Қоғам

Пошта қызметкерлерінің көңілі жайланды

Пошта қызметкерлерінің көңілі жайланды


Тәуелсіздік мерекесінің күршімдіктерге бірқатар қуаныштар алып келгені рас. Солардың бірі –аудандық пошта байланысы торабына қарасты жаңадан ашылған Қалжыр ауылдық пошта бөлімшесінің ғимараты.

Алдында неше жыл бойы қоныстан-қоныс ауыстырып, әбден шаршаған пошта қызметкерлеріне бұл ыңғайлы да дербес үйді «Қазпошта» акционерлік қоғамы әдейілеп қаржы бөліп, тендерді ұтып алған павлодарлық құрылысшылар аз уақыт ішінде салып берді. Оларға сонымен бірге, өз қарамағындағы учаскесінен осы ғимаратқа арнап жер бөліп беріп, құжаттарының заңға сәйкес реттелуіне барынша күш салып, жәрдемдескен Қалжыр ауылдық округінің әкімі Самат Кентбаевқа да ауылдастары риза.

– Осындағы қызметкерлеріміз тұрақты бір мекен таба алмай, неше жыл бойы сарсаңға түскен еді, – дейді Күршім аудандық пошта байланысы торабы басшысының орынбасары С.Қайшабаева

. – Ақырында, міне, өздерінің дербес кеңселеріне орнығып, көңілдері жай тапты. Осынау тамаша ғимаратта енді халыққа қызметтің түр-түрі жүзеге асатын болады. Атап айтар болсақ, төрт ауылды қамтитын бөлімше төрт бағытта жұмыс істемек. Олардың біріншісі – жеке тұлғаларға кеңес беру, екіншісі – пошта қызметі, үшіншісі – қаржылық қызмет, төртіншісі – агенттік қызметтер көрсету. Осы бағыттар аясында тұрғындар қалаған жерлеріне хат, сәлемдеме, бандероль жіберуге мүмкіндік алады. Мерзімді баспасөзге жазылады, сонымен бірге, коммуналдық төлемдер, салық төлемдерін, ақшалай аударымдар жасайды. Зейнетақыны, жәрдемақыны осы жерден алып, банк және депозит есепшоттарын ашуға болады. Ең қолайлысы, жол жүретіндер бұрынғыдай қалаға тәуелді болмай, ұшаққа, пойызға билетті осы арадан сатып алады. Бөлімшенің тағы бір ыңғайлы ерекшелігі – «Сәлем, теңге!» жүйесі арқылы ақша аударып, оны кез келген бөлімшеден қолма-қол алуға мүмкіндік береді. Осының барлығы ауыл тұрғындары үшін туғызылып отырған қолайлы да нақтылы жағдай.

Пошта аптасына үш рет жеткізіліп отыратын осы бөлімшеде жақында валюта айырбастайтын пункт те ашылмақ. Мұның өзі пайыммен қараған жанды «қалжырлықтар бұдан былай аталған қызметтерді қала тұрғындарымен бірдей деңгейде пайдаланатын болады» деген қанағатты ойға жетелейтіні рас.

Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button