Қоғам

Португалия тұңғыш рет Еуропа чемпионы атанды

Португалия тұңғыш рет Еуропа чемпионы атанды


Португалия – чемпион! Мейлі, топтан әупірімдеп жүріп әрең шықсын. Мейлі, көз тартар көрікті ойын көрсетпей-ақ қойсын. Мейлі, финалдағы қос құраманың аутсайдері атансын. Мейлі шешуші сәтте қарсыластары Криштиану Роналдуға жарақат салып, алаңды тастап кетуге мәжбүр қылсын… Бәрібір тағдырдың бұйыртқан сыбағасы ешқайда кетпейді екен ғой.

Португалдар өз елінің тарихында тұңғыш рет Анри Делоне кубогін иеленді. Естеріңізде болса, 2004 жылы Португалияда өткен Еуропа біріншілігінде алаң иелері финалда гректерден жеңіліп, қол созым жерде тұрған чемпиондықтан айырылып қалған еді. Енді міне, араға 12 жыл салып пиренейлік футболшылар ақтық сында жарыстың қожайындары француздарды ұтып, «күміс құмыраны» төбелеріне көтерді.

Еуро-2016 турнирінің финалын төрткүл дүниенің жұрты түгел тамашалады. Бірінші таймның ортасында жарақат алып, алаңнан жылап кеткен Роналдудың аянышты хәлін де барлығы көрді. Францияның қалай шабуылдағаны, қарсыласының қалай қорғана білгені, бәрі, бәрі миллиондардың көз алдында, көкейінде қалды. Көпшілік футболсүйер қауым, спорт сарапшылары Португалияға сәттілік жолдас болды деп жатыр. Иә, ол да бар. Осы чемпионат барысында бір ғана жеңіске жеткен (ойынның негізгі уақытында) команданың бұлайша ұзаққа «шабуын» басқаша түсіндіру мүмкін емес шығар. Бірақ жалғыз сәттілікпен ғана чемпион атануға болса осы жолғы бас бәйге биылғы біріншіліктің аутсайдері – Исландия құрамасының қанжығасына байланар еді ғой. Жеңіске деген жігер мен табандылықтың, жанкештіліктің, асқақ рухтың және сәттіліктің арқасында «мұз елінің» өкілдері ширек финалға жетті емес пе?! Португалдар да дәл солай. Сондықтан сөз жоқ, олар бұл атақты лайықты түрде иеленді.

Капитандарының қатардан шығып қалғанына жігері жасымай, керісінше, намыстарын шабақтап, қайратына мінген «еуропалық бразилиялықтар» дегендеріне жетті. Қосымша таймда соғылған жалғыз голдың авторы Антонио Эдер болса, нағыз қаһарманға айналды. Бәрінен де дұрыс тактиканы таңдап, шәкірттеріне оңды нұсқау бере білген бас бапкер Фернанду Сантуштың еңбегі адал.

– Менің соққан голым, команданың еңбегінің жемісі. Біз бұл кубокті бүкіл еліміз үшін, бапкерлеріміз және жарақат алса да ойын біткенше алаң жиегінде аласұрып жүрген Роналду үшін жеңіп алдық, – деп ағынан жарылды финалдағы жалғыз голдың авторы Антонио Эдер.

Айтпақшы, Еуропа біріншілігінде үш гол соғып, екі нәтижелі пас берген Криштиану Роналду «Күміс бутса» иегері атанды. «Реалдың» шабуылшысы өзінің бұл сыйлығын командаласы вице-капитан Луиш Наниге сыйға тартты. Ал «алтын бутсаны» алты гол салған француз Антуан Гризманн алды.

Сондай-ақ, Португалия құрамасының шабуылдаушы жартылай қорғаушысы Ренату Санчешке құрлықтық біріншіліктің ең үздік жас футболшысы деген атақ берілді. Бұл сыйлыққа онымен бірге француз Кингсли Команды және өзінің отандасы Рафаэль Геррейру де таласқан болатын. Одан бөлек Санчеш Еуро турнирлердің финалдық кезеңінде өнер көрсеткен ең жас ойыншы ретінде тарихта қалып отыр.

Еуро-2016 доп додасының финалында ең үздік ойыншы атағын Португалия ұлттық құрамасы мен Мадридтың «Реал» клубының қорғаушысы Пепе иеленді.
Еуропа чемпиондарын өз елінде үлкен құрмет күтіп тұр. Португалия президенті Марселу Ребелу де Соуза ұлттық құраманың барлық өкілдерін «Еңбегі үшін» орденімен марапаттауға шешім қабылдады.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button