Қоғам

Пошта қызметінің болашағы бар ма?

Пошта қызметінің болашағы бар ма?


Қазір қалай екенін кім білсін, бала күнімізде үлкендер құсап газет-журнал оқымасақ та, сол газет-журналдарды, алыс-жақыннан келіп жататын хат-хабарларды үйді-үйге таратып жүретін пошта қызметкерлерінің бейнесі есімізде қалып қойыпты.

Солардың өз қызметтеріне адалдықтары соншалық, ақпанның ақ түтек боран-шашынына да қарамастан, күз-көктемнің апталап жауатын ақ жаңбыры мен жаз айларының ми қайнатар аптаптарын да елеместен әр үйге тиесілі газет-журналдар мен хат-хабарды кешіктірмей жеткізіп тұратын. Пошта жәшіктері әр үйдің қақпасына немесе шарбағына бекітілетіндіктен, пошташы әр үйдің хат-хабарын жеке-жеке апарып сол жәшікке салуға мәжбүр болатын. Мойнына асып алатын үлкен қоңыр сөмкелері де есімізде. Ондағы аузы-мұрнынан шығара нығап алған газет-журналдары қашан таусылып біткенше тарата беретін. Босаған кезде орталық поштаға барып қоңыр сөмкесін тағы да толтырып алатын да, көше-көшені кезіп кететін. Осылайша құдайдың құтты күні, таңның атысынан, күннің батысына дейін елге қызмет ететін. Бірақ осындай жанкешті жұмыста жүріп, ел естімеген жалақы алып, «Пәленше деген почтальон байып кетіпті!» дегенді естісем, құлағым керең болсын.

Тұтынушы назардан тыс қалмайды

Қазақта «Елу жылда, ел жаңа» деген сөз бар. Бірақ бұл сөздің пошта қызметкерлеріне көп қатысы жоқ секілді. Олай дейтініміз, арада 50 жыл өтсе де, сол баяғы қоңыр сөмке толы газет-журнал арқалаған, қоңыр тірлік күй кешкен пошта қызметкерлері. Адамдары өзгергенмен, атқаратын міндеттері сол қалпы қалған. Жаңарғаны сол, қайсыбір ауылдарды айтпағанда, аудан орталықтарының өзінде хат-хабар тарату бұрынғыдан да қиындап кеткен секілді…

– Қайсыбір үйлерде қарапайым пошта жәшігі жоқ болса, енді бір үйлердің нөмірі жазылмаған. Апарған газет-журналыңды қайда саларыңды білмейсің. Қақпасына қыстырып кетсең, жел ұшырып кетуі мүмкін. Жауын күндері су болып қалады. Ондайда біздің тұтынушылардың «Газетім су болып қалыпты немесе желге ұшып кетіпті» деген арыз-шағымдары да даяр тұрады, – дейді ауылды жердегі пошташылар.

Соңғы 10-15 жылда электронды пошта дейтіннің айы оңынан туып, сіздер мен біз үйреніп қалған бұрыннан келе жатқан пошта қызметінің түрлерін нарық алаңынан аздап болсын ығыстыра бастаған сыңайлы. Бұрындары бір көшенің бойындағы жүз үйдің әрқайсысы төрт-бес газет-журналдан жаздырып алған болса, қазір ол көрсеткіш керісінше азайған. Осыған қарап «Жұрт газет оқымайтын болған ба?» деген ой туады. Ертеректе күнде болмаса да, апта сайын кәдімгі конвертке салынған хат келіп тұрушы еді. Қазір ел хат жазбайтын болған. Жазатындары ұялы телефоннан СМС хабарлама арқылы бір-біріне жіберілетін қысқа да нұсқа мазмұндағы хаттар.

Сөйте тұра кез келген пошта бөлімшесіне бас сұға қалсаң, ұшы-қиыры жоқ кезекте тұрған елді көресің. Біреу үйінің коммуналдық төлемдерін төлеп жатса, енді біреулер салық төлеп, газетке жазылып, ақша аударып, посылка жіберіп деген секілді т.б. пошта қызметтеріне жүгініп жатады. Осыған қарап ақ еліміздегі пошта қызметінің өміршең екендігін аңғаруға болатын секілді.

Бірақ «Кемшіліксіз дүние болмас» дегендей, соңғы кездері ел арасында «Пошта қызметкерлерінің алатын жалақысы өте аз екен. Сондықтан ол жерге кісілер де көп тұрақтамай, кетіп қала береді екен» деген сарында әңгімелер жиі айтылып қап жүр.

Пошта қызметінің болашағы бар ма?

Осы әңгіменің анық-қанығын білмек болып «Қазпошта» АҚ Шығыс Қазақстандағы филиалының басшысы Гүлжан Оралбекқызы Рахымбаеваға хабарласқанбыз.

– Жасырмаймын, біздің пошта тасымалдаушылар 50-60 мың теңгенің көлемінде жалақы алады. Олардың негізгі міндеттері ертеңгілік сұрыпталып қойған газет-журнал, хат-хабар т.б. көрсетілген мекенжайларға жеткізіп беру болды. Бұл – бар болғаны түске дейін атқарылатын шаруа. Қалған уақытта бос. Мекенжай бойынша барған, жүрген жерлерінде тіпті көшеде болсын тұрғындармен тілдесіп, оларды «Қазпошта» АҚ тұтынушылығына үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, кісі тартуларына болады. Ол үшін жалақыларына үстеме бонус төленеді. Ал бір бөлімшедегі тасымалдаушы почтальон жұмыстан кетуге өтініш білдірген болса, орнын басқа адаммен алмастырамыз. Қалай болғанда да тұтынушыны пошта қызметінен тыс қалдыра алмаймыз, – дейді Гүлжан Оралбекқызы.

– Әлгінде «сұрыпталып қойған» деп қалдыңыз ғой, осы жағына тоқтала кетсеңіз.

– Бұл бізге, яғни, облысқа келген поштаға қатысты әңгіме. Мәселен, Алматының пойызы Защитаға кешкілік келеді. Ол пойызбен келген поштаны «Таң атсын!» деп қаңтарып қоя алмаймыз ғой. Оны түнгі ауысымға шығатын арнайы бригада қаланың поштасын бір бөлек, аудандардікін бір бөлек таң атқанша сұрыптап болуы керек. Таңертең «Қазпоштаның» арнайы тасымал көліктері сол жерден поштаны алып, тиісті елді мекендерге тарататын болады.

– Бір түнде сұрыптап үлгіре ме, әлде пошта бұрынғыдай көп емес пе?

– Келетін пошта көлемі әр қалай. Түрлі мерекелер мен науқандарда поштаның көптігі соншалық, үлгермейтін де кездері болады. Бұрындары, ондай жағдайда түнгі ауысымға шыққандар таңертеңгілік жұмыс уақыты біткенде үйлеріне қайтып кетеді екен. Ал сұрыптап үлгермеген поштаны кешкі ауысымға келгенде бірақ сұрыптайтын көрінеді. Ол дегеніміз тұтынушының құқығын бұзу ғой. Мен сол сұрыптаушылардың қасында бір емес, бірнеше түн бірге қона жүріп, барлығын өз көзіммен көрдім. Ақыры олай істеуге болмайтындығын түсіндіріп, қосымша жұмыс қолын шығаратын болдық. Айталық, түнгі ауысымдағылар ертеңгілік үйлеріне қайтып жатқанда, орындарына сағат 8-де күндізгі бригада келіп жұмысты жалғастыра беретін болады.

Барлық аудан газетті шыққан күні алады

– Аудандардың поштасын қандай тәртіппен таратасыздар?

– Облыстық «Дидар», «Рудный Алтай», республикалық «Егемен Қазақстан» және басқа да басылымдарды газет шыққан күні түнгі сағат 2-ден кеш қалдырмай тарата бастаймыз. Бұл жұмыс сегіз бағытта атқарылады. Айталық, Аягөз бағытындағы аудандардың поштасы таңғы сағат 8-дің шамасында Аягөз қаласына дейін жеткізіледі де, ол жерде Үржар ауданынан арнайы келген көлік өздеріне тиесілі поштаны қабылдап алып, сол ауданның бүкіл поштасын Өскеменнен барған адамдарға өткізіп береді. Осы тәртіппен Көкпекті, Жарма, Зайсан, Тарбағай бағытына, Семей, Бесқарағай, Абай аудандарына, Алтай, Үлкен-Нарын, Катонқарағай аудандарының және басқа да облысымыздың барлық елді мекендеріне пошта қызметін көрсетіп жатқан жайымыз бар. Әзірге осы тәртіппен облысымыздың ең шалғай аудандары саналатын Үржар, Зайсан аудандары өздеріне тиесілі поштасын сол күні түс мезгілінде алып отыр.
– Бұларыңыз тамаша тәсіл екен. Олай дейтінім, осыдан бірер жыл бұрын Зайсан, Тарбағатай аудандарындағы оқырмандарымыздан «Газет уақытында келмейді, кейде аптасына бір рет ғана пошта аламыз» деген шағым түскен болатын.

– Иә, осы тәсіліміздің тиімділігінің арқасында сіз айтып отырған ауылдық округтердегі мәселе шешім тапқан. Қазір сол округтер бүгінгі шыққан «Дидар», «Рудный Алтай» газеттерін келесі күні алып отыр. Әрине, «шығынсыз – кіріс болмас» деген, бұрын бұл бағыттағы пошта тасымалдау графигі аптасына екі мәрте болса, қазір үш-төрт рет қатынайды. Ал Семейге аптаның жеті күнінде де пошта тасымалы үздіксіз қатынап тұрады. Болашақта халыққа қызмет көрсетудің басқа да жаңа жобаларын қолға алып жатырмыз. Соның бірі, біз қазан айынан бастап жаңа жылға дейінгі аралықта әкімдіктегілермен, тұрғын үй коммуналдық шарушылығы мамандарымен бірлесе отырып ақпан айынан бастап тұрғындарға коммуналдық төлемдердің топтастырылған түрін, яғни, осыған дейін тұрғындар жылуға, суға, қоқысқа және т.б. төлемдерге түбіртекті жеке-жеке алып, әр қайсысына жеке төлеп келген болса, ендігі жерде бұл топтастырылып бір түбіртек болып келетін болады. Бұл тәсіліміз де көпшіліктің көңілінен шығады деп ойлаймын. Өйткені қазірдің өзінде жақсы пікір білдіріп жатқан тұтынушыларымыз бар. Тағы да сол тұтынушылардың өтінішін ескеріп, орталық базардың маңынан бір бөлімше аштық. Ол тұтынушыларға түнгі сағат 10-ға дейін қызмет көрсетеді. Өйткені адамдардың көпшілігі жұмыс уақытында поштаға барып жүруге қолы тие бермейді.

– Ертеректе ай сайын зейнеткерлердің зейнетақысын пошта қызметкерлері үйлеріне апарып беретін еді ғой, қазір сол қызмет түрін байқамай жүрміз.

– Иә, ол кешегі кеңес заманындағы тәртіп. Ол кезде бүкіл пошта мемлекеттің қамқорлығында болған. Біз де жасы ұлғайған үлкендерімізді поштаға салпаңдатпай, зейнетақысын үйлеріне қуана-қуана апарып берер едік. Бірақ өздеріңіз білесіздер, қазір «Қазпошта» акционерлік қоғам болғандықтан, бізге мемлекет тарапынан көрсетілетін қаржылай көмектің барлығы алынып тасталған. Бір сөзбен айтқанда, өз күнімізді, өзіміз көрудеміз. Қазір зейнеткерлердің жасы 80-нен асқандарына ғана үйіне барып қызмет көрсетіледі. Мемлекеттің бізге беріп отырған бар көмегі осы ғана. Ал қызметкерлеріміздің алатын жалақысын айтпағанда, барлық елді мекендерде орналасқан бөлімшелеріміздің арендасы, оның жылуы мен жарығының төлемі бастан аяқ өзіміздің мойнымызда. Осыған орай облыс бойынша өз-өзін ақтамайтын 12 шағын бөлімшемізді жабуға мәжбүр болдық.

– Жалға алып отырған бөлімшелеріңіздің шығындарын жергілікті аудан, ауыл округтерінің әкімдерімен келісіп, тым болмаса жартылай төлеуге болмай ма?

– Біз бұл бағытта да жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Әзірге, облыс бойынша Үржар ауданының Қабанбай ауылдық округі ғана бізге қолдау білдіріп, түсіністікпен қарап отыр. Болашақта қабанбайлық тұтынушыларымызға арнайы банкомат апарып орнатуды жоспарлап отырмыз.

– Әңгімеңізге рақмет! Еңбектеріңіз жемісті болсын.

Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button