Поляктар құс фабрикасына қызығушылық танытып отыр
Польшалық кәсіпкерлер өңірімізде салынатын құс фабрикасына қызығушылық танытып отыр. Бұл туралы польшалық «Konspol» холдингінің директоры Конрад Петр Пазганның облыс әкімі Даниал АХМЕТОВПЕН кездесуінде белгілі болды.
Облыс басшысы Даниал АХМЕТОВ ең алдымен польшалық кәсіпкерге өңірдің тыныс-тіршілігі туралы қысқаша баяндап берді. Аймақта атом өнеркәсібі мен металлургия саласының жақсы дамығанын айтқан облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ қазіргі әлемде орын алып отырған бірқатар қиыншылықтарға қарамастан болашаққа үлкен сеніммен қарайтынымызды жеткізді. Сондай-ақ, облыс әкімі аймақта ауыл шаруашылығын дамытудың мүмкіндіктеріне де тоқталды. Жыл сайын елімізге 140 мың тоннадай құс еті АҚШ-тан, ал тағы да 30-40 мың тоннасы Ресей мен Белоруссиядан жеткізілетін көрінеді. Осы орайда ішкі сұранысты қанағаттандыру үшін өңірімізде жылына қуаттылығы 30 мың тонна болатын құс фабрикасын салу көзделіп отыр. Кездесуде облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ польшалық кәсіпкер Конрад Петр Пазганға осы жоба жайында кеңінен баяндап берді.
– Біз бұл жобаны міндетті түрде жүзеге асырамыз. Өйткені, ол біз үшін өте қажет әрі маңызды. Құс фабрикасының құрылысына таңдалып алынған жер географиялық жағынан алғанда өте қолайлы. Егер құс фабрикасы Үржар ауданында орналасатын болса, дайын өнімді Алматы, Павлодар, Талдықорған, Семей, Өскемен қалаларының нарығына оңай әрі тез жеткізуге болады, – деді облыс басшысы.
Сондай-ақ, облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ жергілікті билік пен инвесторлар арасындағы өзара ынтымақтастықтың шарттары туралы айтты. Осы жоба аясында мал азығы базасын құру үшін әкімшілік 36 мың гектар жер бөліп, инфрақұрылымға қажетті жағдайды жасауға әзір. Қазіргі күні жобаның бизнес-жоспары да дайын тұр. Құжат халықаралық талаптардың барлығына жауап береді. Бұл бизнес-жоспар бойынша құрылысқа кететін шығынның басым бөлігін инвестор көтеріп алуы қажет. Ал мемлекет «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы құрылтайшылардың қатарына кіреді.
Өз кезегінде Конрад Петр Пазган облыс басшысына жылы қабылдауы үшін алғысын білдірді.
Осыдан алпыс жылдан астам уақыт бұрын менің атам шағын шаруашылықпен айналысуды жөн деп тауыпты. Сөйтіп, ол ұлғайып, қазір Польшадағы құс етін өндіретін ірі компанияға айналып отыр. Қазір біз айына 12 мың тонна, жылына 150 мың тонна құс етін өндіреміз, – деген Конрад Петр Пазган құс етін қайта өңдеумен де айналысатындарын, дайын өнімдерді Еуропаның түгелдей дерлік еліне экспорттап отырғандарын жеткізді.
– Бұрын біздің Ресейде де үлкен нарығымыз болған. «Макдональдс» дәмханалар желісі үшін құс етін жеткізетінбіз. Енді Ресеймен қарым-қатынасымыз үзілген соң, қазір бизнестің көкжиегін кеңейтудің жаңа мүмкіндіктерін қарастырудамыз, – деді ол.
Кәсіпкер облыста салынатын жылына қуаттылығы 30 мың тонналық құс фабрикасының құрылысына инвестор ретінде қатысу мүмкіндіктерін қарастыратынын жеткізді. Алдағы уақытта тараптар жобаны егжей тегжейлі талқылап, шарттарын нақтыламақ. Егер келісімшартқа қол қойылып, жоба жүзеге асырылған жағдайда Үржар ауданында 1500 жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Мейрамтай Иманғали