ай уақыт кеткен. Болат Тағабай өзі жасаған бұл туындысын еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа сыйға тартатынын айтқан.

– Алып асықты өзімнің және отбасымның атымнан Елбасыға сыйға тартамын деп шештім. Өйткені ол кісі тәуелсіздік алған жас мемлекетіміздің аяққа нық тұрып, жеке дара даму жолына түсуіне көп еңбегін сіңірді. Сондықтан тәуелсіздіктің басында ең бірінші Елбасы тұрады. Мынау әлем қызыға тамашалап отырған ЭКСПО-ның қазақ топырағында өтуіне де Нұрсұлтан Әбішұлы көп үлес қосты, – деген еді Болат шебер.

Жоба авторының пікірінше, елімізге келген шетелдік туристерге қазақтың ұлттық құндылықтарын паш ететін осындай дүниелер болашақта көп жасалуы керек.

«Қазанат» атшабарында облыстың спортшылары ұлттық спорт түрлері бойынша көрсетілімдік қойылымдар қойды. Көкпар, қазақша күрес, аударыспақ сияқты ұлттық спорт түрлері бойынша үздік спортшылар өнер көрсетті. Ұлттық спорт түрлері бойынша арнайы дайындалған 30 спорт атын алып барды.

Күн сайын «Бәйтерек» монументінің алаңы мен Жастар саябағында Шығыстан шыққан Қазақстан эстрада жұлдыздарының қатысуымен ойын-сауық іс-шаралары өтіп тұрды. Роза Рымбаева бастаған қазақстандық эстрада жұлдыздары ән шырқап, өңірдің мәдени күндерінің көркін одан әрі қыздырды. Ауқымды шараның соңы ЕXPO кешеніндегі амфитеатрда «Нұрлы Шығыстан – нұрлы әлемге нұр шашу» атты үлкен концертпен түйінделді.

 

Жасын Қалибек

Осы айдарда

Back to top button