Полторанин үшінші орында қалып қойды
Бүгін Риддерде шаңғы жарысынан ел чемпионаты аяқталады. Бір апта бойы республиканың түкпір-түкпірінен келген 100-ден астам спортшы скиатлон мен аралас эстафетадан сайысқа түсіп, өзара мықтыны анықтады.
Айта кетейік, бұл – қысқы спорт түрлері маусымының соңғы ірі жарысы. Жалпы, аталмыш маусымға Универсиада, Азиада мен әлем біріншілігі сияқты дүбірлі додалар тұспа-тұс келді. Бұл байрақты бәсекелерде шығысқазақстандық шаңғышылар ауыз толтырып айтарлықтай нәтижелер көрсетті.
– Соңғы кездері ұзақ жылдар бойы жақсы көрсеткішке жете алмаған аймақтардан чемпиондар шығып жатыр. Мұның өзі жастар арасында бәсеке туғызады. Осылайша, қысқы спорт түрлері дами түспек, – дейді олимпиадалық резервтегі республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің директоры Владимир Кнауб.
Оның сөзіне ерлер арасындағы 30 шақырымдық скиатлон сайысының қорытындысы дәлел бола алады. Бұл жарыста Ақмола облысының өкілі Евгений Величко жеңімпаз атанса (нәтижесі 1:16:23), екінші орынға қостанайлық Виталий Пухкало (1:16:24) жайғасты. Ал біздің Алексей Полторанин 1 сағат 16 минут 29 секунд көрсеткішімен бар болғаны үшінші нәтижені көрсетті.
Есесіне, жастар арасындағы скиатлон бәсекесінде шығысқазақстандық Иван Люфтке тең келер ешкім болмады. Шемонайха ауданының тумасы мәре сызығын екінші және үшінші болып кескен ақмолалық Александр Мухин мен алматылық Александр Воробьевтан оқ бойы озып келді.
Осы скиатлоннан әйелдер арасындағы сайыста да бірінші орынға шығысқазақстандық шаңғышы көтерілді. Анна Шевченко (Павлодар облысы) мен Ольга Мандрыкинаны (Ақмола облысы) артқа тастаған риддерлік ардагер спортшы Елена Коломина кезекті рет жарыс жеңімпазы атанды.
Дегенмен, ерлер арасындағы эстафетада (4х7,5 шақырым) жерлестеріміз екінші орынды қанағат тұтуға мәжбүр болды. Алексей Полторанин, Ердос Ахмадиев, Әсет Дүйсенов пен Сергей Черепанов төрттігі Ақмола облысының спортшыларын алға жіберіп қойды.
Сонымен қатар, чемпионат барысында шаңғышылар классикалық стильдегі жарыста да өзара мықтыны анықтады. Алдыңғы сайыстарда топ жара алмаған Алексей Полторанин 15 шақырымға классикалық әдіспен жүгіру бәсекесінде алдына жан салмады. Дистанцияны 40 минут 22,5 секундта бағындырған Алексей ақмолалық Денис Волотка мен Евгений Величконың алдын орап кетті.
Тағы бір айта кетер жайт, Риддерде бұл күндері биатлоннан да ел чемпионаты өтуде.
Сәрсен Қабылым